- Advertisement -

Дамудың даңғыл жолында

86

- Advertisement -

Облысымызда халық тығыз орналасқан елді мекеннің бірі – Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылдық округі. Округке Қостөбе мен Талас елді мекендері және Талас станциясы қарайды. Мұндағы 1370 аулада 7273 адам тұрады. Халықтың негізгі күнкөрісі – мал және егін шаруашылығы. Бір атап өтерлігі, округте «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асқалы халық тұрмысы жақсара түскен. Округ әкімі Нұрғали Қожабергеновтың айтуынша, бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік жәрдемақы алатын отбасы саны 9 болса, жұмыссыз ретінде тіркелген 17 ғана адам бар екен.

Округте жоба аясында құрылған «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Бүгінгі күні ол шаруашылықты Мәди Сейітқасымов басқаруда. Ауыл шаруашылығы техникасының саны 12, оның үшеуі трактор. Осы техниканың күшімен өткен жылы 99 ауланың 11,8 гектар алқабы жыртылып, игерілсе, биыл 112 ауланың 13,2 гектар алқабы игеріліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы дақылдар орналастырылған. Ал, көктемгі дала жұмыстары барысында 220 гектар егістік алқап өңделіп, бақша дақылдары өсірілуде.

Жобаның бірінші бағыты – үй іргесіндегі жер телімдерін игеру барысында өткен жылы 93,3 гектар жер телімінен қызанақ, қияр, картоп, сарымсақ, пияз, баялды, бұршақ, тәтті бұрыштан 760, жылыжайлардан 205 тонна өнім жиналған. Ал, биыл 1135 ауланың 94,1 гектар жер телімінде көкөністен мол өнім жиналу үстінде. Жылыжай шаруашылығымен айналысып отырған Толқын Төлеулиева, Манар Ашенова, Расілбек Исабековтер ауылдастарына үлгі көрсетіп келеді.

Жобаның екінші бағыты бойынша 78 аулада 930 бас мүйізді ірі қара, 48 аулада 260 бас сауынды сиыр, 126 аулада 784 бас жылқы, 69 аулада 2685 бас қой, бір аулада 400 бас күркетауық бапталуда. Округте алдыңғы жылмен салыстырғанда мал басы 220 басқа өскен. Мал басының артуы ет өндірісінің ұлғаюына әкеліп отыр. Атап айтсақ, бүгінге дейін округте 527 тонна ет, 610 тонна сүт өндірілген. Жалпы, биыл мүйізді ірі қара басы 8507, ұсақ мал 7077, жылқы 784, құс 9650 басқа жеткен.

Жоба аясында ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуға да жол ашылған. Мәселен, ауыл тұрғыны Шовкат Шомуратов шұжық өнімін өндіру үшін 10 миллион теңге несие алды. Ол өткен жылы 38,4 тонна өнім өндірсе, биыл өнім көлемін 45,5 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіпкер 7 адамды жұмыспен қамтып, өнімін Тараз қаласы мен Байзақ ауданының сауда орындарына өткеруде. Сол сияқты 4,5 миллион теңге несие алған Алмас Рахымбердиев 7 жылқы сатып алып, қымыз өндіруде.

Үй іргесіндегі шаруашылығын дөңгелетіп отырған жанның бірі – Саламат Рахманбердиев. Саламат қолында бірнеше жылқы, сиыр, қой ұстап, жыл сайын мал басын өз төлі есебінен көбейтуде. Жас кәсіпкер анасы Айсұлу екеуі бие сауып, қымыз дайындайды. Сиыр сүтінен айран, май, құрт, қаймақ дайындап, өздерінен артылғанын базарға өткереді. Саламаттың үй іргесіндегі шаруашылығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға жасаған іссапарында танысып, жоғары баға беріп кеткен болатын. Ал, Президентпен кездесу Саламатқа үлкен серпін беріп, арманына қанат, мақсатына жол ашқандай болды.

Биыл округте 425 гектар алқапқа масақты дақылдар себілсе, көкөніс 570, қант қызылшасы 140, картоп 35, бақша 3, жүгері 160 гектар алқапқа орналастырылған. Ал, 250 гектарға себілген арпа мен бидай орылып, дәні қамбаға құйылған. Мал азығы 130 гектар жоңышқа алқабынан дайындалуда.

– Біздің округтің азаматтары шындығында да еңбекқор. Олар қанатқақты жобаны дұрыс пайдалана біліп, өздерінің жағдайларын анағұрлым жақсартып алды. Мал басы еселеп өссе, жыл сайын көкөністен де мол табысқа кенелуде. Округте көптеген кәсіпорындар ашылып, кәсіпкерлеріміз бірнеше азаматты жұмысқа тартып отыр. Қанатқақты жоба аясында несиелендірілген 256 ауыл тұрғынының 35-і бүгінде өздерінің 122,6 миллион теңге несиелерін жауып тастаған. Мемлекеттің жасап отырған мұндай қамқорлығына ауыл тұрғындары дән риза, – дейді округ әкімі Нұрғали Қожабергенов.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support