- Advertisement -

Саяси кеңес құрамы толықты

66

- Advertisement -

«Amanat» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХХIII конференциясы өтті. Күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын қолдау, партияның қоғамдық бірлестігінен Тараз қалалық мәслихатының №22 бірмандаттық сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидат ұсыну, партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.

Кезектен тыс өткен конференцияға 107 делегат сайланды. Оның 86-сы онлайн форматта және партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері қатысты.

Депутаттар кеңесін ашып, ары қарай жүргізіп отырған партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов:

– Жолдаудан туындайтын негізгі міндеттер Тараз қалалық және аудандық фракция отырыстары мен ірі бастауыш партия ұйымдарында талқыланып, түрлі форматтағы 1770 іс-шара өтті. Біздің міндетіміз Жолдауда айқындалған межелі көрсеткіштерді халыққа түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу, Жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыру. Атап айтқанда, соңғы екі жылда саяси реформалар жүргізілді. Қазақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дамудың жаңа сатысына шықты. Осы орайда, Мемлекет басшысының бастамаларының басым көпшілігі жүзеге асты. 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді, – деп атқарылған жұмыстармен бөлісті.

Төрағаның айтуынша, игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл бағытта партияның «Жер аманаты» комиссиясының жұмыс күшімен өңірде өткен жылы 200 мыңнан аса гектар жер мемлекет меншігіне өтсе, биыл жыл басынан бері 100 мыңға жуық гектар жер қайтарылды. Ал, жыл соңына дейін игерусіз жатқан тағы 106 мың гектар жер қайтарылады деп жоспарлануда.

Партияның «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыста жоспарланған қаражаттың 11,5 миллиард теңгесіне несиелерді мақұлдау және есеп шоттарға аудару процесі жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 1314 жоба мақұлданып, 7 миллиард 533 миллион теңге өтінім берген ауыл тұрғындарына аударылған. Жобаларды қаржыландыру бойынша Меркі, Жамбыл және Байзақ аудандары көш басында тұр. Ал, Қордай ауданында бүгінгі күнге дейін небәрі 70-ке жуық жоба қаржыландырылған.

Президент Жолдауда партияның «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өткен болатын. Үкіметке партиямен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырып, жобаның игілігін бүкіл еліміз көруі қажеттігін баса айтты. Бұл жоба өңірде де табысты әрі нәтижелі іске асып жатыр. Атап айтқанда, мамыр айынан бері облыстағы 10 ауданның 100-ге жуық ауылында 7 мыңнан аса азамат оқуға тартылған. Олар оқу барысында қаржылық мәселелерді шешу, ағымдағы несиелерді азайту, қолма-қол ақшаны басқару және шығындарын оңтайландыру сынды қаржылық басқаруды жан-жақты меңгеріп шыққан. Ендігі кезекте аталған жоба Тараз қаласының аумағында жүзеге асырылуда.

Өз кезегінде сөз алған партияның Қордай ауданындағы депутаттық фракциясының мүшесі, «Ізгі іс Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әлібек Омар:

– Жолдау барысында Мемлекет басшысы жалпы кәсіпкерлікті дамыту, соның ішінде орта бизнесті дамытуға жеке тоқталды. Оларға қолдау керек екендігін айтты. Осы ретте кәсіпкер ретінде өзімнің жиһаз құрастыру цехында және басқа да жұмыс орындарында ұсталардың, білікті мамандардың жетіспеуіне байланысты кәсібімізге біраз кедергілер келтіруде. Бұл мәселені шешу ретінде біз аудандағы жұмыспен қамту орталығымен келісімге отырдық. Ол жерде біз Үкімет тарапынан қарастырылған бағдарлама бойынша жұмыссыз адамдарды үш айлық мерзімде оқытып, үйретіп өзімізге мамандар дайындамақшымыз. Енді осы қарқынмен тоқтамай, ауданымызда өңір экономикасының дамуына атсалысуымыз қажет. Біз өз кезегімізде «Amanat» партиясынан сайланған мәслихат депутаттары ретінде осы міндеттерді алдағы уақытта реттілікпен жүзеге асыруға өз үлесімізді қосамыз. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған әрбір жұмысқа белсене атсалысып, Әділетті Қазақстанды құру жолында адалдықпен бірлігімізді көрсету, білім-біліктілігімізді таныту – ортақ борышымыз, – деп аудандағы бірқатар өзгерістерді атап өтті.

Облыстық партия филиалы Саяси кеңесі Бюросының келісімімен, «Amanat» партиясы қоғамдық бірлестігінен Тараз қалалық мәслихатының №22 бірмандаттық сайлау округі бойынша депутаттыққа Рашид Пірмановтың кандидатурасы ұсынылады.

Конференция қарауындағы тағы бір мәселе бойынша, облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің құрамына Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков пен «Taraz 24» телеарнасының директоры, партияның Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі Зарина Қуатова делегаттардың оң дауыс беруі нәтижесінде сайланды.

 

Назерке СӘНДІБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support