- Advertisement -

Алқабилер алған асу

99

- Advertisement -

Еліміз тәуелсіздік алып, егемендікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан халқының құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын тәуелсіз сот жүйесі құрылды. Ал, сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуіне алқабилер институты енгізілді. Жалпы, «Алқабилер туралы» Заң елімізде 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылып келеді. 15 жылдық тарихы бар заңға бұған дейін 4 рет өзгерістер пен толықтырулар енгізіліп, уақыт талабымен жаңартылған.

Заң аясында Алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптар мен олардың құқықтық мәртебесі, құқықтары және міндеттері айқындалды. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде 25 жасқа толмаған, өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар, сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар, судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi және денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар енгізілмейді. Үміткерлердің тізімдеріне азаматтарды енгiзуге шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi.

Бұған дейін қолданыста болған Қылмыстық іс жүргізу Кодексі «Алқабилердің қатысуымен істер бойынша іс жүргізу» деп аталатын жаңа бөліммен толықтырылды. Алғашқы жылдарда облыстық және оған теңестiрiлген сотта алқабилердің қатысуымен сот екi судьяның және тоғыз алқабидің құрамында әрекет етті. Қазіргі уақытта бұл құрам өзгеріп, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта және қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта алқабилердің қатысуымен сот бір судьяның және он алқабидің құрамында жұмыс істейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 5 жылда республика бойынша алқабилердің қатысуымен 226 қылмыстық іс қаралған.

2014 жылғы 4 шілдедегі Қылмыстық- процестік Кодексінің 14-бөлімінде қылмыстық істер бойынша алқабилердің қатысуы мен іс жүргізудің аясы айқындалған. Қылмыстық сот iсiн жүргiзудi осы бөлiмде көзделген қағидаларға сәйкес жүзеге асыру күдіктінің, айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты бойынша жүргiзiледi. Айыпталушы алдын ала тыңдау жүргiзiлгенге дейiн және алдын ала тыңдау барысында өз iсiн алқабилердiң қатысуымен қарау туралы мәлiмдеген өтiнiшхатынан бас тартуға құқылы. Айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты алдын ала тыңдау барысында расталғаннан кейiн оның одан бас тартуы қабылданбайды. Егер сотталушы істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе немесе бұл туралы бұрын мәлімделген өтінішхатты растаса, судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда iстi алқабилер қатысатын соттың қарайтынын көрсетедi. Сондай-ақ, осы сот отырысына шақырылуға жататын алқабиге кандидаттардың санын айқындайды. Ал, олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиiс. Айта кетейік, бiр адам сот отырыстарына алқаби ретiнде жылына бiр реттен артық қатыса алмайды.

2021 жылғы 27 желтоқсандағы енгізілген өзгерістер мен толықтырулардан кейін құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аясының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді ендіру мәселелері шеңберінде осы жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер қатысатын соттың қылмыс құрамы айтарлықтай көбейді. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қылмыстық- процестік Кодекстің 631-бабының бірінші және екінші бөліктері жаңа редакцияда қолданысқа енгізілді. Алқабилер қатысатын сот Қылмыстық Кодекстің бірқатар баптарында көзделген қылмыстар туралы сондай-ақ, төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру туралы, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар туралы, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстар туралы істерді қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы істерді қарайды. Сонымен қатар, алқабилер сотының тағы бір жаңалығы – 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін «Қазақстан Республикасының Қылмыстық- процестік Кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы №175-VII Заңының аясында болмақ. Заңның аясындағы басты жаңашылдық – Қылмыстық-процестік Кодекстің 308-бабының 2-бөлігінің жаңа редакцияда ұсынылуы. Бұл жаңашылдық осы институттың одан әрі дамуына, алқабилердің қарауына берілетін істер санатының кеңеюіне, сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Биыл алқабилердің қатысуымен қаралуы мүмкін істердің санына болжам жасалып, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың жүктемесі көбеюі мүмкін деген тұжырыммен бірқатар кадр мәселелері мен сот залдарын заманауи технологиялармен жабдықтау шаралары атқарылды. Бүгінде қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты судьяларының штат саны көбейтіліп, алқабилердің қатысуымен сот отырыстарын өткізетін 3 зал жабдықталды. Ал, облыс әкімдігінің тарапынан осы жылы алқабиге кандидаттардың тізіміне шамамен 8 мың азаматқа дейінгі тізім ұсынылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайып отыр.

Қорыта айтқанда, Алқабилер соты – соттың әділ өтуіне өз ықпалын тигізе отырып, қоғамның күмәнді көзқарасын өзгертеді. Бұл институт халықаралық стандарттарға жақын әрі іске қатысушылардың құқықтық жағынан барынша қорғалуы мен сот жүйесінің одан әрі дамуына әсер етеді.

 

Ирина АЛИМҚҰЛОВА,

ҚР Сот әкімшілігінің облыс бойынша департаментінің ұйымдастыру-талдау бөлімінің бас маманы, заң ғылымдарының магистрі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support