- Advertisement -

Газдандыру жобасына қаражат бөлуге дайынбыз

137

- Advertisement -

Еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайылов облысымызға жұмыс сапарын Сарысу ауданындағы «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кешенінен бастады. Үкімет басшысымен облыс әкімі Нұржан Нұржігітов еріп жүрді.

 

Мойынқұмды газдандыруға қолдау білдірді

Мұнда 2022-2026 жылдарға жоспарланған минералды тыңайтқыштар шығаратын ірі химия кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Қазіргі таңда 126 миллион АҚШ доллары игерілуде.

Жобаны «EuroChemGroupAG» акционерлік қоғамы қытайлық серіктестерімен бірге жүзеге асыруда. Жоба толық аяқталғанда 1200 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылатын болады.

Мұндағы жұмыс барысын Премьер- Министрге «EuroChem Group AG» акционерлік қоғамының президенті Олег Ширяев таныстырды. Компания президентінің айтуынша, зауытта жылына 1 миллион тонна әлемдік деңгейде сұранысқа ие тыңайтқыш түрлерін шығаруға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде бұл жобаға Еуропа елдері мен АҚШ, Бразилия мемлекеттері қызығушылық танытуда.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов аталған құрылыстың сапалы аяқталуы керектігін айтып, Үкімет тарапынан қолдау білдіретінін жеткізді.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы өңірдің газдандыру мәселесіне де назар аударды. Бұл жұмыстар барысын облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов баяндап берді. Оның айтуынша, өңірдегі 371 елді мекеннің 92 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Қазіргі таңда Сарысу, Жуалы аудандарында газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуалы ауданының 8 ауылына ішкі желілік құбырлар тартылуда. Сарысу ауданына Түркістан облысы Шаян елді мекені жағынан газ тартылу көзделген. Арақашықтығы 98 километрді құрайды. Бұл жоба келесі жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Шу ауданында 18 ауылды газдандыруға 27 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бірақ, жобалық-сметалық құжаттар 2012 жылы әзірленген. Құрылыс заттарының қымбаттауы шамамен қосымша 14,7 миллиард теңгені қажет етеді. Облыс бюджетіне бұл қаржы ауыр соғады. Сондықтан, облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов осы мәселені айта келе, Үкімет басшысынан Түркістан облысымен газ бөлісу мәселесін де шешіп беруді сұрады. Ал, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов: «Біздің облыста мүлдем газдандыру жүргізілмеген бір ғана аудан бар. Ол – Мойынқұм. Аталған ауданды газдандыруға қолдау білдірсеңіз, облыс халқының 98 пайызы көгілдір отын тұтынуға мүмкіндік алады», – деді.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов: «Біз бүгін Жамбыл облысына сапар барысында ірі зауыттың құрылысын көрдік. Алдағы жылдары 1200 адам осы зауытта жұмыспен қамтылса, үлкен жетістік. Бұл зауыттың өніміне сұраныс көп болады деп жоспарлануда. Өндірілген тыңайтқыш түрлерінің бағасы да жоғары болмақ.

Өңірлерді газдандыру өте өзекті. Сондықтан, қажетті қаражатты бөлдіруге, қолдау білдіруге мен дайынмын. Қаржы министрлігіне тиісті жобалық-сметалық құжаттарды өткізіңіздер. Бүгінгі жұмыс сапарының хаттамасына да бұл мәселелер енгізілетін болады», – деді.

Өндірістің өрісі кеңейеді

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов облысқа жұмыс сапары барысында Шу ауданындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағына атбасын бұрды. Өндірістік аумақта 9 инвестициялық жобаны іске асырып, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Премьер-Министр алдымен арнайы экономикалық аймақтың жоспарларымен және шетелдік инвесторлардың жобаларымен жан-жақты танысты. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өндірістік аумақта атқарылған шаруалар мен алдағы жоспарларды және өңірдің индустриалдық мүмкіндіктерін баяндады. Мұнан соң Үкімет басшысы арнайы экономикалық аймақта жобаларын жүзеге асыруға ниет білдірген инвесторлардың мәселелерін тыңдады. Кремний өндірісін қолға алып отырған қытайлық инвесторлар жылына 1,5 миллион тонна дайын өнім шығарып, он мың жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр екен. Құны 5 миллиард АҚШ долларын құрайтын жоба үш кезеңге бөлінген. Үшінші кезеңде поликремний мен күн батареяларын өндіруді мақсат еткен қытайлық инвесторлар өндірісті іске асыру бойынша көмір отыны, шикізат қоры секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешілгенін атап өтті. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов оларға өндіріс қажеттілігіне қарай жер мәселесін шешуге көмек болатынын жеткізді.

2026 жылға дейін 500 мың тонна, ал 2030 жылға дейін 1 миллион тонна кальцилендірілген сода өндіруді көздеп отырған түркиялық инвесторлар өндіріс аумағына жақын елді мекендер болмағандықтан, теміржол торабының қажеттілігін алға тартты. Логистика мәселесін шешіп берумен қатар, жобаның екінші кезеңінде газдың қажеттілігі болатынын да жеткізді.

Үкімет басшысы түркиялық инвесторларға инфрақұрылым мәселесі толығымен шешілетінін, ол бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне нақты тапсырма беретінін айтты. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақтағы мәселелер тұрақты бақылауында болатынын, мұндағы әрбір жобаның нәтижелі іске асуына Үкімет тарапынан және жергілікті әкімдіктен қолдау көрсетілетінін тілге тиек етіп, өңір өндірісінің өркендейтініне сенім білдірді.

Айта кету керек, аумағы 516 гектардан асатын «Тараз Химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын құру жобасы ең алдымен инфрақұрылым салуды көздейді. Мұндағы мақсат – жобаға жаңа қатысушылардың қатарын көбейтіп, оларға ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетіп, шикізат ұсыну.

Іссапар соңында Үкімет басшысы өндіріс саласына қатысты бірқатар тапсырмалар беріп, инвесторлардың жұмысына сәттілік тіледі.

* **

Таразда кәріз суын тазалайтын кешен салынады

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өңірге жасаған жұмыс сапары облыс орталығымен іргелес жатқан Жамбыл ауданы Қостөбе ауылының маңында орналасқан кәріз тазарту кешенінде жалғасты. Ел Үкіметінің басшысы талай жылдан бері жергілікті жұртшылық үшін көкейкесті мәселеге айналған шайынды сулардың жағдайы әлі реттелмей тұрғанына көңіл бөлді. Жалпы, аталған нысанды үш сатылы тазалау кешенінің жобасы 2028 жылға жоспарланған. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда тәулігіне 100 мың текше метр сарқынды су механикалық және биологиялық тазартудан өтіп, қауіпті химиялық қалдықтары жойылмақ. Нәтижесінде шайынды сумен егіс алқаптарын суаруға мүмкіндік туады деп күтілуде. Айта кетейік, 1962 жылы іргетасы қаланған кешендегі 92 сүзгі картасының барлығы дерлік апатты жағдайда. Нақтылай түссек, алқап шайынды суға толы. Осыны ескерген жергілікті билік биыл 20 гектар жерді бөлген. Аумағы 217 гектарды құрайтын алқаптағы қалдық судан тазарту кезек күттірмейтін шаруа болып тұр. Қазіргі таңда мұнда аталған нысанда алғашқы зерделеу, зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Еуразиялық қайта құру және даму банкінен 340 мың евро бөлінген. Премьер-Министр бұл жобаның техникалық құжаттамасын жыл соңына дейін әзірлеп, құрылысын кешіктірмей бастау керектігін айтты.

Үкімет басшысы келесі кезекте Сеңкібай су арнасы құрылысының барысын тексеріп, вегетациялық кезеңде суды пайдалану тиімділігін арттыру шараларымен танысты. Әлихан Смайыловтың өңірлік ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесуі барысында субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен минералды тыңайтқыштар сатып алу, егістік сумен қамтамасыз ету, құрғақшылық салдарынан болған егін шығынын өтеу секілді бірқатар мәселелер көтерілді. Премьер-Министр қазіргі таңда өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жариялау және Үкімет резервінен қаражат бөлу есебінен фермерлердің шығындарын өтеу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.

– Жоспар бойынша қыркүйек айының соңына дейін барлығы есептеліп, тиісті қаражат бөлінетін болады. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен субсидияларға қаржы бөлу және оларды кешіктірмей төлеу мәселесін жылдамдатып жатырмыз. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының бақылауында, – деді Әлихан Смайылов.

Бұдан кейін жергілікті шаруалар Үкімет басшысына көкейіндегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Мәселен, түрлі қожалық басшылары Несіпкүл Байжанова, Нұрмат Кожаков және Таласбек Шертаев «Жасөркен» гидробекеті қайта іске қосылуына ықпал етуін сұрап, құрғақшылық салдарынан диқандарға келтірілген шығын өтелсе деген тілегін жеткізді. Премьер-Министр гидробекетті қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен 450 миллион теңге қаражат бөлу туралы тиісті министрлікке және әкімдікке тапсырма берілгенін хабарлады. Сондай-ақ, ол диқандарды ылғал үнемдейтін технологияларды қолдануға ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялар түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілетінін атап өтті. Әлихан Смайылов өз сөзінде заманауи суару жүйелерін сатып алуға жұмсалған шығындардың 50 пайызын республикалық, ал 30 пайызын жергілікті бюджеттен өтелетінін айтты. Бастысы, құрғақшылықтан зардап шеккен жамбылдық шаруалардың шығыны да мемлекеттің мойнында болмақ. Бұл үшін жергілікті билік тамыз айының соңына дейін барлық есептерді реттеуі тиіс.

Жалпы, бұл күні Үкімет басшысына өңірімізде «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы жөнінде ақпарат берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен әзірленген жоба 2019 жылы Жамбыл жерінде іске қосылып, өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін дәлелдеген болатын. Айта кетейік, 2019-2023 жылдар аралығында облыс көлемінде жобаны жүзеге асыру мақсатында 42,3 миллиард теңге бөлінсе, нәтижесінде 50 ауылдық округтегі 11 мыңға жуық тұрғын өз кәсібін ашқан.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Жамбыл облысына жұмыс сапары орталық мемлекеттік органдар және облыс әкімдігі басшыларының қатысуымен өткен өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңеспен қорытындыланды.

Басқосуда Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов аймақтың дамуы туралы баяндама жасады.

Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 

Есет ДОСАЛЫ,

Нұржан ҚАДІРӘЛІ,

Есен ӨТЕУЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support