- Advertisement -

Қанатымен су сепкен қарлығаштай

139

- Advertisement -

Қала іргесіндегі Шәкен Ниязбеков ауылынан еңбек ардагері, зейнеткер, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Қонысбай Жақсылықов хабарласты.

– Тағдырдың жазуы шығар, туабітті психикалық кемістігі бар немерем Айжан Жолдасова 2013 жылдың 26 наурызынан Тараз қаласында ІІ топтағы мүгедек ретінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде тұрған болатын.

Қандай себеп болғанын қайдам, қыздың денсаулығын тексеруден өткізбестен, бізге ескертпестен, медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы Айжанға ІІІтоптағы мүгедектік тағайындапты. Осыған сәйкес, яғни сараптама комиссиясы шешімін негізге ала отырып, Тараз қалалық әкімдігінің тұрғын үй жөніндегі комиссиясы Айжан Жолдасованы пәтер алу кезегінен шығарып тастапты.

Айжанның анасы, яғни менің қызым Жаңакүл Жақсылықова, 2022 жылдың 21 наурызында ауыр науқастан қайтыс болып, Тараз қалалық сотының шешімімен әрекетке қабілетсіз деп табылған немереме Тараз қалалық әкімдігінің қаулысымен мен қорғаншы болып бекітілгенмін.

Қамқорлығымдағы немерем Айжан Жолдасованың ешқандай ескертусіз мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінен шығарылып тасталуы жаралы жаныма қатты батып, әділдік іздеп шарқ ұрдым.

– Сонымен, әділдікті таптыңыз ба?

– Иә. Мен көмегіне жүгінген «Адал Заман» ЖШС заңгерлік компаниясы қызметкерлерінің кәсіби шеберліктерінің арқасында немерем қайтадан бұрынғы пәтер алу кезегіне қойылды.

– Е, ендеше есебіңіз түгел, ешкімге өкпелейтіндей мәселе жоқ екен ғой.

– Неге өкпелемейін, бізді сарсаңға салып қойған мемлекеттік органдарға өкпем қара қазандай! Ал, заң тәртібімен біздің мүддемізді қорғап, әділеттілік туын желбіреткен заң орындарына, әсіресе, «Адал Заман» ЖШС заңгерлік компаниясы қызметкерлеріне ризашылығым шексіз! «Біз сияқты жәбірленген қамкөңіл жандардың мүдделерін қорғап, заң тұрғысында көмек көрсетіп жүрген осы мекеменің жұмысы жайында жазсаң» деген өтінішім бар. Басқаларға үлгі болсын.

Телефон арқылы арада болған әңгіме – осы. Қонысбай ағаның қолқасын орындау әрі адамдар алғысына бөленіп жүрген азаматтардың жұмысымен танысу мақсатында «Адал Заман» ЖШС заңгерлік компаниясы» мекемесінің табалдырығынан аттағанбыз.

– Біз негізінен жәбірленушілердің мүдделерін қорғаймыз, – деді компания заңгерлік бөлімінің басшысы Бахтияр Журабаев мырза. – Біздің көмегімізге жүгінушілер көп. Жылына 100-ден астам әкімшілік істер қолымыздан өтеді. Олардың көпшілігі сот шешімімен, бірқатары біздің тиісті орындарға заң тәртібімен сұрау салуымызбен оң шешімін тауып жатыр. Мамандарымыздың кәсіби біліктіліктеріне барлығы да дән риза. Сол ризашылықтар бізді нәтижелі жұмыс істеуге ынталандыра түсуде.

Сіздің танысқыңыз келген іс туралы жетекші маман Жандос Нұрпейісов айтып бере алады. Сол кісі айналысқан.

Бөлім жетекшісі сілтеген заңгер Жандос Мақсұтұлы жәбірленуші Айжан Жолдасованың ісі жайында былай жіктеп-жіліктеп әңгімелеп берді.

– Иә, жәбірленушінің қорғаншысы Қонысбай Жақсылықовтың арызы бойынша алдымен Айжан Жолдасованы мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінен шығарып тастаған «Тараз қалалық әкімдігі тұрғын үй қатынастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қайырылғанбыз. Ондағылар оған медициналық- әлеуметтік сараптама комиссиясының ІІІ топтағы мүгедектік тағайындауын негізге алып, заңға сәйкес кезектен шығарылғанын алға тартты.

Біз өз тарапымыздан Тараз қалалық сотының судьясы А.Д.Молдабекованың 2021 жылғы 4 мамырдағы шешімімен №3110-22-00-2/1979 азаматтық іс материалдары бойынша Айжан Жолдасованың әрекетке қабілетсіздігін анықтау үшін Жамбыл облысы бойынша сот сараптамасы институтына амбулаториялық сот-психиатриялық сараптамасына жіберген қатынасына сәйкес, сарапшылар комиссиясы А.Жолдасованың ақыл-ес кемістігінен зардап шегетіні, оның өз іс-әрекетінің мәнін түсінбейтіні және өзінің психикалық жағдайына қарай сот талқылауына қатыса алмайтыны жөнінде 2022 жылы 19 мамырда шығарған №372 сараптама қорытындысын, осы қорытынды бойынша 2022 жылдың 9 маусымында іс қараған Тараз қалалық соты (судья М.К.Исаева) А.Жолдасованы әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешім шығарып, оны қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға тиісті органға қорғаншы тағайындау үшін жібергені, осыған сәйкес А.Жолдасоваға Тараз қалалық әкімдігінің қаулысымен атасы Қонысбай Жақсылықовтың қорғаншы болып тағайындалғаны туралы құжаттарды және 2022 жылдың 25 шілдесінде медициналық-әлеуметтік сараптаманың №25072022040844 актісімен А.Жолдасованың туабітті ІІ топтағы мүгедектігі қалпына келтірілгені және оның 2027 жылдың 25 шілдесіне дейін белгіленгені туралы анықтаманы негізге алып, туабітті ІІ топтағы мүгедек Айжан Жолдасованың мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегін қалпына келтіруді сұранып сотқа талап-арыз түсірген болатынбыз.

Сонымен, 2023 жылдың 4 сәуірінде осы іс бойынша судья Е.В.Романенконың төрағалық етуімен Жамбыл облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының отырысы болды. Онда жауапкер өкілдері А.Б.Жолдасованың бұрынғы пәтер алу кезегіне қайта тұру құқығын жоққа шығара алған жоқ. Сот құрамы талапкер Қ.Жақсылықовтың дауласуын дұрыс деп тауып, оның арызын ішінара қанағаттандыруға шешім шығарды. Мен талапкердің сенім білдірген өкілі ретінде әділдіктің салтанат құруына қол жеткіздім. Бұл – заңның жеңісі. Сот шешіміне мемлекеттік айыптаушы прокурордың тарапынан наразылық болмағаны осыған дәлел.

Сот отырысына талапкердің өкілі ретінде қатысқан компания қызметкері Жандос Нұрпейісовтің бұл әңгімесінен кейбір жағдайда жауапсыздық салдарынан бейкүнә адамдардың әуре-сарсаңға түсетіні аңғарылып тұр. Әсіресе, ондай әділетсіздіктен адамдардың осал топтары зардап шегіп жатқаны қандай өкінішті! Олардың әділетсіздік құрбаны болуы өз алдына, денсаулықтарына да нұқсан келетіні тағы бар.

Бір қуанарлығы, сот талқылауында судья мәселенің ақ-қарасын ашуда әділеттілік пен парасаттылықты алдыңғы орынға қойған.

Дегенмен, жәбірленушінің жүйкесіне осынша салмақ түсірудің өрескелдігін айтпасқа тағы болмайды. Осындай кемшіліктер құқықтық мемлекет құру жолындағы қадамымызға кедергі келтіріп жататыны жасырын емес. «Көш жүре түзеледі» десек те, адам тағдырына қатысты әрбір мәселеде абайлаған жөн. Әсіресе, заң тұрғысында.

Ал, туабітті ІІ топтағы мүгедек Айжан Жолдасоваға 2020 жылдың 31 наурызынан 2022 жылдың 31 наурызына дейінгі мерзімге ІІІ топтағы мүгедектік санаты ұйғарылуы түсініксіз.

Азаматтық кодекстің 26-бабының 3-тармағына сай әрекет қабілеттілігі жоқ адам сауығып кеткен немесе денсаулығы едәуір жақсарған жағдайда сот оны әрекет қабілеттілігі бар деп танып, бұдан кейін одан қорғаншылық алынуы тиіс. Мүгедектік санатының бір топтан екінші топқа ауыстырылуы да осыған ұқсас болуы мүмкін. Бірақ, сараптама комиссиясы белгілеген 2020 жыл мен 2022 жылдың наурызы аралығында туабітті ІІ топтағы мүгедек Айжан Жолдасованың денсаулығы едәуір жақсарды дегенге сену қиын.

Медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы сараптау өндірісінде әдістемелік және анықтамалық сипаттағы еңбектерді пайдалану арқылы да сырттай қорытынды шығара беретін болғаны ма? Әлде, «қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарсаның» кері келді ме?

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support