- Advertisement -

Туған тілдің тұғыры биік

164

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында: «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн. Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс. Сонымен қатар, біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет. Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданылатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ, қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды», – деген болатын.

Сондай-ақ, Президент жауапты қызметкерлерге мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында бірқатар тапсырмалар берді.

Бұл орайда атқарылып жатқан нақты жұмыстар бар. Халықтың ересек топтарына тіл үйретуді облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Тіл оқыту» орталығы және Қордай аудандық тіл оқыту орталығы жүргізіп отыр. Облысымызда мемлекеттік тілді оқытудың «Жол картасы» әзірленіп, бекітілген. Нәтижесінде биыл мемлекеттік тілді үйренушілер саны 4050 адамға жеткен. Жалпы, облыс тұрғындарының 92,6 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Оның ішінде 60,2 пайызы еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын деңгейде. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова өзге тілдермен қатар, мемлекеттік тілдің дамуына ерекше назар аударып келеді. Осы мақсатта Әулиеата жерінде бірнеше маңызды іс-шара өткен. Атап айтқанда, қазақ және ана тілдерін оқыту бойынша әдістемелік көмекпен қамтылған этномәдени бірлестіктердің үлесін арттыру үшін этнос аналарына арналған қазақ тілін үйренудің «Ситуациялық қазақ тілі сабағы», «Мемлекеттік және ана тілін дамытудағы өзекті мәселелер» тақырыптарында семинар-тренинг өтіп, «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді қоғамдық қатынастардың барлық саласына қолдануға бағытталған арнайы жұмысшы тобының отырыстары өтті.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Гүлфариза Маханның қатысуымен Таразда өткен «Қызмет көрсетудегі мемлекеттік тілдің рөлі» атты семинардың да маңызы зор болды.

Осы орайда облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мөлдір Ахметова «Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясында сөйлеген сөзін біз қай кезде де басшылыққа аламыз. Сол жиында айтылған талаптарды бізге тікелей берілген тапсырма деп қабылдап, жұмысты ширатып жатырмыз. Біздің мемлекеттік тіл мәртебесін арттырудағы жұмыстарымыз іс-шаралар өткізумен шектелмейді.

Көптеген мекемелерге барып, қызметкерлерімен бірге тілдің тазалығын талдап, қолдану аясын кеңейту жөнінде ой бөлісіп тұрамыз. Жыл сайын өтетін «БАҚ және мемлекеттік тіл» байқауы да өзінің оң нәтижесін беріп келеді. Біздің өңірде жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі басым. Сондықтан, мемлекеттік тілдің мәртебесін мұнан әрі қарай арттыра беру маңызды. Осы жолдағы істеріміз жалғасын табады», – деді.

Мемлекеттік тіл – баға жетпес байлығымыз. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі:

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – деп жырлады. Мемлекеттік тілді құрметтеу өз алдына, облыстың әр тұрғыны қазақ тілінде еркін сөйлейтін уақыт жетті. Алдағы жылдары ол мақсатқа да жетерміз. Осы бағыттағы жұмыстар көңілге қонады.

 

Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support