- Advertisement -

Екі ел мәдениеті мен туризмі нығая түспек

41

- Advertisement -

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында қала әкімі Бақытжан Орынбеков Хух-Хото қаласынан келген делегацияны қабылдады.

Әуелі сөз алған шаһар басшысы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларында өзара тығыз байланыста екенін айтып, делегация өкілдерін құшақ жая қарсы алғанын жеткізді.

– Қазіргі уақытта облысымыз сіздермен экономикалық ынтымақтастықты арттыру сатысында тұр. Тараз жері күні бүгінге дейін әлемнің бірқатар қалаларымен бауырластықты сақтап, ұлтаралық достықтың нығаюына өз үлесін қосып келеді. Бауырлас қалаларымыз – Америка құрама штаттарының Фресно мен Манси, Италияның Тревизо, Моңғолияның Хобда, Венгрияның Кечкемет, Қытайдың Сиань, Ресейдің Челябі, Өзбекстанның Самарқанд, Қырғыз мемлекетінің Талас қалалары.

Хух-Хото қаласымен бауырластықты орнату арқылы әлеуметтік, мәдениет, туризм салаларын дамыта отырып, инвестициялық жобаларды іске асырамыз деп ойлаймыз, – деген қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы кездесуге Хух-Хото қаласынан келген делегация өкілдері, кәсіпкерлер, қала басшылары мен облыс әкімдігі басқармаларының өкілдері, ірі кәсіпкерлер қатысып отырғанын мәлімдеді.

Әрі қарай сөз алған Хух-Хото қаласы мэрінің орынбасары Ван Синьой бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастық пен мәдениетті бекемдей түсетінін, алдағы уақытта бірлесе отырып үлкен жобаларды жүзеге асыруға болатындығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, өзара ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай жасауға барлық күш-жігер жұмсалатынын баса айтты.

Бұдан соң Тараз қаласы мен Хух-Хото қаласының бауырластықты орнату бойынша хаттамаға қол қою рәсімі өтті.

Жиын барысында тараптар көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауылшаруашылық салаларының мәселелері жайын талқылады.

Ресми келіссөздер аяқталғаннан кейін Хух-Хото қаласының көне заманнан бүгінге дейінгі тарихы, мәдениеті және этнографиясы туралы бейнеролик көрсетілді.

Айта кету керек, Хух-Хото – 3,4 миллионнан астам тұрғыны бар ішкі Моңғолия автономиялық аймағының ең үлкен қалалық округі және астанасы.

Хух-Хото Қытайдың ірі тарихи және мәдени орталығы болып саналады, өйткені, оның аумағында ғасырлар бойы тарихы бар көптеген ерекше көрікті жерлер бар. Сондай-ақ, бұл қала көшпелі моңғолдардың бірегей мәдениетін жақынырақ зерттеп, тарихи, мәдени және сәулеттік, көрікті жерлерді көргісі келетін көптеген саяхатшыларды тартады.

Сонымен қатар, жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Бейбітбек Жайлыбаев және тағы да басқа ірі компания өкілдері атқарып жатқан жұмыстарына кеңінен тоқталып, алға қойған жоспарларымен бөлісті. Осылайша облысымыздағы және Хух-Хото қаласынан келген ірі кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

***

Түстен кейін Хух-Хото қаласынан келген делегация мүшелері «Энерджи Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.

ЖШС директоры Бауыржан Әсембаевтың сөзіне сүйенсек, бүгінде компанияда 100-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Зауыт жарық диодты шамдарды және электр жабдықтарын құрастырумен айналысады.

Айта кету керек, зауыт Қазақстан нарығын толық қамтамасыз етуге қауқарлы.

Делегация мүшелерімен және «Республика» партиясы өкілдерімен бірге өткізілген конференцияда екі қаланың ынтымақтастығын нығайта отырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды.

Жиында сөз алған зауыт директоры Бауыржан Әсембаев екі қала арасында біріккен кәсіподақ ашуға шақырды. Одан бөлек, өз тараптарынан кәсіпкерлерге тиімді әрі қолайлы ұсыныс бере алатындығын жеткізді.

– Зауыттың негізін қалаушылардың бірі – «Республика» партиясының мүшесі. Онда 56 депутат бар. Партияның ықпалымен, бақылауымен жүзеге асырылатын жоспарлар көп. Бұл жағдай сіздерге кепіл бере алады. Өйткені, партия бақылауға алса, қадамдар анық болмақ. «Энерджи Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Хук-Хото қаласы өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейтініне сенімдімін, – деді Бауыржан Әсембаев.

Ал, қала мэрінің орынбасары Ван Синьой екі қала арасындағы ынтымақтастық нығайып, әртүрлі бағытта дамитындығына сенім білдіретінін жеткізді. Сонымен бірге, арадағы іскерлік қарым-қатынас нығая түсетіндігін айтты.

Компания алдағы уақытта әріптестікті жандандыра түседі деген ниетте.

– Біздің қалада шамдар өндіретін зауыттар бар. Қытайдағы лэд шамдарының өндірісі едәуір дамыған және әлемдегі ең жоғарғы көрсеткішке ие. Сонымен қатар, біз тауарлардың сапасын ғана арттырып қоймай, жаңа өзгерістер енгізіп, экспортқа шығарып отырмыз. Дәл осы бағыт бойынша біз тереңінен зерттей отырып, қосымша талқылайтын боламыз. Бұл инвестиция құятын тарапқа өте маңызды, – деп сөзін түйіндеді Ван Синьой.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support