Әлем жаңалықтары

Әлем жаңалықтары
ашық дереккөз
Әлем жаңалықтары

Израиль Газа секторын толық қоршауға алды

Израиль ХАМАС-тың Газа секторына соққы беруді жалғастырып жатыр. Газа секторын толық қоршауға алғанын мәлімдеген премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың айтуынша, Палестина аймағына азық-түлік, жанармай және электр энергиясын жеткізу тоқтатылады. «Рейтер» агенттігінің жазуынша, ХАМАС тарапы Израильмен бітімгершілік мәселесін талқылауға дайын. «Израиль шабуылынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 770-ке дейін артты», деп хабарлады сейсенбі күні Газа денсаулық сақтау министрлігі. Министрлік ақпаратына сәйкес, жараланғандар саны 4 мың адамға жеткен. Ал, Газа секторынан жасалған шабуылдардан мерт болған Израиль азаматтарының саны 1 мыңнан асқан. Құрбандар арасында шетелдіктер де бар. Жалпы, Таяу Шығыстағы ахуалдың танышталатын түрі жоқ. Әлемдік қауымдастық қарулы қақтығысты тоқтатуға шақырып отыр. 11 қазанда Египетте Араб мемлекеттерінің лигасы Газа секторындағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізгені белгілі болды. Сондай-ақ, Еуропалық одақ елдерінің Сыртқы істер министрлері Израиль – Палестина қарым-қатынасының ушығуына байланысты шұғыл жиын өткізетіні хабарланды.

Түркі әлемінің нотариалдық одағы құрылды

«Талибан» өкілдерінің мәліметінше, Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясындағы қуатты жер сілкінісі салдарынан 2053 адам қаза тауып, 9240 адам жарақат алған. 1329 үй ішінара зақымданған немесе қираған. Елдің батысында сенбі күні болған 6,3 балдық жер сілкінісі соңғы 20 жылдағы ең жойқын зілзала болды. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, зілзала ошағы Герат қаласынан солтүстік-батысқа қарай 40 шақырымдай жерде болған. Одан кейін магнитудасы 5,9 және 5,5 өте қуатты жерасты дүмпулері орын алған. Ақпарат және мәдениет министрлігінің өкілі Абдул Вахид Райанның айтуынша, провинцияда шамамен алты кент қирап, жүздеген тұрғын үйінді астында қалды.

Тұмаудың төрт жаңа түрі таралуы мүмкін

Жыл соңында әлемге тұмаудың 4 түрлі штамы таралуы мүмкін. Ол коронавирусқа қарағанда әлдеқайда қауіпті, тіпті өлімге әкеп соғуы мүмкін деп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары болжап отыр. Оның ішінде шошқа, гонконг тұмауы сияқты түрлері кездеседі. Дерттің бұл түрі пневмонияға ұқсас, ұзақ әрі ауыр ағымда өтеді. Жыл сайын әлемде маусымдық тұмаудан 650 мың адам ажал құшады. ДДСҰ өкілі Дэвид Набарро: «Коронавирус қайтадан есігімізді қақпаса дейміз. Дегенмен, ДДСҰ-ға күн сайын түрлі қатерлі вирус туралы ақпарат түсіп жатады. Бұл қоздырғыштардан төнетін қауіп жоғары. Сол себепті біз адамдарға үнемі тазалық сақтап, қорғанып жүруге кеңес береміз», – деді.

Нью-Йоркте босқындар мәселесі ушығып барады

Нью-Йорк қаласы миграциялық дағдарысқа тап болды. Қаптап келіп жатқан босқындарды сыйдыра алмаған қала әкімшілігі тіпті мектептердің спорт залын пайдалануға мәжбүр. Нью-Йорк мэрі Эрик Адамс федералдық деңгейде қалаға көмек беру керек деп есептейді. Олай болмаған жағдайда, мегополис бұл мәселені өздігінен шеше алмайды. Әлем астанасы атанған Нью-Йорк босқындар қаласына айналып барады, ол бір жылда 110 мың мигрант қабылдаған. Бұл тіркелген ресми дерек, жасырын жүргендері қаншама?! Сондықтан, 8,5 миллионнан асатын тұрғыны бар қала босқындардың үздіксіз келуінен зардап шегіп жатыр. Мигранттар АҚШ-тың оңтүстік шекараларын заңсыз кесіп өтіп, Нью-Йоркты паналайды. Көбі Латын Америкасынан келген босқындар. Оларды уақытша баспанамен, ас-сумен қамтуға қала бюджеті қыруар ақша жұмсайды. Алып шаһарда ондаған қайырымдылық орталығы жұмыс істейді.

Алтынға бай астероидқа аппарат ұшырмақ

NASA ғалымдары «Күн жүйесінің маржаны» атанған ғаламдағы ең қымбат астероидқа аппарат ұшырмақ. Бұл аспан денесінің жалпы құны 10 квинтиллион долларға тең. Бірақ ғарыш құралы «Психея» астероидына алты жылда жету үшін 3 миллиард 600 миллион километр жүруі керек. Психеяның 90 пайызы алтын, темір және никельден тұрады. Сырт пішіні кәдімгі картопқа ұқсайды, диаметрі – шамамен 226 километр. Негізі бұл астероидты барлық ғарыш державалары зерттегісі келеді. Алайда, алғашқы қадамды NASA жасады. Инженер Дэвид Охтың бұл жобамен үздіксіз айналысқанына 9 жылдан асқан. Оның айтуынша, әуелде бәрі тек сызбалар мен болжамдардан ғана тұратын. Ал, қазір сәтті іске асып жатыр. Ғалымдар арасында «Психея – Жер шарының ядросы» деген жорамал бар. Ғарыш кемесі жоспарға сай сәтті жетіп, астероидқа қонса, бірінші кезекте аталған тұжырымның рас-өтірігі анықталмақ.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар