- Advertisement -

Робот адамды алмастыра ала ма?

124

- Advertisement -

Жарты ғасыр бойы әлем ғалымдары адам санасының, яғни адам миының көшірмесін жасап шығару жолында еңбектенуде. Әзірге адам санасын толықтай алмастыратын аналог жасалған жоқ. Оны ғылымда жасанды интеллект деп атайды.

Жасанды интеллекті 1956 жылы АҚШ-тың Джон Маккарти есімді бағдарламашысы «Дарлок» колледжінде өткен ғылыми конференцияда қолданған болатын. Шындығына келсек, жасанды интеллект термині Джон Маккартиге дейін де қолданыста болған, бірақ ол уақытта белгілі бір атауы болмаған еді. Қазіргі таңда біз жасанды интеллектіні өміріміздің барлық дерлік саласынан көріп, біліп, тіпті пайдаланып жүрміз. Көптеген компаниялар, оның ішінде «Алиса Яндекс» және «Siri» қосымшалары, көліктердегі адаптивті круиз-контроль функциялары секілді өнімдерінде жасанды интеллекті жарыса қолданып келеді.

Қазақстандағы нөмірі бірінші автоблогер Олжас Оқас өзінің ютуб каналында өздігінен автоматты түрде жүретін көлікті көрсеткен болатын. Ол көлікте барлық қауіпсіздік жүйелерін қосып, рөлден қолыңды алуға, тіпті көлік педалінен аяқты алып тастауға болатын көрінеді. Олжас Оқастың айтуынша, smart кілттің көмегімен көлікті оталдыруға да болады екен. Кілттегі арнайы батырманы ұстап тұрып пәрмен беру арқылы көлік алдыға қарай жүреді. Бұл адамдарға өте ыңғайлы, себебі жасанды интеллект адамдардан екі есе тез ойланып, мүмкін емес дүниелерді мүмкін етеді. Бұл, әрине, жасанды интеллекттің пайдалы жағының бір бөлігі.

Дегенмен, оны әскери мақсатта пайдалану, адамзатты қорғаудан бөлек қауіп-қатер төндіруі мүмкін. ҚР Қарулы күштерінің офицері, жас ғалым Ерғали Нұрғалиев «Жасанды интеллект әскери мақсатта бұрыннан қолданылатынына, өзім осы саладан хабарым бар болғандықтан сеніммен айта аламын. Қазіргі замандағы заманауи қару-жарақтар мен түрлі техникалардың барлығы дерлік жасанды интеллектіні қолданады. Мысалы, өздігінен дәлдейтін снарядтар, көздеген нысананың артынан қуып жүріп тиеді. Оны әскерилер өткен ғасырдан бері пайдалануда», – дейді.

«Жасанды интеллект пен нейронды желінің арасында қандай айырмашылық бар» деген сұрақ туындауы мүмкін. Жасанды интеллект – белгілі бір берілген алгоритм шеңберінен шығарылмайды. Яғни, қарапайым тілде айтқанда, адамның миы шексіз идеяға толы. Ғалымдардың мақсаты – осы жасанды интеллектіні адамдар сияқты еркін ойлайтын деңгейге жеткізу. Нақтырақ айтқанда, жасанды интеллектке шексіз ойлау мүмкіндігін жасау. Ал оған дайын модель ретінде адам миының құрылымы таңдалынып алынды. Осылайша адам миының дәл көшірмесін жасау үшін жан-жақты зерттеулер жүргізіле бастады. Жасанды интеллектіні дамытудағы институттарға нейроғалымдар тартылды. Олардың ішіне нейробиологтар, невролог және нейрохимиктер кіреді. Сөйтіп, нейронды желі құрылды. Ол дегеніміз – адам миына әртүрлі ақпараттарды тасымалдаушы жүйке жасушасы.

Ал, «ChatGPT» дегеніміз не? Кез келген жағдайды, одан бөлек адамның денсаулығына қауіп төнген жағдайда алғашқы көмекті сұрауға болады. Мысалы, кішкентай бала кілтті не болмаса ұсақ затты жұтып қойды делік. Енді оны қалай шығару керек екеніне бас қатырып отырмай, «ChatGPT» қосымшасынан сұрап көрейік. Бірнеше секундтан кейін сұраққа анализ жасап, сізге тиісті жауабы келеді. Сұрақты орыс тілінде жазу керек, өйткені қазақ тілінде әлі де бұл чат толыққанды жаттықпаған. Бір ескерте кететін жайт, жоғарыда айтқан оқыс жағдайға «ChatGPT» толық жауап бере алмайды. Себебі, ол тәжірибелі дәрігер емес екенін естен шығармаңыз. Сонымен қоса, чат оқиғаның мән-жайын білмейді, тек жалпылама нұсқаларды көрсете алады. Егер байқасаңыз, ChatGPT өз нұсқасында дәрігерге жүгіну керегін көрсетеді. Тура осы секілді не болмаса өзіңіздің ойыңызда жүрген түрлі дүниелерді «ChatGPT»-дың chat.openai.com сайтынан біле аласыз.

Яғни, ChatGPT» – үлкен көлемді деректерден үйрену арқылы жасалған жасанды интеллект. Бұл қосымшаның білім қоры өте үлкен, сондықтан ондағы мәліметтер жүйесі әртүрлі кітаптардан, мақалалардан, веб-беттер мен деректер базасынан және сол сияқты дереккөздерден алынған. Бұл чат сізге көптеген мүмкіндіктерді береді.

Мәселен, егер сіз мектеп оқушысы болсаңыз, сізге ол шығарманы тез арада жазып береді. Тіпті өзіңіз мектепте қиналып оқитын математика, химия секілді сабақтарды шығарып береді. Ал егер мұғалім болсаңыз, сізге сабақ жоспарын құрып, тақырып бойынша сұрақтар дайындап береді. Егер бір жеріңіз ауырған жағдайда алғашқы көмекті «ChatGPT» қосымшасы көрсетіп, қандай шаралар қолдану керегін айтады. Сізде егер бизнес болса, оны жүргізудің жолын, табысты ету жолдарын көрсетеді.

Қазақстан медиа кеңістігінде «Atameken Business» телеарнасын жасанды интеллектке негізделген цифрлық технологияларды енгізудің пионері деуге болады. Қазақстандағы тұңғыш виртуалды жүргізуші I-Sanj эфирге шыққанына үш жыл болды. Бұл атақты актер Санжар Мәдидің роботтық дублі. Оған қоса, осы жылдың 7 наурызында телеарнада тағы бір цифрлық жаңалық – қазақ тіліндегі алғашқы виртуалды жүргізуші – i-Sana пайда болды. Егер мәселенің техникалық жағы туралы айтатын болсақ, онда әзірлеу Python бағдарлама тілінде жүргізілді. Виртуалды жүргізушіні жасаумен Александр Серов пен Вячеслав Бублик жұмыс істеген. Олар процестің негізгі мәліметтерімен бөлісті. Машиналық оқыту үлгілерімен жұмыс істеу үшін әзірлеушілер кеңінен қолданылатын PyTorch құрылымын пайдаланған. Бейнені кадр бойынша түрлендіру үшін әзірлеушілер wav2lip машиналық оқыту үлгісін пайдаланды. Wav2lip бірнеше үлгілерден тұрады: сарапшы модель, дыбыстан алынған кескін генераторы және визуалды кескін сапасының дискриминаторы.

Дауысты түрлендіру, сапаны жақсарту үшін конфигурацияланған AutoVC бағдарламалық құралы қолданылды. Сөйлеу синтезі үшін Tacotron 2 – бұл дауыстан сөйлеуді генерациялауға арналған нейрондық желі. Жобаның бірегейлігі – әзірлеушілер нақты адамға жетелейтін ең жақын нұсқасын, артикуляцияға, мимикаға, қазақша сөйлеуді синтездеуге дейін жасалғандығында. Дегенмен, жасанды интеллекттің алар асуы әлі алда деп сенеміз.

 

Дариға АСҚАР,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті веб-журналистика мамандығының

2-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support