- Advertisement -

Құлмақ өндірісі қанат жайып келеді

71

- Advertisement -

Бизнеске ынтамен кіріскеннің табысқа кенелетіні анық. Егер мұның бәрі дұрыс есептеумен, қолжетімділікпен және қолдаумен бірге болса, тамаша нәтиже кепілі деген сөз. Дәл осындай ұстаныммен Қордай ауданында ондаған жоба жүзеге асырылуда. Республикалық «Бір ауыл – бір өнім» жобасы – солардың бірі.

Жобаның бастамашысы–«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Ол 2022 жылдың наурыз айында пилоттық режімде іске қосылып, республикамыздың төрт облысы, атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында жүзеге асырылуда. Жамбыл облысында жобаны іске асыру үшін Қордай ауданы таңдап алынған. Ал бүгінгі таңда оның нәтижелері көңіл қуантарлықтай.

Гүлназ Әбдуалиева Қордай өңіріндегі бұл жобаға қатысушылардың алғашқысы. Көпбалалы ана, іскер әйел құлмақ өсірумен айналысады. Бұл өсімдіктен кондитерлік өнімдер, жастықтар, сусындар және нан өнімдері шығарылады. Бүгінгі таңда ол кооперация құрып, құлмақ өсірумен айналысатын ауыл әйелдерінің басын біріктіріп отыр.

Корпорацияның алдағы мақсаты мен жоспарлары көп-ақ. Барлығы қаржы мен биліктің қолдауына келіп тіреліп тұр екен. Кәсіпкердің айтуынша, Қордайдың құлмақ наны баяғыдан-ақ ерекше дәмімен танымал. Соны «Неге Қордай брендіне айналмасқа?» деген ой келіп, қолға алыпты кәсіпкер.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында қордайлықтарға облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Айгүл Акчалова қолдау көрсетуде. Ол шалғай елді мекендерде тұратын кәсіп иелеріне де көмек беруде. Кеңес төрағасы өткен айларда Қордай өңіріндегі жобаға қатысушылар үшін құлмақ өсіру және нан өнімдерін өндіру бойынша оқыту семинарын өткізген болатын. Оқыту Қазақстандағы БҰҰ Әйелдер ұйымының қолдауымен Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі бөлген грант аясында өтті. Оқытуды Қырғыз елінен келген жаттықтырушы Айгүл Абдылдабекова жүргізді.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушылары нан пісіру бойынша көптеген лайфхактарды үйреніп, құлмақтан нан өнімдерін жасауда баға жетпес тәжірибе алды. Құлмақ өсіру бойынша оқытудың екінші бөлігі өнімділікті арттыруға бағытталды, оған жобаның 10 қатысушысы қатысты. Сондай-ақ, «БҰҰ Әйелдер» ұйымының қаражаты есебінен жобаға қатысушылар Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының сынақ зертханасында топыраққа агрохимиялық талдау жүргізуге мүмкіндік алды. Талдау нәтижелері болашақта топырақты құнарландыру және күту әдістерін түсінуге көмектеседі.

Сонымен қатар, Тараз қаласының делегациясы Қордай ауданында болды. Қонақтар қордайлық құлмаққа деген қызығушылығын да жасырмады. Кәсіпкер Гүлназ Әбдуалиеваның айтуынша, құлмақ наубайхана өндірісінде, салаттарға, төмен сұрыпты қағаз өндірісінде, косметологияда, сыра зауыттарында, иірілген жіп өндіруде, су тазарту үшін сүзгілер жасауда, медицинада қолданылады екен.

Бір сөзбен айтқанда, жоба үлкен шығындарды қажет етпейтін ұтымды іс. Сондықтан бұл жобаның принциптері ауылдағы әйелдер бизнесіне өте қолайлы. Жергілікті шикізаттан өнім өндіру қолөнермен бірдей десе, қателескендік болмас. Мұны үйде отырып, бала тәрбиесімен біріктіріп, отбасылық істерден «бас тартпай» бірте-бірте өндіріс көлеміне дейін жеткізуге болады.

Кәсіпкер бақшасында құлмақ өсіремін дейтіндермен өз білімін бөлісуге дайын. Айтпақшы, осы уақытта Қордайда құлмақ егу көлемін арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ, ынтымақтасуға ниет білдіргендерге құлмақ және құлмақ тамырын сатуға мүмкіндік беріледі. Кооператив мүшелерінде ғана құлмақ сертификаттары болады, сәйкесінше олар қосымша қомақты табыс ала алады.

 

Шолпан САБАНОВА,

журналист.

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support