- Advertisement -

Байзақтың арулары

65

- Advertisement -

Іскер Әйелдер кеңесі 2017 жылдан бері Жамбыл облысында жұмыс істейді. 2022 жылы тамыз айында Облыстық кеңестің шешімімен Елешова Гүлсім Шыныбайқызы Байзақ аудандық кеңес құруға жетекші болып сайланды. Алғашқы кездесу Сарыкемер ауылында ауданның әскер әйелдерінің басқосуымен өтті. Кездесудің өтуіне атсалысқан жеке кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Гүлнәр Дәулетбаева аудандық кеңестің төрағасы болып тағайындалды.

2022 жылдың тамыз айынан бері аудандық кеңестің құрылғанына тоғыз ай болыпты. Осы уақыт ішінде кеңестің құрамына 60 кәсіпкер әйел мүше болды. Әр апта сайын тұрақты түрде кеңес жиналысы болады. Кәсіпкер әйелдердің атқаратын кәсіптеріне қарай бес салаға бөліп жүйелі жұмыс атқарады. Атап айтсақ, өндіріс саласы, сауда-саттық, қызмет көрсету, тігін саласы, ауылшаруашылық. Әр салаға жауапты басшы белгіленген.

– Былтыр қараша айында облыста «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша жергілікті шикізаттан жасалған ерекше өнімдер көрмесі өтті. Ұйымдастырушы БҰҰ халықаралық қоры және JICA жапондық халықаралық ынтымақтастық агенттігі болатын. Осы жобада облыс көлемінде он аудан арасынан Байзақ ауданы жеңімпаз атанып, кубок ұтып алдық. Қазіргі таңда жеңімпаз өнім иелерін оқыту барысы жүріп жатыр. Өнімді сатуға дайындау, брендтеу, сертификаттау жұмыстары басталды. Бұл ауыл әйелдеріне таптырмас қолдау деп білеміз.

Сонымен қатар кеңес құрамындағы саңырауқұлақ, емдік шөптерден жинақталған шайлар, асыл тұқымды малдарды ұрықтандырумен айналысатын кәсіпкерлер Ауылшаруашылық академиясының профессорларымен қоян- қолтық жұмыс жасауда.

Мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттарға оннан аса жобалар жазылып, қорғалу үстінде.

Үкіметтік емес ұйымдар реестріне тіркеліп, облыстың әлеуметтік тіршілігіне қадам бастық.

Ауданның іс-шараларына белсене атсалысып жүрміз. Аудан әкімшілігі еңбегіміз бен мақсатымызды бағалап, арнайы ғимарат береміз деп қуантты, – дейді Гүлнәр Дәулетбаева.

Кеңес мүшелері қайырымдылық іс- шараларға белсене атсалысады. Атап айтсақ, қостанайлық отандастарымызға гуманитарлық көмек жіберіп, Түркия елінде жер сілкінісінен зардап шеккен қалаға аудандық гуманитарлық жиынға атсалысты. Кәсіпкер қыздар өз аттарынан балалар күніне арнап мерекелік кеш те ұйымдастырған.

26-27 мамырда Тараз қаласында өткен «ZHEIF» Халықаралық форумына Байзақ ауданынан 20 өнім көрмеге шықса, оның жиырмасы да іскер әйелдер кеңесі мүшелерінің өнімдері екен. Осы форумға келген қос министрден ауыл әйелдерінің өндіріп жатқан өнімдері жоғары баға алған. Бұл бағалау кәсіпкер әйелдерге серпіліс сыйлады.

– Шалғай ауылдарды арнайы аралап, қолынан кәсіп келетін әйелдердің басын қосып, оқытып, мемлекетпен коллаборация жасап, дамыта түсу – негізгі мақсатымыз. Әр кәсіпті, әр өнімді брендке айналдырып, экономикаға елеулі үлес қосып, экспортқа шығу ниетімізде бар, – дейді аудандық кеңес төрағасы.

Еліміз аман, еріміз тұлға, әйелдер сауатты болсын!

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support