- Advertisement -

Сапалы интернет шалғай ауылдарға да жетті

126

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Қазақстанның басты мұраты – цифрлық экономикаға көшу екенін айтты. «Экономикалық өсім туралы айтқанда, біз тек цифрлар мен көрсеткіштерге ғана емес, сапаға да мән беруіміз керек. Цифрлық интеллект индексіне (Digital IQ) сәйкес, Қазақстан цифрландыру қарқыны бойынша 20-орында және цифрлық ортаны дамыту жөнінен анағұрлым перспективті елдердің қатарына кіреді.

ҚОЛЖЕТІМДІ ИНТЕРНЕТ

2022 жылы еліміздегі цифрландыру саласы 12 пайызға өсті. Отандық цифрлық өнімдердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. Былтыр IT өнімдері мен қызметтер экспорты 5 есе ұлғайып, 333 миллион долларды құрады. Мақсатымыз – 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 500 миллион долларға дейін жеткізу. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз», – деді Президент.

Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты – ел тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, сонымен қатар ұлттық экономиканы цифрландыру.

Бүгінгі таңда облыстағы 367 елді мекеннің 69-ы 2G, 116-сы 3G төмен жылдамдықты мобильді интернеті қосылған. Соның ішінде 182 елді мекен жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. 191 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылса, 180 ауыл мүлдем интернетсіз отыр.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нохрабеков мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Кcell» акционерлік қоғамы 24 елді мекенде 3G мобильді байланысының сапасын жақсартуды жоспарлауда. Атап айтсақ, Байзақ, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов, Шу аудандарындағы ауылдарда интернет сапасы жақсарады деп күтілуде. Ал, 6 елді мекенде жұмыстар толығымен аяқталған. Олар, Байзақ ауданындағы Сарыбарақ, Жуалы ауданындағы Алатау, Кәріқорған, Талас ауданындағы Арал, Талапты және Т.Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен елді мекендері.

Сонымен қатар, 29 елді мекенде 4G мобильді байланысының сапасын жақсарту жоспарлануда. Бүгінгі күні 7 елді мекенде жұмыстар аяқталған. «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 23 елді мекенде 4G мобильді байланыстың сапасын жақсартуды көздеп отыр. Сол секілді «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС 22 елді мекенде 3G-ден 4G-ге ауыстыруды жоспарға қойған.

Облысымызда сәуір айының 26-27 күндері өткен «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында облыс әкімі және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде «2023-2027 жылдары Жамбыл облысының елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі» Жол картасы бекітілді.

Аталған жол картасына сәйкес, 2025-2027 жылдары 165 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру, 28 елді мекенді электр желілері мен антенна-діңгек құрылысымен, 155 елді мекенді (422 мемлекеттік мекеме) талшықты-оптикалық байланыс желісімен, республикалық және облыстық маңыздағы жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделген. Жоспарлы жұмыстар 2027 жылдың соңына дейін жалғасын таппақ.

«АҚЫЛДЫ АЯЛДАМА»

Бүгінде облыста жолақысын төлеудің бірнеше жолы бар. Олар QR немесе автобустың сандық коды, «TulparCard» көлік картасы немесе SMS-хабарлама және мобильді қосымша арқылы төленеді. Сонымен қатар, биыл ақпан айынан бастап tulparcard жолақысын төлеудің электронды жүйесі төлемнің жаңа түрі Kaspi QR енгізілген.

–1 наурыздан бастап 15-тен 18 жасқа дейінгі жастарға қоғамдық көлікте 50 пайыз жеңілдікпен жүру және «Алтын алқа», сондай-ақ, «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға тегін жол жүру құқығы берілді. Осыған байланысты tulparcard жолақысын төлеудің электрондық жүйесінде қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік беретін «Әлеуметтік көлік картасы» іске қосылды. Бүгінгі таңда 291 810 көлік картасы шығарылды. Оның ішінде 224533-і – бірыңғай, 66 223-і оқушыларға арналған. І топ мүгедектігі бар адамға арналған 105 және көпбалалы аналарға арналған 949 карта бар.

Тараз қаласындағы «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-мен 19 аялдамада «ақылды аялдама» жобасы аясында жарықдиодты цифрлық таблолар орнатылған болатын. Биыл мамыр айынан бастап қосымша тағы жаңа 9 бірлік жарықдиодты цифрлық таблолар іске қосылды, – деді басқарма басшысы.

ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ҚҰРЫЛУДА

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының «ІТ компанияларда кемінде 150 мың жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасы және «Цифрландыру, инновациялар және ғылым есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы бойынша Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі көрсеткіштерінің өңірлер бөлінісіне сәйкес, облыста ағымдағы жылдың соңына дейін 50 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі уақытта электрондық еңбек биржасы арқылы 9 адам жұмысқа орналасқан.

– Өңірлік геоақпараттық жүйесінің дайындығы 100 пайызды құрайды, жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сай барлық базалық ГИС-қабаттар енгізілді. Яғни, тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160 және қызмет бабында пайдалану үшін геопорталдың электрондық кезекші картасына 367 картографиялық деректер әзірленді.

Сәулет және қала құрылысы саласына қатысты – 6 мемлекеттік қызмет және жер қатынастары саласы бойынша – 7 мемлекеттік қызмет, жалпы 13 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, енгізілді.

Сондай-ақ, геопортал қолданушылары сайлау учаскесін ЖСН арқылы анықтаудың онлайн-сервисі іске асырылды. Сайлаушы тізімде анықталмаған жағдайда облыстың бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызметі, Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің call-орталықтарына хабарласа алады. Ақпарат Геопорталда орналастырылған.

«Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық» модулін енгізу арқылы геопортал алаңының бірінші кезеңінде Тараз қаласы бойынша 15 қызметті автоматтандыру жоспарлануда. Жобаны іске асыру мақсатында 50 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Тараз қаласының табиғи монополиялар субъектілерімен талқылау жұмыстары жүргізіліп, бірінші кезеңде автоматтандырылатын қызметтердің тізімі анықталды. Олар сумен жабдықтау немесе су тарту бойынша қызметтер, энергиямен жабдықтау, жылу энергиясымен жабдықтау, газбен қамтамасыз ету және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қызметтері, – деді Руслан Москауұлы.

Сонымен қатар, облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасына арналған модуль әзірленіп, оған қатысу үшін халық өтінімдерді геопортал арқылы жіберген. Жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 13 миллион теңге. Пайыздық мөлшерлеме бес пайыз, бастапқы жарна – 5-50 пайыз. Несие беру мерзімі – 19 жылға дейін. Бүгінгі күнге 40 қатысушының өтінімі мақұлданып, баспаналы болған.

«JAMBYL 109» ҚЫЗМЕТІ ӨЗ ТИІМДІЛІГІН КӨРСЕТУДЕ

«Jambyl 109» қызметі 320 мекемемен әріптестік байланыста жұмыс істеуде. Оның 150-і қалалық және аудандық мемлекеттік мекеме, 90 ведомстволық және мердігерлік ұйымдар, 36-ы облыстық және республикалық мемлекеттік мекеме, 44 пәтер иелері кооперативі, лифт шаруашылығы жұмылдырылған. Облыстың қала мен аудандық бөлімдері мен коммуналдық қызмет түрін ұсынатын мекемелер пысықталып, жүйеге қосылған.

– «Jambyl 109» қызметі 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін барлығы 79 264 өтініш түсті. Оның ішінде 71 423 өтініш өңделіп, толық жауап ұсынылды. 6 737 өтініш мерзімінен кешіктіріліп орындалған, 295 өтініш өңделу барысында, 673 өтініштің мерзімі ұзартылған және 136 өтініш орындалмаған. Оның ішінде 32 685 оқиға, 1 200 арыз, 345 ұсыныс, 125 алғыс және 44 911 кеңес берілді, – дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, «Damumed» интеграцияланған медициналық ақпарат жүйесімен интеграциялық жұмыстар жүргізілген. Облыс тұрғындары 109 қызметі арқылы «Отбасылық дәрігерге» жазылу мүмкіндігіне ие болып, қазір жүйеде 5600-ден аса қызмет түрі ұсынылуда.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support