- Advertisement -

Ар-ағаң жайлы айтар сыр көп қой, көп…

64

- Advertisement -

Бұл Арғынбай Бекбосын ағамыздың өз сөзі. Өмірінің көп жылын арнаған, республикадағы айбынды басылымдар қатарына қосқан газеті жайлы жазған Арғынбай Бекбосынның «Ақ жолдағы» ақжолтай жылдар» естелік-эссе кітабында «Әрбір журналист – әлбетте, ол нағыз журналист болса – өзінше бір әлем, тұлға» деп келетін керемет ұлағатты тұстары бар. Бейнесі көзден кеткенмен көңілден кетпей, қайта жоқтығы айқын сезіліп, тұлғасы биіктеп келе жатқан Ар-ағаңды, шығармаларын, әсіресе, аталған кітабын іздеуші, сұраушы көп. Күні кеше…

Биылғы сәуір айының алғашқы күні болатын. Алматы қаласынан, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 4-курс студенті Ғани Еркінұлы whatsapp арқылы хабарласты. Дипломдық жұмысын Арғынбай Бекбосын ағамыздың шығармашылығына арнамақ екен. Жоспарын да қоса жіберіпті. Таныстым да риза болдым. Ар-ағаңның журналистік қырын, редакторлық тұлғасы мен қайраткерлік биігін ұстанымдарын тегіс қамтуға талпынған. Мұндай талапты жастан білгеніңді аянып қалмайсың ғой. Біраз бағыт-бағдар, кеңес бердім, қажетті әдебиеттер мен дерек көздерін де нұсқадым.

Арада жылжып екі ай да өте шықты. Бесінші маусым күні жақсы хабар жетті. Ғани «Арғынбай Бекбосын – публицист, редактор» деген дипломдық жұмысын сәтті қорғапты. Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының тарапынан өте жоғары бағаланыпты. Комиссия төрағасы, белгілі журналист Қали Сәрсенбай Арғынбай Бекбосын жөніндегі жазылған жұмысқа ерекше тоқталып, ризашылығын білдіріпті.

Ар-ағаңның шығармашылығы жастардың зерттеу еңбектеріне арқау болуы бұл бірінші рет емес. Бұрын да редакторлық-журналистік шеберлігі, публицистикалық мол мұрасы бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, өзіміздің М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде дипломдық, магистрлік жұмыстар жазылып, қорғалып келді. Астанадан елге оралған соң бірер жыл Тараз өңірлік университетінде болашақ журналистерге дәріс оқыған, осы оқу орнының Құрметті профессоры атағын алған да еді.

Болашақ журналистер Арғынбай Бекбосын ағамыздың газетті әділдіктің жақтаушысы болып, осы жолда азаматтық, қаламгерлік ерліктерге баратын адам басқаруы керек екенін дәлелдеп кеткен редактор болғанынан хабардар болатын. Осыдан да әр дәрісін ерекше ынтамен, қызығушылықпен тыңдады. Ал, өзіміз болсақ кезінде бірге қызмет істегендіктен жақсы білеміз, Ар- ағаң басқарған жылдары редакцияның журналистері арасында шығармашылық бәсеке өте күшті болды. Проблема көтеруге, өндірте жазуға ұмтылдық. Өйткені, бас редакторымыздың өзі елдік мәселелерді батыл жазуда үлгі танытып қана қоймай, әлгінде айтқан естелік-эссе кітабының 34-ші бетінде жазғанындай, редакцияның шығармашылық ұжымының интеллектуалдық күллі қуатын қоғамның, халықтың, оның ішінде туған ұлтымыздың замана туындатқан көкейкесті мәселелеріне бағыттап, сол арқылы басылымды саяси тоқырау дәуірінің тозаңынан, қасаңдық атаулыдан арылтып, жаңа белеске, жаңа кеңістікке алып шығуды басты міндет санады. Газеттің әр нөмірі проблемалық немесе сын мақаласыз, ұсыныс, пікір айтқан оқырман хатынсыз шықпауына қол жеткізіп отырды.

Өзінің «Фәнилік драма» кітабындағы 1153-ші рубайында:

– Мамандық? Мамандығым… журналиспін.

Кәсібім?.. Ішіндемін түрлі алыстың!

Мақсатым?… Құлқын түзеу замандастың,

Сол үшін бірде пақыр, бірде арыспын – деп жазып, қалам ұстаған қауымның көрер қиындығы көптігін, елдің сөзін сөйлеу жолында әртүрлі жағдайларға тап келетінін төрт-ақ жолға сыйғызып жеткізе білген Арғынбай ағамыз «Ақ жолдың» бетінде небір өзекті тақырыптардың қозғалуына бастамашы болды. Сол тұста «Журналист мәселе қояды» айдарымен жазуға құлшынысымыз зор еді.

Журналистің бір салаға мамандануына ерекше көңіл бөлді. Газетімізде білікті экономистердің талдау материалдары, озат шаруашылықтардың үлгі етілер істері жиі берілетін «Іскерлік» беті жиі шығып тұрды. «Сендіруге рұқсат етіңіздер» деген айдармен Арғынбай ағамыздың өзі бас болып, бөлім меңгерушілері мен қаламы қарымды журналистер қолдап әкетіп облыстың он ауданындағы шын ахуал оқырманға боямасыз жайып салынатын.

Өткір сын айтқан оқырман хатын газеттің бірінші бетіне беру дәстүрін де ең алғаш Ар-ағаң енгізді. Бір мысал, «Ақ жолдың» 1991 жылғы 21 қыркүйектегі санында редакцияның ауыл шаруашылығы бөлімінде дайындалған «Горбачевке жазуымыз керек пе?» деген айқайлаған тақырыппен оқырман хаты жарияланып, онда атағы республика түгілі Одаққа кеткен «Трудовой пахарь» колхозында орын алған кемшіліктер туралы айтылғаны бар. Аудан, шаруашылық басшылары кемшіліктерді тезден түзетіп, осы жайлы жауап жазып құтылды.

Нарықтық қатынастарға республика журналистері арасында алғаш қалам тартқан редакторлардың бірі де біздің Арғынбай ағамыз еді.1990 жылы айналасы бірер аптада Америка, Батыс Германия елдеріне сапарлап келіп, машинисткаға тікелей айтып отырып «Жетіқарақшысы жоқ аспан» деген атпен жолжазбаларын газетте жариялады.

Арада жарты жыл өткенде жазбалары «Қазақстан» баспасынан, мол таралыммен кітап болып шықты. Оқырмандар мен жазушы-журналистер жылы қабылдады. Айталық, ақын Фариза Оңғарсынова «Егемен Қазақстанға» үлкен мақала жазып, «бұл кітап әрбір қазақтың төрінде тұруы тиіс» деген бағасын берді. Көп ұзамай Ар-аға осы кітабы үшін ТМД елдері халықаралық журналистер конфедерациясы сыйлығының лауреаты атағына ие болды.

Тізе берсек, әдебиеттің барлық дерлік жанрында қалам тартқан, бірқатар кітаптарын орыс тілінде жазып, баспадан шығарған, әлемнің классик ақындарының біразын қазақшаға жатық аударған, сәтті сахналанған драмалық шығармалары да бар. Ағамыз жайлы айтар сыр көп қой, көп…

Жас журналистер біле бермеуі мүмкін, сондықтан еске сала кетелік, облыстық газетті басқарған жылдары Арғынбай ағамыз негізгі қызметіне қоса, облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің мәдениет және оқу ағарту істері жөніндегі тұрақты комиссиясының, облыстық журналистер ұйымының, Қазақ мәдениет қоры облыстық бөлімшесінің, облыстық онамастика комиссиясының, «Домалақ ана – Нұрила» қайырымдылық қорының төрағасы, бұларға қоса Қазақстан Журналистер одағының хатшысы болды. Әсіресе, облыстық онамастика комиссиясын басқарған жылдары «Ақ жол» газеті шежіре қариялардың көмегімен өлкемізден шыққан әйгілі тұлғалардың, батыр бабаларымыздың есімдерін қайта жаңғыртты, көшелерге беріліп, күштеп танылған Компартия көсемі серіктерінің есімдерінен құтылуға көмектесті. Осының өзінен- ақ облыстың рухани өміріне қосқан үлесі ұшан-теңіз болғанын бағамдай беруге болады. Бұл үшін көзі тірісінде- ақ қаншама алғыс алды.

Алғыс демекші, «Фәнилік драма» кітабындағы 709-шы рубайында:

Елге Ердің еткен ерлік, жағып ісі,

Алса алғыс – сол ғой нағыз бақ- ырысы!…Жоқ!

Одан мың есе артық ол кеткен соң

Елінің салқындамас сағынышы! – деген жолдар бар. Дәл болжап жазыпты. Елінің халқына адал қызмет еткен тұлғаға деген құрметі еш ортайған жоқ. Өткен жылы ғана 85 жылдығы кеңінен атап өтілді. Тараз қаласындағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. «Ақ жол» газетінің ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты жиында республикалық байқау жеңімпазы атанған журналистке облыс әкімінің Арғынбай Бекбосын атындағы арнайы жүлдесі табысталды.

Ш. Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында туған күніне орай, Арғынбай Бекбосынды еске алуға арналған дәстүрлі «дөңгелек үстел» өтіп келеді. Ар ағаң ұмытылмақ емес …

 

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support