Әлеуметтің жағдайы әкімдердің назарында ма?

Әлеуметтің жағдайы әкімдердің назарында ма?
ашық дереккөз
Әлеуметтің жағдайы әкімдердің назарында ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің алдына бірқатар міндет қойған болатын. «Билік халықты тыңдап, олардың талап-тілектеріне зейін қоюы керек. Шенеуніктер кабинеттерінде отырмауы керек. Тұрғындармен жұмыс істеуі керек. Әкімдер мемлекеттің саясатын азаматтарға түсіндіруі тиіс», – деген Президент әкімдерге тиісті тапсырма да берген болатын. Қыс мезгіліне дайындық қай салада болмасын үлкен жауапкершілікті жүктейді. Түрлі деңгейдегі әкімдермен қатар, коммуналдық мекемелер үшін де ерте көктемнен қарбалас шақ басталады. Көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен жүз пайыз қамтамасыз ету, газы жоқ ауыл тұрғындарының қатты отынға кедергісіз қол жеткізуіне дейін қым-қуыт тірлік басталып жүре береді. Сондықтан да әр жылда жылыту маусымына дайындықтың кешенді жоспары жасалады. Биыл да ақпан айында облыс әкімінің қаулысымен жылыту маусымына дайындық және оны өткізу бойынша өңірлік штаб құрылып, іс-шаралар жоспары мен жұмысының кестесі бекітілген. Штаб отырысы ай сайын өтуде. Жергілікті жерлердегі дайындық жұмыстарына мониторинг жүргізіледі. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен жақында өткен аппараттық жиында да қысқа дайындық мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Жиында білім, денсаулық, спорт, басқа да әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығы тиісті салалардың басшыларынан қатаң сұралып, нақты міндет жүктелді. Бұл – орынды. «Қысқа сақадай сай дайынбыз» деп, қаңтардың қақаған аязында немесе ақпанның ақ түтек боранында жылу қазандықтары істен шығып, жылу жүйелері жарылып жататыны әр жылдары орын алған. Батырбек Құлекеев Талас ауданына әкім болып тағайындалған жылы қақаған қыста Қаратау қаласындағы газбен жылытылатын қазандықтың мұнарасы жарылып, жылусыз қалғаны әлі күнге есімізде. Іскер әкім командасы бар, коммуналшылар бар күндіз-түні тыным таппай жұмыс істеп, апатты өз күштерімен еңсеріп шықты. Экономикалық дағдарыс белең алған жылдары қазандықтағы қаусаған дүниені шұғыл қалпына келтіру ерлікке пара-пар еді. Мұндай жағдай Шу қаласында да орын алған. Облыс әкімінің сол кездегі бірінші орынбасары Александр Савченко қазандықтың басында қона жатып, апатты шұғыл қалпына келтіруге басшылық жасағанын да көріп едік. Александр Георгиевич Сарысу ауданына іссапарға келгенде әуелі Жаңатастың қысқа дайындығына баса назар аударып, орталық қазандықты, жылу, су жүретін құбырларды көріп, тіпті жертөлеге дейін түсетін. Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында да ауа райы құбылмалы. Әсіресе, Жаңатаста қыста қатты аяз болып, ақ түтек боран жиі соғады. Сарысу ауданының жаңадан тағайындалған әкімі Сәкен Мамытов қала әкімі болған азамат. Орталық қазандықтың жайын, жылу, су желілерінің жағдайын, қай үйге жылу мен ауызсу қалай, қандай қысыммен келетінін жатқа біледі. Сонда да қазандық пен жылу жүйелерінің, үй астындағы элеватордың дайындығы бір сәтте естен шықпаса дейміз. Тараз қаласы мен Талас, Шу аудандарының әкімдері де облыстық, аудандық деңгейдегі коммуналдық мекемелердің басшыларымен бірге газбен, мазутпен жылытылатын қазандықтарды жылу, ауыз су жүретін желілерді, «проблемалық» үйлердің жертөледегі элеватордың дайындығын өздері тікелей бақылауға алуы керек. Әйтпесе, тұрғындардан ақша алуды ғана білетін жекеменшік тұрғын үй кооперативі дегеннен қайран жоқ. Қалада да, ауылда да білім, мәдениет, спорт, басқа да әлеуметтік нысандарды аралап, зерделеп барып, «қысқа жүз пайыз дайынбыз» деп айтуға болады. Бұл жерде ана жылы Талас ауданы Ақкөл ауылындағы Ы.Алтынсарин мектебінің қазандығының жарылғаны еске түскені. Мемлекеттік мекемелердегі шағын қазандыққа от жағушылардан қауіпсіздік ережелері қатаң талап етілуі апаттың алдын алуға үлкен септігін тигізетіні директорлар мен басшылардың есінен шықпаса дейміз. Қалай болғанда да «біздің оңтүстік өңірде, оның ішінде облыста қыс қатал емес, ауа райы тұрақты» деп аса жауапты маусымға немқұрайдылық танытуға әсте болмайды. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы басқармасынан алған мәліметке қарағанда қысқа дайындық жұмыстары қызу жүріп жатқан сыңайлы. Облыс бойынша 9 негізгі жылу энергетика кешендері және 593 автономды қазандықтар болса, олармен жалпы 1739 әлеуметтік нысан қамтамасыз етіліпті. 784 білім беру, 389 денсаулық сақтау, 467 мәдениет, 81 спорт нысандары мен 18 әлеуметтік арнаулы мекемелер және 1646 көпқабатты тұрғын үй бар. Биыл отын-энергетика кешендерімен 1 250,0 миллион текшеметр газ тұтыну жоспарланып, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалымен келісімшарт жасалған. Отын- энергетика кешендерінде 15039 тонна резервтік мазут отыны сақтаулы көрінеді. «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» акционерлік қоғамында – 12 744 тонна, «Таразэнергоорталық» АҚ – 1865 тонна, «Игілік» МКК – 485 тонна, «Жамбыл-Жылу» МКК – 345 тонна. Сонымен қатар, облысқа қажетті 24438 тонна әлеуметтік мазуттың көлемі жасақталып, Энергетика министрлігіне бекітуге ұсынылған. Оның ішінде: «Жаңатас-Су-Жылу» МКК – 12938, «Жамбыл ГРЭС» АҚ – 10000, «Таразэнергоорталық» АҚ – 1500 тонна. Әлеуметтік мазутты тасымалдап, жеткізу жұмыстары кестеге сәйкес, биылғы қыркүйек және алдағы жылдың ақпан айы аралығында жүзеге асырылады екен. Қазір барлық отын- энергетика кешендерімен жоспарланған 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралары кестеге сәйкес, мерзімінде атқарылуда. «Таразэнергоорталық» АҚ жоспарлаған 25 іс-шараның 14-ін толық орындап, қалғаны мерзіміне сәйкес атқарылуда. Негізгі жұмыстардың бірі «БКЗ-160-100 ст» №3 бу қазанын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, бүгінде қазандықты қаптау, изоляциялау жұмыстары жүргізілуде. «Таразтрансэнерго» кәсіпорны тарапынан ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап барлық 208 километр жылу желілері гидравликалық сынақтан өткізіліп, 56 учаскеде ақаулар анықталған,1095 метр жылу желілері ауыстырылған. Биылғы жоспарға сәйкес, 772 метр жылу желілерін күрделі жөндеу, 1,8 километр жылу желілерін ауыстыру, 3 қазандықтың желілік насостарын сатып алу шаралары қаралған. Сондай-ақ, кәсіпорынға қарасты 7 қазандыққа қажетті қосалқы жабдықтарды сатып алатын көрінеді. Облыстағы негізгі ірі энергия көзі болып саналатын «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ-да 5 энергоблогы мен 5 бу қазандықтары, 2 желілік насостары мен бойлерлк қондырғылары және №1 темірбетонды түтін мұржасы ағымдағы жөндеуден өтіпті. Бүгінде №6 энергоблокты күрделі жөндеу және №1 темірбетонды түтін мұржасы мен 2 деаэраторды ағымдағы жөндеу жұмыстары жүруде. «Жамбыл-Жылу» кәсіпорны инвестициялық бағдарламасы есебінен Байзақ және Жамбыл аудандарындағы мектеп қазандықтарына қуаты 1000 киловатт 2 дана және 500 киловатт 2 дана су жылытқыш қазандары сатып алынып, орнату және 4 дизельдік генератор сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Мұнымен қоса, Тараз қаласындағы «Қаратау» (2), «Қарасу» (5) шағынаудандардағы ұзындығы 425 метр жылу желілеріне техникалық тексеру жүргізіліп, күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Жаңатас қаласындағы «Жаңатас-СуЖылу» кәсіпорны орталық қазандығында инвестициялық бағдарлама мен тарифтік сметада жоспарланған жұмыстар кестеге сәйкес атқарылуда. Бүгінгі күнге 115 метр жылу желілері ағымдағы жөндеуден өтіп, қазіргі таңда орталық мәдениет үйі аумағындағы 185 метр ішкікварталдық жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Қазандық пен су ұңғымаларына қажетті 7 насос қондырғысы сатып алынды. «КВГМ-30» №2 су жылытқыш қазанына өндіруші зауыттан қажетті материалдарға тапсырыс беріліп, жеткізілуі күтілуде. Қаратау қаласындағы «Игілік» кәсіпорны орталық қазандығында инвестициялық бағдарлама мен тарифтік смета есебінен жоспарланған іс-шаралар кестеге сәйкес атқарылып келеді. Биыл мазут шаруашылығына желілік және «АТН» насостарын, фильтрлер мен мазут горелкасы ауыстыру, «ПТВМ-30» бу қазандарын ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда ішкікварталдық жылу желілерінде изоляциялау жұмыстары атқарылуда. Шу қаласының «Шу-Жылу» кәсіпорнының орталық қазандығында инвестициялық бағдарламасы мен тарифтік сметасы есебінен 1557 метр жылу желілерін күрделі және ағымдағы жөндеу жоспарланып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде екен. Сондай-ақ, қазандықтың негізгі және қосалқы жабдықтарын түгендеу, ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылу үстінде. Облыс бойынша 350,7 километр жылу желісі бар. Олардың тозу деңгейі 56,7 пайыз немесе 199 километр жылу желісін ауыстыру қажет. Биыл жыл соңына дейін тозу деңгейін 55,5 пайызға төмендету жоспарланған. Бұл ретте, Тараз қаласы мен моноқалаларда 6,760 километр жылу желілері ауыстырылуда, бүгінге 2,6 километрі жөндеуден өтіпті, бұл 38 пайызды құраған. Биыл 82,5 километр жылу желілеріне техникалық тексеру жүргізіліп, қорытындылары алынған. Осыған орай, бұл жылу желілерін жобалау бойынша 2025 жылға дейін іс-шаралар жоспары жасалыпты. Сондай-ақ, қолдағы мәліметтен 57,8 километр жылу желілерін жабдықтау бойынша 22 жоба әзірленіп жатқанына да көз жеткіздік. Таразда 46,6 километрлік 11 Жаңатаста 1,4 километр 2, Қаратау қаласында 4,1 километр болатын 5 және Шу қаласында 5,7 километр 4 жоба. Бүгінде 1 жоба аяқталып, Тараз қаласындағы 6,2 километр негізгі «М-1» жылу магистралын 10,6 миллиард теңгенің жабдықтау жобасына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 2024 жылға бюджеттік өтінім ұсынылған. Биыл облыстық бюджет есебінен 600 метр жылу желілерін ауыстыру жоспарланыпты. Қазіргі таңда, мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. Алдағы жылыту маусымына орай тұрғындарға жеткізілетін көмірдің көлемі 149,7 мың тонна құрайды. Қатты отынды жеткізу шілде айынан жоспарланған. Облыста жалпы 31 нарық субъектісі көмір сатумен айналысса, оның 24-і өңірлік операторлар. «Шұбаркөл», «Қаражыра» маркалы көмірлердің бағасы сортына қарай тоннасы 16-19 мың теңгені құрап отыр. Ауылдарға дейінгі арақашықтығын ескерсек, жеткізу құны есебімен 20-24 мың теңгеден сатылуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің биылғы 3 мамырдағы бұйрығымен республика аумағынан тас көмірді 6 ай мерзімге автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салыныпты. Осы ретте, құзырлы органдармен бірлесе тиісті жұмыстар атқарылуда. Бюджеттік ұйымдардың автономды қазандықтары үшін жалпы 66,2 мың тонна көмір жеткізу жоспарланса, білім беру 55 977, денсаулық сақтау 4 469, мәдениет 4 341, спорт нысандарына 854 тонна. Әлеуметтік арнаулы мекемелерге 550 тонна қажет. Қазіргі кезде тасымалдаушы мекемелер тарапынан келісімшарт негізінде әлеуметтік нысандарға көмір отынын жеткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 27 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газдандыруға жалпы 1,237 миллион теңге бөлініп, 15 нысанда жобаға сәйкес құрылыс жұмыстары және 12 нысанға блокты-модульді қазандық орнату жұмыстары атқарылуда. Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 464,5 миллион теңгеге Шу ауданындағы 7 жоба іске асырылып жатса, облыстық бюджет есебінен 40,9 миллион теңгеге 8 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде екен. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен 367,730 миллион теңгеге 12 блокты-модульді қазандық сатып алу және орнату жұмыстары атқарылуда. «Қыс – қатал сыншы», дұрыс дайындықтың қатаң бақылауда болғаны. Дегенмен, «көмір» дегеннен шығады, көзі қарақты оқырманның есінде болса, былтыр жыл соңына қарай «Aq jol» газетінде Талас ауданы Үшарал ауылындағы Әбдір Сағынтаев атындағы орта мектепке жеткізілген көмірдің ашық аспан астында өртеніп жатқаны туралы дабыл көтергенбіз. Сондықтан да тапсырыс беруші мекеме қатты отынның сапасына баса мән беруі керек. Республикалық және жергілікті қазынадан бөлінген қыруар қаржыға қысқа дайындық бойынша әрбір атқарылып жатқан жұмыстың сапасына барынша назар аудару қажет.  

Амангелді ӘБІЛ

Ұқсас жаңалықтар