- Advertisement -

Қазақстан дүңгендері: Тарихы және бүгінгі саяси-әлеуметтік жағдайы

142

- Advertisement -

Қазіргі кезеңде тәуелсіз Қазақстанда тұрып жатқан этникалық топтың бірі болған дүңгендердің Қазақ жеріне қоныс аударуының өзіндік тарихи себептері бар.

Ғылыми әдебиеттерде Қазақстан мен Орта азиялық дүңгендер деп аталып жүрген мұсылмандар Қазақстанда және Қырғыз мемлекеті мен Өзбекстан Республикаларында өмір сүреді. Қазақстан мен Орта азиялық дүңгендердің аталған аймаққа қоныс аудару оқиғасы XIX ғасырдың соңынан бастап орын алды. Олар бұл аймаққа қоныс аударудан бұрын Қытайдың Солтүстік батыс бөлігіндегі провинцияларды мекендеген, жалпылама «хуэйхуэй» (Huihui – 回回) деп аталып келген мұсылмандар болатын. Түркі тілді халықтар оларды «дүңген», «туңган», «дұңған» т.б. деп атап келді.

Дүңгендердің Қазақстанға алғаш аяқ басуы XIX ғасырдағы Қытай-Цинь патшалығының зұлымдығы мен озбырлығынан орын алған ұлттық езгісіне, геноцид саясатына қарсы шығып, артынан аяусыз жаныштауға ұшырағандықтан барар жер, басар тауы қалмай жан сауғалай қашқан босқындармен байланысты болды.Дүңгендер ата-бабалары болған қытай мұсылмандары – хуэйхуэйлардың (Huihui) этногенезі мәселесі аса күрделі тарихи тақырып саналады. Олардың этногенезі туралы әлем дүңгентанушылары арасында әр алуан пікір бар.

Дегенмен, аталған этностық топтың қалыптасуы мен даму тарихының Қытай топырағында орын алуына байланысты қытай дүңгентанушыларының пікірін негізгі орынға қоюға тура келеді. Себебі, Қытай дүңгентанушыларының пікірінің деректік негіздері, тарихи фактілері қай жағынан болса да толыққанды деуге болады. Қытай дүңгентанушылардың пікірін жинақтар болсақ, Қытай мұсылман қауымының қалыптасуы мен этнос ретінде қалыптасуына ең әуелі арабтар мен парсылар, сонан соң моңғол дәуірі кезеңінде қытайға барған – Орта Азиядағы мұсылман түркі халықтары негізгі рөл атқарған деп санайды.

Түрлі тарихи деректерге негізделгенде VII ғасырдың ортасынан бастап Ислам әлемінің күллі Азиядағы ықпалының еселеп артуына байланысты олардың дақпырты алыс-жақын аймақтарға жете бастаған. Өте-мөте мұсылмандардың алыс теңіздерге саяхат жасау қарым-қабілетінің артуына байланысты мұсылмандар Азия мен Еуропаның, Африканың қиыр аймақтарына құрлық арқылы ғана емес, теңіз жолдары арқылы бару мүмкіндігі еселеп арта бастаған.

Осыған байланысты арабиялық, персиялық мұсылмандарының алдыңғы легі VII ғасырдың ортасынан бастап Қытай жағалауларына дейін барып сауда жасап тұрған. Бұл тұста олар Батыс Азияның түрлі өнімдерін Қытайға апарып, Қытай тауарларын Таяу шығыс пен Батыс Азияға, одан әрі Еуропаға жеткізіп отырды. Осы саудагерлердің кейбірі Қытай жерінде ұзақ уақыт тұрып, жергілікті халықпен үйленіп, отбасын құрып, мекендеп қалды. Қытайлар оларды «Фанкэ» (番客-fаnkе, яғни «шетелдік қонақтар») деп атап, оларға ерекше жеңілдіктер жасап отырды. Олардың ұрпақтары сонда өсіп-өніп жерсініп, сіңісті. Бірақ, мұсылман әлемімен болған байланыс та өз жалғасын тауып жатты.

Мұсылман ретінде қажылық сапарларда болып тұрды, өзге аймақтағы мұсылман саудагерлері де ат ізін жиі салып тұрды. Мұсылман арабтар мен парсылардың Қытай елімен арадағы бұл қарым-қатынасы VII-XII ғасырлар арасында тұтастай жалғасын тауып отырды. Қытайлық дүңгентанушыларының пайымдауынша, мұсылмандар қауымының алғашқы тобы осы кезеңде қалыптасты деп санайды.

Дегенмен бұл мұсылмандардың қоныстары Қытайдың Оңтүстік шығыс теңіз жағалауларындағы порт қалаларымен ғана шектеліп отырды. Солтүстік қытай жеріне тіпті де әсер ете алған жоқ.Юань патшалығының дәуірінде Мұсылмандар Орталық және Алдыңғы Азия халықтары арасындағы түрлі байланыстардың сақталуына дәнекер болды. Бұл байланыстардың күшеюі мұсылмандардың Меккеге қажылыққа баруымен тіке қатысты болып отырды. Моңғол дәуірінде қалыптасқан қажылыққа бару дәстүрі бастапқы кезде Қазақстан, Орта Азия аумағы арқылы болса, кейін теңіз жолы арқылы жүзеге асты. Мұндай қажылық сапар соңғы Мин және Цин патшалықтары дәуірінде өз жалғасын тауып отырды.

1368 жылы Юань патшалығы жойылып, Моңғол ақсүйектерінің қытайдағы билігі құрдымға кетті. Қытайда этникалық қытайлар құрған Мин династиясы орнады. Моңғол ақсүйектерінің бір бөлімі Моңғолияға көшіп кетті. Алайда моңғолдармен бірге Қытай жеріне келген мұсылмандардың ұрпақтары Қытай жерінде қала берді. Олар Қытайдың Солтүстік Батыс және Оңтүстік Батыс аудандарында шоғырлы түрде қоныстанып отырды. Олар Юань дәуірінде қалыптасқан дәстүр бойынша хуэйхуэй деп аталды. Кей жерде «хуэйжэнь» (回人) деп аталды. Юньнань провинциясы аумағына қоныстанған тобы «хань чуан хуэй» (汉穿回– қытайша киінетін мұсылмандар) деп те атады.

Манжүрлердің Цинь патшалығы билік жүргізген дәуірде (1636 -1912 жж.) күллі мұсылмандарды жаппай «хуэйхуэй» немесе «хуэйминь» (Huіmіn) деп атады. Цинь патшалығы дәуірінде дүңгендердің негізгі бөлігі Шаньси, Ганьсу және Юньнань провинцияларында шоғырлы түрде қоныстанды. Бұдан тыс Қытай елінің барлық жерінде олардың шағын топтары, елді мекендері болды, ірі қалаларда мұсылмандардың шағын аудандары болды. Дегенмен, олар өз ата-баба тілін бірер ұрпақ өткеннен кейін мүлде ұмытып, қоныстанған аймақтарындағы этникалық қытайлардың жерлік диалектісінде сөйлейтін болды.

XIX ғасырдың екінші жартысында хуэхуэйлар Цинь империясының барлық өлкелерінде өмір сүрді. Соның ішінде: Солтүстік-Батыста – Ганьсу, Нинся, Шэньси, Цинхай; Оңтүстікте – Юньнань; Шығыста – Хэбэй, Хэнань, Шаньдун провинцияларында жиі қоныстанды. Олардың қоныс аударушы топтары Синьцзянда, әсіресе Қазақ елінің Жетісу аймағына көрші орналасқан Іле өңіріне де келіп жетті. Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін ресми Пекин оларды «хуэйцзу» (回族) деп атап, «ұлт» мәртебесін берді әрі ресми түрде елдегі 56 ұлттың бірі деп санады. 2010 жылғы санақ бойынша Қытайда хуэйцзулардың (дүңген) саны 10 586 087 адам болған.

Қазіргі Қазақстан мен Орта-Азиялық «дүңген» этносы Қытайда қалыптасып, «хуэйхуэй», «хуэйжэнь» немес «хуэйцзу» деген атпен аталып келген мұсылман азшылықтардың өкілдері (диаспорасы) болып табылады. Олардың Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғыз мемлекеттері аумағына қоныс аудара бастауы ХІХ ғасырдың соңында орын алды. XIX ғасырдың екінші жартысында қытайдың Шэньси, Ганьсу, Синьцзян, Цинхай провинцияларындағы Цинь патшалығы билігінің салығы жыл сайын өсіп отырды. Цин билігі тарапынан орын алған аяусыз езгі мен ұлттық кемсітушіліктер елдің Солтүстік-Батыс аймағында тұратын дүңгендер мен басқа да халықтардың шыдамын тауысып, ашық көтеріліске шығуына түрткі болды.

1862 жылы Шаньси-Ганьсу провинциясындағы мұсылман дүңгендердің көтерілісі басталып, оның соңы алапат ауқымды қантөгіс шайқаспен жалғасты. Цин патшалығы үшін көтерілісті жаныштау оңайға түскен жоқ. Соғыс 10 жылға тарта уақытқа созылып, 1873 жылы қанды қырғынмен аяусыз жанышталды.Осыдан кейін дүңген көтерілісшілерінің қалдық топтары Шығыс Түркістанға қарай бет алды. Алайда, 1874 жылы Цин патша үкіметі Цзо Цзунтанға Шығыс Түркістанда орын алған ұлт-азаттық күрестерді жаныштау міндетін тапсырды. Мұсылмандарды жаныштаумен аты шыққан генарал Цзо Цзунтан мен дүңген көтерілісшілерінің басшылары Бай Яньху, Ма Дажэн, Ма Ахун, Да Сыфулар арасындағы шайқас Шығыс Түркістанда өз жалғасын тапты.

1876 жылдың күзінде Цзо Цзунтанға «дүңгендер көтерілісшілерінің көзін бір жола құрту» туралы патша жарлығы түсті. 1877 жылдың сәуірінде Цзо Цзунтан Шығыс Түркістанның оңтүстік аймақтарына жазалау отрядын жіберді. Бай Яньху бастаған дүңген көтерілісшілері отбасыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларды алдыға жіберіп, өздері Цин әскеріне тосқауылдай шабуылдап отырды. Дүңген көтерілісшілері Ақсуға жеткеннен кейін екі топқа бөлініп, Ма Дажень басқарған топ Маралбашы арқылы Яркентке қарай беттейді, ал екінші топқа Бай Яньху мен Да Сыфу басшылық етіп, олар Үш-Тұрфанға қарай бет бұрды. 1877 жылы қазан айында Лю Цзиньтан басқарған армия Ақсуға жетеді. Бірақ, олар Бай Яньхуді қолға түсіре алмайды. Оның ізіне түсіп Үш-Тұрфан қаласына келеді. Бірақ көтерілісшілерді ол жерде де қолға түсіре алмайды.

1877 жылдың соңында Цин әскерлері Ақсу, Үш-Тұрфан және Қашқарияны толығымен басып алғаннан кейін, шекаралық аймақтағы ұйғыр мен дүңгендердің барар жер басар тауы қалмады. Енді оларға Ресейге (Ресейге тәуелді Орта азияға) қашудан басқа шығар жол жоқ еді. Ма Дажэнь (Ма Далао-е) басқарған дүңгендер жазалаушы қосындардан жеңіліп 1 000 адаммен Ош қаласына келіп жетті. Да Сыфу (Дидао Аде немесе Юсуф Хажы) бастаған гансулық дүңгендер Үш-Тұрфан қаласына жеткеннен кейін екіге бөлініп, Бедель, Иштык-Саши, Кашкасу арқылы жол тартып, 1878 жылы көктемде 1 130 адаммен Пржевальск қаласына (Қаракөл) жетті. Бай Яньху бастаған топ (3 314 адам) Қырғыз аумағындағы Тоқмаққа келіп жетті. Одан Жетісу жеріне қоныс аударған дүңгендерге қазақ халқы ыстық құшағын ашып, жерінен енші бөліп берді. Атап айтқанда Қордай ауданына келген дүңген жұртының алдынан шығып, қазақ халқының туа бітті дарқандығын танытқан, шұрайлы жерінен жер бөліп беріп қоныстандырған Ноғайбай бидің (Ноғайбай Дәулетбақұлы) жомарттығы мен ізгі істері күні бүгін ел аузында аңыз болып айтылып келеді. Дүңген көшінің екінші легі 1881 жылы Ресей мен Қытайдың Іле аймағындағы шекара мәселесін айқындауға арналған «Петербург шарты» негізінде мүмкін болды.

1884 жылғы мәлімет бойынша Іле (Құлжа) өлкесінен Жетісу өңіріне 4 682 дүңген қоныс аударып келіп, Жаркент, Верный, Пішпек уездеріне қоныстанған. Дүңгендердің Қазақстанға келуі өткен ХХ ғасырда да жалғасты. Бұл жолғы қоныс аударушы дүңгендер негізінен синьцзяндық дүңгендер болды. Олардың елеулі тобы 1950-1966 жылдары КСРО мен ҚХР қарым-қатынасында қалыптасқан жағдайларға байланысты Қазақстанға қоныс аударып келіп, Алматы қаласына және Жаркент т.б. жерлерге ірге тепті.

Дүңгендер Қазақстанға қоныстанғаннан кейін олардың өмірі қазақ халқының тарихи тағдырларымен сабақтасып кетті. Жергілікті қазақтар да оларды барынша бауырына басып, олардың ұрпақтарының осы топырақта бейбіт өмір өткізіп, өсіп-өркендеуіне аса зор қамқорлық жасады. Ал, дүңгендер де қазақ жеріне орныққан бір жарым ғасырдай уақыттан бері қазақ халқының өздеріне жасаған бауырмалдығы мен қамқорлығын бір сәт естерінен шығармай, ылғи да жақсылыққа жақсылықпен жауап қатып келеді. Бұл ретте әсіресе, дүңген халқының батыр ұлы Булар Магуевтің қазақ халқына жасаған жақсылығын айрықша атап айтуға тиіспіз. Булар Магуев – дүңген халқының қастерлі перзенті, атақты қазақ-қырғыз батыры, 1916 жылғы көтеріліске қатысқан, ХХ ғасырдың басында Николаев болысы Пішпек уезінің болыстық басшысы ретінде көптеген жылдар бойы Жетісудың өркендеуіне елеулі үлес қосқан тарихи тұлға.Ол көпұлтты Жетісу халқына жасаған қайырымды істерінің арқасында халық арасында «Булар батыр» деген атпен танымал.

Булар Магуев – Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Заимка ауылының негізін қалаушы, қазір бұл ауыл осы кісінің есімімен аталады, оған қоса бір орта мектеп пен екі мешітке Булар батырдың есімі берілген.Жетісудағы дүңген диаспорасының жетекшісі бола отырып, ол Жетісу халықтары арасындағы достықты нығайтып, осы аймақтың дамуына үлкен үлес қосты, кедейлер мен жоқ-жітіктерді барлық жағынан қорғады және көмектесті.Булар батыр Қытай аумағында шамамен 1870 жылы, Шэньси маңында дүниеге келген. Бала жасында ата-анасымен бірге қазіргі Қазақстан аумағына қоныс аударып, Қордай ауданы аумағына қоныстанады.

Жас кезінен Булар дүнгендермен ғана емес, қазақтармен де, қырғыздармен де достық қарым-қатынаста болды. Өсе келе ол саудамен, егіншілікпен айналысады. Ол өзінің адал еңбегімен жанындағылардың құрмет-ықыласына ие болды. Өзінің іскерлік қасиеттерінің арқасында ол Жетісудағы бай және құрметті адамдардың біріне айналды. Кезекті сайлауда ол Пишпек уезіне кіретін Николаев болысының (Қарақоңыз) басқарушысы болып сайланады.Булар өзінің болыстық басқарушы ретіндегі қызметі кезінде бүкіл халыққа әділ болуға және пайдасын тигізуге ұмтылды.

1916 жылғы көтерілісте дүңгендердің көбі қазақтар мен қырғыздар жағында болды. Патшалықтың отаршылдық саясатына қарсы бірлескен күрес дүнгеннің қырғыз және қазақ халықтарымен достығын нығайтты. Осы тарихи оқиғалардың барлығы Қарақоңыз болысы Пишпек уезінің басшысы Булар Магуевтің де тікелей қатысуымен орын алды. Өзінің мансабына, әл-ауқатына және отбасы мен өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, ол орыс патшалығының отаршылдық саясатына үзілді-кесілді қарсы шықты, Жетісу халқының мүдделерін қорғауға батылдықпен кірісіп, халықтардың достығы мен бірлігін нығайтуды, қарапайым халыққа көмек көрсетуді парыз деп санады.Қарақоңыз болысының басшысы Булар Магуев, белгілі қазақ және қырғыз қайраткерлері: Шабдан Жантаев, Дүр Сауранбаев, Ғали Өзбеков, Барлыбек Сырттанов, Ыдырыс Сәдібеков, Бекболат Әшекеев, Сәт Ниязбеков, Ибраим Жайнақов секілді жергілікті билікпен қатар, Жетісу өңіріндегі саяси-экономикалық, саяси-мәдени бұқаралық іс-шараларға белсенді қатысты.

Атап айтқанда, 1910 жылы қазан айында ол Ұзынағаштағы қазақтар мен қырғыздар өкілдерінің съезіне қатысты, онда Ресей шаруаларының Жетісуға қоныс аударуының салдары туралы саяси-экономикалық мәселе талқыланды. Съезд Санкт-Петербургке делегация жіберу туралы шешім шығарды, оның құрамына Б.Магуев те кірді.1913 жылы Жетісу делегациясының құрамында Булар Санкт-Петербургтегі Романовтар әулетінің 300 жылдығына арналған мерекелерге қатысты.

Осы оқиғаға байланысты оған Хорунжего әскери атағы, сондай-ақ кейіннен Кеңес өкіметі тәркілеген алтын және асыл тастармен көмкерілген қанжар белбеуі берілді.Куәгерлердің айтуынша, Дүниежүзілік І соғыс салдарынан болған аштық жылдарында Булар Магуев Заимка Қордай өңіріндегі халықты аштықтан құтқару үшін 40 киіз үй тігіп, 40 үлкен қазан асып, жылдар бойы күн сайын «көже» қайнатып, жалаңаш қалғандарына жылы киімдер берген. Ал ұзақ мерзімге қалғандарды ұйымдастрып Шу өзенін бұрып канал-арна салды. Арна «Шинчүй» деп аталды, бұл дүнген тілінен аударғанда «Жаңа арна» дегенді білдіреді.

1926 жылы 21 қаңтарда тергеу изоляторында болған кезде Булар батырды Кеңес өкіметі Жетісу халықтарына деген мейірімділігі мен сүйіспеншілігі үшін ғана ақтады және сол күні ақтау үкімі оқылған кезде ол жүрек талмасынан қайтыс болды.Оның ізгі істері мен жарқын бейнесі Жетісу халықтарының жүрегінде мәңгі сақталып қалды.Бүгінде Қазақстандағы дүңгендердің 70 пайызына жуығы Қордай өңiрiнде тiршiлiк кешуде. Соның бiраз бөлiгiн Булар батырдың ұрпақтары және ағайын-туыстары құрап отыр. Сондай-ақ, Булар батырдың тікелей ұрпақтары Қазақстанның ғылым, білім, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларында да жемісті еңбек етуде.

Ол туралы тарқатып айтсақ сөзіміз тіптен ұзап кетпек. Солардың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Буларов Илияс Юсупұлы. Ол 30 жасында-ақ «Коммунистический» (қазiргi Сортөбе) ауылының колхоз төрағасы қызметiне көтерiлiп, нарықтық экономикаға көшудiң алғашқы қиындықтары тұсында басшылық қызметте болды. Әрісі тұтас еліміздегі, берісі Қордай өңіріндегі көптеген қайырымдылық iс-шараларына мұрындық болған Илияс Юсупұлы республикамыздағы екi бiрдей жоғарғы оқу орнын бiтiрген инженер, ұзақ жылдар «Қазтрансгаз-Алматы» акционерлiк қоғамында абыройлы қызмет етті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты болды. Жалпы дүңген халқы Қазақ халқының, оның ішінде Ноғайбай би бастаған ел азаматтарының қамқорлығы мен жақсылығын еш қашан естен шығарған емес, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қордайдағы дүңгендер Ноғайбай Бидің басына ескерткіш орнатып, жанынан шағын мешіт салды. 2013 жылы дүңгендер қазақ халқына тағы бір ерекше құрмет көрсетті. Бай Яньху батыр ұрпақтары мен халық бірігіп Масанчи ауылынан «Ұлы қазақ халқына дүңген этносынан» деген ескерткіш орнатты. 2018 жылы «Вэнхуа» дүңген этномәдени орталығы және ақсақалдар, әкімшілік бірігіп Сортөбе ауылында Ноғайбай биге ескерткіш орнатты.

Дүңгендер өздерінің адал еңбегімен қазақ халқына, қазақ жеріне зор құрмет көрсетіп, ел экономикасы мен өңірдің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бұл ретте байтақ Қазақстанды тұтастай көкөніспен қамдап отырған жұрттың бірі еңбекқор дүңген халқы екенін атап айтсақ та жеткілікті.

Мәселен, 2020 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы дүңген диқандарының өндірген көкөніс мөлшері 660 мың тонна болған болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 1миллион тоннаны құраған. Ал, Қазақстандағы дүңгендер еліміздің спорт саласының дамуына да айтарлықтай үлес қосып келеді. Есімі күллі әлем жұртына белгілі Мая Манеза, Зульфия Чиншанло, Рашид Дауров, Шамил Фушанло, Искандер Харсан қатарлы жерлестеріміз Қазақстанның көк туын әлемдік аренада сан мәрте желбіретіп, мерейімізді тасытқанына қалай тебіренбессің?!

Кеңес Одағының ыдырауы қарсаңында, яғни 1989 жылғы санақ бойынша Қазақстандағы дүңген халқының саны бар болғаны 30 165 адам болатын. 2019 жылғы соңғы мәліметтерде дүңген халқының саны 70 мың адамнан асқан. Бұл жағдайды Қазақстандағы дүңгендердің басына «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманның орнап, бай-бақытты өмір кешіп жатқандығының көрінісі десек, оны ешқашанда Қазақ халқының бауырмалдығы мен кең пейілдігінен, қазақ билігінің салиқалы саясатынан бөле қарауға болмайды.

 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support