- Advertisement -

Ертеңгі күннің нақты бағдары

69

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында мемлекет пен қоғам өмірінің барлық бағыттары бойынша сын-қатерлер мен басымдықтар нақты көрсетілді.

Білім саласына тоқтала отырып, білім сапасын жоғарылату және оқытушылардың біліктілігін көтеру аса қажет екенін атап өтті. Бұл білім жүйесінің дамуын жеделдетеді деп сенеміз.

Жалпы, Президент 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есеге өскенін, сондай-ақ, дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейгенін айтты. Ал, білім саласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынатындығын жеткізді. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынып, жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды деді Мемлекет басшысы.

«Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық- зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан, білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет», – деді Президент Жолдауында.

Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Еліміздің рухани астанасы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз осы білім саласына қатысты ұзақ мерзімге арналған идеологиялық басым бағыттарды талқылап, нақты шешу жолдарын ұсынған еді.

Әділетті Қазақстанды адал азаматтар ғана құрады. Мемлекет басшысы «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуға тиіс», – деді. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы бағытта бізге орасан зор жауапкершілік пен міндет жүктеліп отыр. «Тәрбие тал бесіктен басталатынын» ескере отырып, өскелең жас ұрпақтың бойына адалдық қағидаттарын сіңіреміз десек, ең әуелі оған өзіміз өнеге көрсетер тұлға болуымыз керек.

Президент біздің ұлттық бірегейлігіміз табыстылықта екенін айтты. Бұл ел дамуының маңызды стратегиясына айналуға тиіс. Мемлекет басшысы білімді дамыту арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру керек деп міндет жүктеді, мұны біз абыроймен атқаруымыз керек.

Оқу-ағарту саласының алдына қойылған тағы бір айқын міндет – жастарды, оның ішінде мектеп оқушыларын жаһанданудың қатерлі ықпалынан қорғау. Мемлекет басшысы мектепте тәрбие жұмысы ақсап тұрғанын сынға алды. Әсіресе, оқушылар арасындағы буллинг мәселесі туралы айтылды. Бұл мәселемен қоғам болып күресуіміз керек. Бала тәрбиесіне мектеп ұжымымен қатар, ата-аналар да, отбасы мүшелері де жауапты екенін ұғындыра отырып, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұрпақ тәрбиесіне қоғам белсенділерін, сарапшыларды да араластыруымыз керек.

Мектеп оқушылары арасында жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы да міндет қоя отырып, Мемлекет басшысы «Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы керек» деп атап көрсетті. Оған қоса балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандыру керек деп те тапсырма берді.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Жолдауында және Ұлттық құрылтайда көтерген мәселелері, біздің алдымызға қойған міндеттері мен берген тапсырмалары бойынша барлық білім мекемесінде тиісті іс-шаралар ұйымдастырылып, нақты жұмыстар атқарылады деп сенемін.

 

Айгүл АҚЫЛБАЙ,

«Облыстық жасөспірімдер үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің еңбек нұсқаушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support