- Advertisement -

Жұмыспен қамту шаралары жүйелі іске асуда

107

- Advertisement -

Биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 3719 адамды тарту көзделген. Осы жылдың алты айында 1237 адам жұмысқа тартылып, жоспар 62,2 пайызға орындалған. Ал, Ұлттық жоба аясында әлеуметтік осал топқа жататын 73 адамға мемлекеттік грант беру жоспарланған.

Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрбол Кәрібайұлының айтуынша, бүгінгі күні өтініш берген азаматтардың 36-сы грант ұтып алған. Оларға 49 миллион 680 мың теңге беріліп, жоспар әзірге 24,6 пайызға орындалған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында алдымызда атқарылатын жұмыстардың негізгі бағытын айқындап берді. Онда қол жеткізген жетістіктеріміз бен шешілуі тиіс мәселелердің бірде-бірі ұмыт қалмаған, қоғамды толғандырып жүрген жағдайлардың барлығының жөн-жобасы айқындалып, оларды оңтайлы шешудің жолдары көрсетілген. Президентіміз экономикамыздың барлық саласын қамти отырып, әр салада атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді. Соның ішінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласы бойынша да біз өзімізге бекітілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарып келеміз. Бүгінгі таңда мемлекеттік грант алған аудан тұрғындарының ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтармен қатар, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айрылған, атаулы әлеуметтік көмек алып отырған азаматтар бар. Қайтарымсыз грант алған азаматтар бүгінгі таңда кәсібін дөңгелетіп, ісінің аясын кеңейтуге осылайша мүмкіндік алды, – дейді Нұрбол Кәрібайұлы.

Ауданда кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша «Бастау Бизнес» жобасына қатысуға онлайн форматта 404 адамнан өтініш түсіп, бүгінгі күні оқуын аяқтап сертификат алғандар саны 275 азаматты құрап отыр. Олардың барлығы да қайтарымсыз гранттан үмітті. Жобаларын қорғап, екінші, үшінші кезеңдерге қатысуда.

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2,5 пайыздық несиені 19 жасқа беру жоспарланған, бүгінгі таңда «Агронесиекорпорациясы» акционерлік қоғамына зерделенуге және мақұлдануға жастар тарапынан 33 бизнес-жоба құжаттары жолданып, оның 26-сы мақұлданған. Ал, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында «Ұлттық жоба» шеңберінде 128 азамат тартылып отыр. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 75 адам жолданған. Еnbek.kz платформасында талап етілетін дағдыларға онлайн оқытуды ұйымдастыру үшін 171 адам қатысып, сертификаттарын алды. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша 2735 адамы бар 491 отбасының өтініштері оң шешімін тауып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

Ұлттық жоба шеңберінде 45 инфрақұрылымдық жобаны іске асырылуға жоспарланған. Бүгінде жұмыс орындарын құру интеграциялық картасы ақпараттық жүйесіне енгізіліп, 189 жаңа жұмыс орны ұсынылған. Оның 131-і уақытша, 58-і тұрақты жұмыс орындары. Қазіргі таңда 24 жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамтылғандар 12,6 пайызды құрап отыр.

«Бүгінгі таңда мемлекетіміздің әлеуметтік саясатын, соның ішінде Президенттің Жолдауындағы әлеуметтік мәселелерді іске асыру аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан негізгі үш бағытта жүзеге асырылуда. Олар халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы төлеу, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету. Мемлекетіміздің ең пәрменді әлеуметтік саясаты өнімді еңбекке ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын жасақтау болып табылатындықтан, Президенттің Жолдауларында халықты тұрлаулы жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп келеді. Бір атап өтерлігі, мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге өздерінің бизнес әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ғана ала алады, – дейді Нұрбол Кәрібайұлы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support