- Advertisement -

Сауда орнындағы салтанат

89

- Advertisement -

Елімізде тойланатын кәсіби мерекелер тізімінде Сауда қызметкерлері күні де бар. Жыл сайын шілденің төртінші жексенбісінде аталып өтілетінін бұл мереке осы салада еңбек сіңіріп, экономикалық дамуға үлес қосып жүрген сауда қызметкерлерін құрметке бөлеп келеді. Атаулы күн қарсаңында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Шу қаласындағы «Сауда-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимаратының алаңында салтанатты жиын өтіп, сазды бағдарлама ұсынылды. Аталған жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Балаби Түменбаев сала қызметкерлерін құттықтады.

– Сауда – экономиканың маңызды секторларының бірі. Сауда жағдайына сәйкес, елдің экономикалық дамуын, халықтың өмір сүру деңгейін бағалауға болады. Ауданымызда 9700-ге жуық кәсіпкер тіркелген. Олар өз ісінің мамандары, жұмыс істеуді білетін адамдар.

Сауда қызметкерлерінің күш-жігерінің арқасында бұл сала дамып, ел бюджеті еселенуде және тауарлар мен қызметтердің түрлері кеңеюде. Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсетудің заманауи форматтары енгізіліп, жаңа супермаркеттер мен қоғамдық тамақтану орындары ашылуда.

Әлеуметтік бағыттағы кәсіпорындар желісі дамып, жаңа жұмыс орындары құрылып отыр. Қандай жағдайда да халықты қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп, жұмыс істеп жүрген барлық сауда қызметкерлеріне алғыс айтамыз, – деген Балаби Әлібиұлы аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлының да құттықтауын жеткізді.

Кезек марапаттауға беріліп, сауда саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосқан жеке кәсіпкерлерге аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Аудандық мәдениет үйінің әншілері жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ, бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығы ерлер және әйелдер арасында гір тасын көтеру, арқан тарту және қол күрес сындары бойынша сайыс ұйымдастырса, оларға аудандық және қалалық Жастар ресурстық орталықтары жүлде тағайындап, жарыс жеңімпаздарын марапаттады.

Осы күні қызықты сайыстың бірін базар басшылығы да өткізді. Олар кәсіпкерлерді белгілі уақыт аралығында қомақты ақшаны жылдамдыққа санау бойынша жарыстырып, шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.

– Менің сауда саласында еңбек етіп жүргеніме бірталай жылдың жүзі болды. Небір қиын уақыттарға куә болдым. Сауда жасау сырттай оңай болып көрінгенімен, әжептәуір ауыр жұмыс. Себебі, күннің суығында, аптап ыстықта кәсіп жүргізудің машақаты мол. Бүгін көңілімізді серпілткен кереметтей шара өтуде. Меніңше, Сауда қызметкерлері күні тұңғыш рет орталық базарда атап өтілуде. Мұндай мереке барын менің әріптестерім де бүгін біліп отыр. Сондықтан, осындай шара өткізген аудан басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді марапат иегері Нұркен Орысбайқызы.

 

Байжан ЕМБЕРДІ.

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support