- Advertisement -

Майталман маман – мекеменің мерейі

220

- Advertisement -

Қай қоғамда да аса маңызды сала ретінде қарастырылатын жол саласына білімді де білікті, кәсіби мамандар ауадай қажет. Себебі, бұл саланың дамуына өз үлесін қоса алатын, жан-жақты дамыған маман болу үшін ең алдымен, бойыңызда ізденімпаздық пен жаңашылдыққа құмарлық болуы тиіс.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз осы үдеден шыға білген азамат. Ол жастығына қарамастан, қиындығы мол саланың қыр-сырын меңгеріп, біліктілігін арттырып үлгерген-ді. Ендеше, жаңашыл жанның ізденісі мен толассыз еңбегіне аз-кем тоқталайық.

Серік Айтбайұлы 1994 жылы Байзақ ауданына қарасты Түймекент ауылында дүниеге келген. Аядай ауылдағы орта мектепті 2012 жылы сәтті тәмамдап, Алматының автомобиль жолдары колледжіне оқуға түседі де, «Жолдар мен аэродромдарды салу» мамандығын игеріп шығады.

Еңбек жолын Алматы-Талдықорған-Өскемен К-Дорстрой мекемесінде лаборант болып бастайды. Аз ғана уақыттың ішінде өзгелерден оқ бойы озық шыққан жас жігіттің еңбегі басшы құрам тарапынан бағаланып, ол техник лаборант атанады. Алғашқы жұмыс орнында абыройға ие болған маман бұдан кейін яғни, 2017-2019 жылы Қызылорда-Павлодар-Успенка К-Дорстрой мекемесінде техник лаборант болып қызмет етеді.

Өзіне тапсырылған істі тиянақты істейтін Серік дәл осы лауазымда Мерке-Шу-Бурылбайтал ЖШС Синьсин мекемесінде де санаулы уақыт жұмыс істейді. Ал, 2019 жылдың қазан айынан бастап «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалында лаборант болып жұмыс істеуде.

Жалпы, үздіксіз еңбектеніп келе жатқан бұл жігіттің жұмыс істеу тәсілі бір төбе. Өзінің өмір жолы жайлы Серік Қолжановтың өзі былай дейді: «Еңбекпен есейген ержігіт болған соң, әрбір тірлігіме асқан жауапкершілікпен қараймын. Қай мекемеде қанша уақыт қызмет еткенің маңызды емес, қалай қызмет еткенің маңызды. Бұл – менің принципім. Қазіргі таңда орталықтағы аға-бауыр әріптестеріммен бірге жол саласының қыр-сырын меңгеріп, халыққа қолайлы жолдардың салынуына тамшыдай үлесімді қосып жүрмін. Қоғамға пайдалы болу мақсатында осы саланы таңдадым. Жер бетінде қара жолға табаны тимейтін адам жоқ екенін ескерсек, бұл салаға асқан ыждаһаттық керек», — деп сөзін түйіндеді ол.

Шын мәнінде, жолшы болудың өзі адамнан мол білім мен бірге жеткілікті жігер, үлкен адамгершілікті талап етеді. Осы қасиеттер бойынан табылған маман ғана кейіпкеріміз секілді ортасы құрметтейтін жанға айналады. Оның біліктілігі мен білімі, әр жылдары қасықтап жинаған мол тәжірибесі ізбасарлары үшін де таптырмас азық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, бізің әріптесіміз осындай жан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support