- Advertisement -

Заң талабы көпке ортақ

172

- Advertisement -

Өңір азаматтары құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету, ксенофобия мен этникалық және тілдік белгілері бойынша кемсітушілік және этносаралық шиеленіске алып келетін кез келген заңсыздықтардың алдын алу – құқық қорғау органдарының қадағалауындағы мәселе. Қоғамда ара-тұра кездесіп қалатын тұрмыстық кикілжіңдердің соңы кейде ұлтаралық қақтығысқа да ұласып кетіп жатады. Оның алдын бүгін алмасақ, ертең кеш болатындығын Қордай оқиғасы көрсетті. Аллаға шүкір, бүгінде ел тыныш. Ұлт пен ұлыс өкілдері облысымызда тату-тәтті, ынтымақта тұрып жатыр.

Кеше «Достық үйінде» облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы мен оған қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен жоғарыда аталған мәселе аясында семинар-кеңес өтті. Оған прокуратура, полиция, қоғамдық ұйымдар мен өңірлердің ішкі саясат бөлімдері, түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев төрағалық етті. Еркін Құлымбайұлы семинар-кеңестің ашылуында бүгінгі таңда облысымызда түрлі этнос өкілдері арасында орнаған ынтымақ пен бірліктің беріктігін сөз ете келіп, алғашқы сөзді облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлына берді.

– Бүгінгі таңда облысымызда 87 ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың құқықтары ел азаматтарымен бірдей қорғалуда. Біздің заңымызда бөле-жару жоқ. Заң барлығымызға ортақ. Барлық азаматтардың құқықтары заң аясында қорғалған. Мүдделі органдармен қатар, жауапты құрылымдар арасында тиісті жоспарлар жасалған. Дегенмен, ел ішінде сирек те болса тұрмыстық жағдайлар орын алып жататыны белгілі. Оның салдарынан ұлтаралық қақтығыстардың тұтанып кету қаупі де жоқ емес. Сол қауіптің алдын алу мақсатында елді мекендерде тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл қоғамдық жұмыстарға елге белгілі, сөзі өтімді ардагерлер тартылған. Заң баршамызға ортақ, қандай да бір құқықбұзушылық болмасын, ол жазасыз қалмайды. Біздің міндет – заң талаптарында көзделген құқық нормаларының сақталуын бақылау, – деді ол.

Осыдан кейін сөз күн тәртібіне сәйкес баяндамашыларға берілді. Жамбыл облыстық прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Алмас Жұмабеков өз кезегінде азаматтар құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыс барысына тоқталды. Ал, облыстық полиция департаментінің экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Науатбек Қабылбеков қоғамдағы дау-дамайлардың көбі ауылдан басталған дейді. «Полиция қызметі өзіне жүктелген міндеттерді атқаруда тұрмыстық қақтығыстардың алдын алуға күш салады. Биыл Қордай ауданында екі азаматтың тұрмыстық жағдайда бір-біріне күш көрсетпек болған жағдайы орын ала жаздап барып, бейбіт жолмен шешілді. Бұл мәселе төңірегінде полиция бөлімдері жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, тиісті алдын алу жұмыстарын бір-бірімен тығыз байланыста атқара білді», – деді ол.

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова қоғамда орын алып отырған көп жағдай осы мемлекеттік тілге байланысты болып отырғанын айтты. «Қазіргі таңда мемлекеттік тілді үйренуге талап білдірген өзге ұлт өкілдерінің қатары артып келеді. Бүгінде тіл үйрену курстарына қатысып, білім алған азаматтардың 74 пайызы қазақ тілін меңгеріп шықты. Сөйлей де, жаза да алады», – деді ол.

Бұдан бөлек, сауда-саттық пен мемлекеттік қызмет көрсету саласында әлі күнге ресми тіл үстем екенін қозғады. Жолаушылар мен әуе тасымалында билеттер, ірі сауда орталықтарында төлем түбіртектері, банк пен нотариаттардың арызды орыс тілінде талап ететіндігі айтылды. Бұл салаларда қазақ тілінің аясын кеңейту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар күшейтіліп жатқанын, ілгерілеу байқалғанын жеткізді.

Ал, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева мекеме тарапынан ұйымдастырылып жатқан семинарлар мен кездесулердің ұлттар мен ұлыстар арасындағы ынтымақ пен бірлікті, татулық пен достықты насихаттауда беріп отырған оң жұмыс нәтижесін тарата айтып берді. Бұдан кейін облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі (Өңірлік коммуникациялар қызметі)» КММ басшысы Алмат Сәдуақас баяндама жасады. Ол биыл өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұлтаралық қақтығыстар тақырыбында ешқандай баспасөз мәслихатының ұйымдастырылмағанын, өйткені ондай қажеттіліктің болмағанын айтты. Әлеуметтік желіде бір-екі тұрмыстық жағдайға байланысты іліністер болғанымен, ол тез шешімін тапқанын жеткізді.

Жиын соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Осы бөлімде «Желтоқсан-1986» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Талғат Кеншінбеков облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесе жұмыс істегілері келетінін жеткізді. Сөйтіп, «Қоғамдық келісім» ұйымымен бірлесіп, жақын күндері «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты іс-шара ұйымдастырсақ деген ұсыныс тастады. Ал, украин этномәдени орталығының мүшесі Фёдор Клименко мемлекеттік тілді үйрену туралы ұсынысты қолдайтындығын жеткізді. «Мен қазір көтерілген тіл мәселесін қолдаймын. Дұрыс қабылдаймын. Өйткені, мен Қазақстанда тұрамын. Қазақстаннан ешқайда кету ниетім жоқ. Менің Германия мен Грецияға көшкен достарым бірінші кезекте сол елдің тілін үйренді. Мен үйде балаларыма жақсы өмір сүргілерің келсе, жақсы қызмет істегілерің келсе, мемлекеттік тілді үйреніңдер деп айтып отырамын. Мемлекеттік тілді білсең жолың да, қызметің де өседі деп кеңес беремін. Барлық жастарға жүрген жерімде осыны айтып, насихаттап жүремін», – деді ол.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қорытындылап, семинар-кеңес барысында айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support