- Advertisement -

Жастарды қолдау назардан тыс қалған емес

76

- Advertisement -

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деген болатын.

Мемлекет басшысының бастамасымен қазіргі таңда жастарды қолдау мақсатында облысымызда ауыз толтырып айтуға тұрарлық жұмыстар атқарылуда. Жастарға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері де жыл санап артып келеді. Нақтырақ тоқталсақ, жас мамандарды қолдауға бағытталған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы, түлектерді оқу грантымен қамтамасыз етуде «Серпін» бағдарламасы, өңіріміздегі жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарында білім алуға арналған оқу гранттары, жас мамандар мен жас отбасыларды баспанамен қамтуға бағытталған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы, жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау мақсатындағы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты, облыста жетістікке жеткен әртүрлі сала жастарын ынталандыруға бағытталған облыс әкімінің «Әулиеата үздігі» жастар сыйлығы, жастардың кәсіби шеберлігін қолдау және дамытуға арналған «Профи» облыстық байқауы, кәсіпке бейім жастарды қолдауға бағытталған 2,5 пайыздық шағын несие, жастарды маусымдық жұмыспен қамту мақсатындағы «Жасыл ел» жобасы, сондай-ақ, жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту ісі ұйымдастырылуда.

Бүгінгі таңда жұмыспен қамту мекемелерінің ықпалымен 35 жасқа дейінгі 10022 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Атап айтқанда, 3106 адам ваканттық жұмыс орындарына орналасса, 553 қыз-жігіт онлайн оқытуға, 631 түлек жастар практикасына, 275 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 1836- сы ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сондай-ақ, 12 жас «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына, 149-ы «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, сондай-ақ 2335 жас «Бизнес Бастау» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданса, 91 жас қайтарымсыз грант алды.

Облыс көлемінде бос жұмыс орнының 80 жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкелерге 520 жұмыс беруші мекеме қатысып, 1474 бос жұмыс орны ұсынылды. Оған 2856 жұмыссыз қатысқан, оның ішінде 172-сі жас азаматтар, 6-уы мүмкіндігі шектеулі адамдар болса, қалғаны жергілікті тұрғындар. Жәрмеңке қорытындысымен 111 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 168 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданса, 50 түлек «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмысқа орналасты.

Жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша ағымдағы жылы 15 қоғамдық тыңдау өткізіліп, оларға уақытша жұмыссыз жүрген 248, пробация тізімінде тұрған 7 жас қатысты. «Jastarga-кеnes» жобасы аясында мемлекеттік қолдау тетіктері мен жұмыспен қамтудың белсенді шаралары туралы 50 ақпараттық кеңес беру алаңдары ұйымдастырылды. Оған жалпы 2500 жас қатысса, оның ішінде уақытша жұмыссыз жүрген 790, пробация тізімінде тұрған 140 жас мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттық кеңес алды.

Биыл жергілікті бюджет есебінен 136,2 миллион теңгеге 1800-ден астам жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасы өз жұмысын бастап, Тараз қаласы мен аудандардан жалпы 556 жас маусымдық жұмыстарға тартылса, оның 92-сі уақытша бос жүрген жұмыссыз жастар.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы наурыз айынан бастап жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету мақсатында 347 жасқа (жұмыссыз және 3 жылға дейінгі кәсіппен айналысып жатқан жастарға) 1 миллиард 735 миллион теңге жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беру жұмыстары жүргізілуде. Несие 5 жылға дейінгі мерзімге 5 миллион теңгеге дейін беріледі. Сәуір айында өтініштерді іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның алғашқы отырыстары өткізіліп, құны 616,1 миллион теңгені құрайтын 134 жоба мақұлданды. Ал, қаржыны беру жұмыстары енді басталады.

Сонымен қатар, биыл республикалық бюджеттен «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау үшін ауыл халқына микрокредиттер беру» бағдарламасы аясында 5 бағыт бойынша (үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту, ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, кооперативтерді жабдықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашу) 6,047 миллиард теңге қаражат бөлініп, 1209 адамға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несие берілді. Оның ішінде 344 жас (14-35 жас аралығындағы) 2,5 пайызбен жалпы сомасы 3,493 миллиард теңгеге (2500 АЕК-ке дейінгі сомада) жеңілдетілген несие алған.

Өткен жылдан бастап облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы іске асырылуда. 2022 жылы бағдарламаға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 миллион теңге бөлінді. Бағдарлама аясында 40 жас баспаналы болды. Биыл аталған бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жалпы 2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Яғни, 1 миллиард теңге жергілікті бюджеттен, 1 миллиард теңге «Отбасы банк» акционерлік қоғамы тарапынан. Бұл жобамен биыл 140 жасты баспанамен қамту жоспарлануда.

Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында да, өзге де алқалы жиындарда сөйлеген сөзінде де жастардың мәселесіне тоқталмай өтпейді. Жас тұлғалардың заман талабына сай білім, тәрбие алып, денсаулығын күтіп, жан- жақты дамыған азамат болып өсуіне және жұмыспен қамтылуына билік тарапынан барынша көңіл бөлініп отыр. Жастар да Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыруда еңбектеніп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып келеді.

 

Жомарт ЗҰЛПЫХАР,

облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support