- Advertisement -

Тың ойлар тоғысқан форум

95

- Advertisement -

Кеше халықаралық жастар күніне орай, Жас мемлекеттік қызметшілер форумы өтті. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған форумда мемлекеттік қызметтің оң имиджін одан әрі көтеру мәселелері сөз болды. Жас мемлекеттік қызметшілерге қолдау көрсетуді, олардың негізгі миссиясы – елге қызмет ету екендігін түсіндіруді мақсат еткен алқалы жиында адалдықтан айнымау турасында озық ойлар ортаға салынды.

Облысымызда алғаш рет өткізіліп отырған форумға 18 бен 35 жас аралығындағы түрлі салада еңбек ететін 500 жас мемлекеттік қызметші қатысты.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз керек. Олар ең алдымен халыққа, елге адал қызмет етуді міндет етуі тиіс» деп міндеттің нақты бағытын айқындап берді. Бұл жас мемлекеттік қызметші үшін айнымас қағидаға айналуы тиіс. Бүгінгі жас мемлекеттік қызметшілер форумын орынды әрі мәні бар деп есептеймін. Мемлекеттік қызметші бюрократияға, көзбояушылыққа, қызметтің жасанды әрекеттеріне жол берместей жұмыс тәсілін өзгертіп, жаңаша серпінмен қадам жасауы керек. Себебі, қазіргі қоғам мемлекеттік қызметшіден осындай жаңа талаптарды күтеді. Осы бағытта ел алдында адал қызмет етуде бәріңізге сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Лесбек Ілебаев халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы мен әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті екенін тілге тиек етті. Мемлекеттік басқару жүйесі үшін талантты жастарды анықтау және тарту мақсатында Президенттік жастар кадр резервіне кезекті үшінші іріктеу кезеңі осы жылдың қыркүйек айынан басталатыны туралы толық мәлімет берілді.

– Жастар – еліміздің ең белсенді қозғаушы күші. Сіздер жас мемлекетімізді өз білімдеріңізбен, жасампаз еңбектеріңізбен, күш- жігерлеріңізбен қалыптастыруға септігін тигізетін елдің ертеңгі тұтқасын ұстар азаматсыздар. «Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық керек. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы мен әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызу – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті, – деді Лесбек Құралбайұлы.

Өз кезегінде пікірін білдірген Президенттік жастар кадрлық резервшісі, Техникалық реттеу және метрология комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Дәулет Қалдығужин Президенттік жастар кадрлық резерві жобасы туралы мәлімет бере отырып, аталған жоба өзінің білімі мен дағдыларын ел игілігі үшін қолдануға бірегей мүмкіндік бергенін атап өтті.

Жас мемлекеттік қызметшілердің алғашқы форумында жұмыстарына адал бірқатар мемлекеттік қызметшілер және оларды парасаттылықпен тәрбиелеген ата-аналары марапатталды. Атап айтқанда, ақпан айындағы ақ түтек боранда қар құрсауында қалған бір топ жолаушыларды құтқарған Талас ауданы Берікқара ауылдық округінің әкімі Ербол Смаилов Президент әкімшілігінің грамотасымен, ата- анасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының Алғыс хатымен марапатталды. «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының бас жүлдегері, Қордай ауданы Қарасай ауылдық округінің әкімі Гүлжаһан Елемесоваға облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Екі күнге жалғасқан Жас мемлекеттік қызметшілер форумы аясында өткен «Ой шебері» өңірлік зияткерлік сайысының І, ІІ, ІІІ орын иегерлері облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының жүлделі сыйлықтарына ие болды. Форум концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

 Қамар ҚАРАСАЕВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support