Қауынқақты кәсіп еткен келіншек

Қауынқақты кәсіп еткен келіншек
ашық дереккөз
Қауынқақты кәсіп еткен келіншек
Бақыт Керімбайқызының балалық шағы Сарысу ауданының Түгіскен ауылында өтті. Мұнда кешегі Кеңестер Одағы кезінде мал шаруашылығымен айналысқан үлкен совхоз болды. Әкесі Керімбай шаруашылықта қызмет істесе, анасы Ұлту үй шаруашылығымен айналысты. Бақыт үйдегі қыздардың үлкені болғандықтан, жастайынан анасының көмекшісі болған еді. Бүгінде қара шаңырақта отырған Ғалымбет ағасы екеуі ауылдың күнбатыс жағындағы қыстай су жататын көлтабанға талай рет қауын, қарбыз егіп, одан мол өнім алатын. Анасы марқұм қауыннан қауынқақ жасауды да Бақытқа мектептің соңғы сыныптарында оқып жүргенде үйреткен. Олардың дайындаған қауынқақтары сол кездің өзінде үлкен сұранысқа ие болатын. Сапалы дайындалған қауынқақ аудан, облыс ғана емес, Алматы асып кеткенін де білеміз. Бақыт 2016 жылы Сарыкемер ауылындағы Нұржас деген азаматқа тұрмысқа шығады. Мұнда бастапқыда ешқандай жұмыстың қисыны келе қоймайды. Содан жұбайы Нұржаспен ақылдаса келе, қыз күнінде анасынан үйренген кәсіпті қолға алуға ниет танытады. Сөйтіп, жұбайы екеуі өткен жылы ерте көктемде Сарысуға барып, қауын егеді. – Ауылға барғанымда қауын егіп, қауынқақ жасайтындар көбейіп кетіпті. Көлтабанды ауыл азаматтары бөліп алып, сыртын мал түспесін деп қоршап алған екен. Әр үйдің жері арасына асқабақ егіп тастағанын көрдім. Сөйтіп, жұбайым, ағам үшеуміз еккен қауын бітік шықты. Піскен уақытта барып, қауынды тіліп, оны апта бойы кептіріп, қауынқақ жасадық. Шешем үйреткендей жұмсақ әрі тәтті болуы үшін қарбыз сөліне шылай отырып қауынқақты қыздың шашындай етіп өріп, дайындадық, – дейді Бақыт. Кәсіпкер келіншек былтыр қараша айында Тараз қаласында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша жергілікті шикізаттан жасалған ерекше өнімдер көрмесіне қатысады. Осы жобада облыс аудандары арасында ауданымыз жеңімпаз атанып, кубокты ұтып алған болатын. Міне, бұған біз сөз етіп отырған жас кәсіпкер Бақыт Керімбайқызының да қосқан үлесі мол. Бақыттың көрмеге қойған қауынқақтарына қызығып, оны сатып алушылардың қатары көп болды. – Көрмеден соң қауынқақтарыма сұраныс артты. Қазір алушыларым көп. Қауынқақтың жақсы бір қасиеті – бір жылға дейін сақтала береді. Мұндай қауынқақтар біздің дүкендерге шет мемлекеттерден жеткізіледі. Оның бағасы арзан болғанымен, сапасы төмен. Қатты болып келеді әрі дәмді емес. Мен жылына 15-20 килограмға дейін қауынқақ дайындап өткерсем, енді оны 50 килограмға жеткізуді ойластырып отырмын. Бұған дейін екі адамды жұмысқа тартсам, алда тағы екі-үш адамды жұмысқа алмақ ниетім бар, – дейді ол. Қазіргідей ағын суының қат кезінде суды қажет етпейтін көлтабанға егілген қауыннан алынып отырған табиғи өнім – қауынқақты кәсіп етіп отырған Бақыттың бұл бастамасы құптауға тұрарлық. Оның бұл ұсынысын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы да қолдап отыр. Олар кооператив құру арқылы күнге кептіріліп келген қауын тіліктерін арнайы аппарат арқылы кептіруді ойластырып жатқан көрінеді. Ата-анасының кәсібін бүгінгі күні ағасы жалғастырып, осынау оңды істі Бақыт та жандандыра түсті. Ол алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, алатын өнімін молайта түспек.  

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

журналист.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар