- Advertisement -

Нашақорлықпен күресу — қоғамға міндетті

92

- Advertisement -

Ғасыр дертіне айналған есірткіден құтылу және бұл кеселдің алдын алу қазіргі таңда күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі. Қазақтың тегінде болмаған есірткі дерті «есіріп» кеткендіктен, бүгінде бұған қарсы мемлекеттік деңгейде қарсы күрес жарияланып отыр. Мәселен, әр жыл сайын нашақорлыққа қарсы күрес айлығы жүзеге асырылады. Бұл – 26 маусымда атап өтілетін Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орайластырылуда.

Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденовтің төрағалығымен өткен мемлекеттік органдардың нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабының отырысында есірткіге қарсы іс-шаралардың тұтас кешенін іске асыру туралы кеңінен айтылды. Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев, облыстық полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев және облыс әкімдігіне қарасты бірқатар басқармалардың басшылары қатысты.

Жиында Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сапарбекұлы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелерін ойдағыдай шешу қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығының алғышарты екенін баса айтты. Ол өз сөзінде барлық мемлекеттік органдар күш біріктіргенде ғана өскелең ұрпақтың салауатты болашағы қамтамасыз етілетінін атап өтті. Бұдан кейін сөз алған облыстық полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев нашақорлыққа қарсы күрес айлығы шеңберінде мүдделі тараптармен бірлесіп, іс-шаралар жоспары бекітілгенін жеткізді. Сондай-ақ, ол есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, нәтижелерімен бөлісті.

– Бүгінгі күнге дейін есірткіге қатысты құқықбұзушылықтың 193 дерегі анықталды. Оның ішінде 76 қылмыс және 117 қылмыстық теріс қылық. Заңсыз айналымнан 528 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Оқу орындарында, колледждерде және жоғары оқу орындарында 3 мыңнан астам студентті қамтыған 250 профилактикалық іс-шара өткізілді, – деді Әлім Маратұлы.

Айта кетейік, есірткіге қарсы ауқымды айлық аясында өңірдегі бірқатар азаматтар да белсенділік танытуда. Мәселен, «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігі мен Тараз қалалық әкімдігі бірлесіп «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжінде «Есірткісіз болашақ!» атты кездесу ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың назарын синтетикалық есірткінің жаңа түрлерінің пайда болу қаупіне, оларды қолданудан қорғаудың маңыздылығына, сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстану қағидаттарын қалыптастыруға аудару. Кездесу барысында полицейлер есірткі заттарын пайдаланудың зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түрлі құқықбұзушылықтар мен қылмыстар үшін жауапкершілік жүгі ауыр екеніне тоқталды. Жиын соңында студенттер назарына облыстық полиция департаментінің кинологиялық қызметінің қызметтік-іздестіру иттерінің қойылымдары ұсынылды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support