- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

36

- Advertisement -

 Қырғыз еліне жұмыс сапарымен барды

Өткен жұмада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері мен Еуропалық Одақ басшыларының екінші кездесуіне қатысу үшін Қырғыз мемлекетіне жұмыс сапарымен барды.

Қазақстан Президенті «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммиті аясында Еуропалық Кеңестің президентімен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишель жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты. Бүгінде ЕуроОдақ – Қазақстанның жетекші сауда серіктесі және экономикамыздың ең ірі инвесторы екені айтылды.

Мемлекет басшысы «Орталық Азия –Еуропалық Одақ» басшыларының кездесуінде сөз сөйлеп, еуропалық серіктестерді Каспий теңізі порттарын дамытуға, логистикалық қоймаларды құруға шақырды.

Саммитке Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишель, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев және Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Нұрмұхаммет Аманнепесов қатысты.

Түркия президентінің ұлықтау рәсімі өтті

3 маусымда Анкарадағы түрік парламентінің ғимаратында Режеп Тайип Ердоған Түркия президенті ретінде халқына ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті. Осылайша Түркияда Ердоған билігінің үшінші онжылдығы басталды.

«Анадолу» агенттігінің жазуынша, түрік президентін ұлықтау рәсіміне 78 елдің өкілі қатысқан. Оның 20-сы мемлекет және үкімет басшылары. Құрметті қонақтардың арасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та болып, ұлықтау рәсімінде Режеп Тайип Ердоғанды Түркия президенті болып сайлануымен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаевты Ердоған арнайы шақырған.

Келесі күні Режеп Тайип Ердоған осы уақытқа дейін бірге жұмыс істеген бұрынғы министрлер кабинетінің өкілдеріне алғыс білдіргеннен кейін, жаңа министрлер кабинетінің құрамын жариялады. Бұл жолғы жаңа үкіметтің құрамында әлемдік тәжірибесі мол мамандар қамтылған.

Дефолт болмайды

АҚШ Конгресінің Жоғарғы палатасы мемлекеттік қарыз шегін көтеру жөнінде заң жобасын бекітті. Бұл заңды 63 сенатор қолдады, 36-сы қарсы дауыс берген. Алдында Өкілдер палатасы да осы заңды құптаған болатын.

Негізінен республикалық партия мүшелерінен құралған төменгі палата соңғы уақытқа дейін заңды өткізбей жүрген еді. Палата төрағасы Кевин Маккарти АҚШ президенті Джо Байденмен алдағы 10 жылда бюджет тапшылығын бір жарым триллион долларға қысқартуға келіскеннен кейін қос тарап ымыраға келді. Әйтпесе, 5 маусымда АҚШ тарихында алғаш рет дефолт жарияланбақ еді. Ал, бұл тек Америка ғана емес, күллі әлемді экономикалық дағдарысқа апарып соғуы мүмкін. Бұл жаңалық әлемдік нарықтарда мұнай бағасының өсуіне түрткі болды.

Мемлекеттік қарыздың шекті мөлшерін көтеру туралы келісім америкалықтар үшін жақсы жаңалық деп мәлімдеген Ақ үй басшысы 4 маусымда Конгресс мақұлдаған заң жобасына қол қойды.

Қаза тапқандардың қарасы көп

2 маусым күні Үндістанның шығысындағы Одиша штатында үш пойыздың соғысуы салдарынан болған апатта 300-ден астам адам мерт болған. Дегенмен, ел билігі қаза тапқандардың саны артуы мүмкін екендігін де жоққа шығармайды. Мұнан бөлек, жүздеген жолаушы жарақат алған.

«Шалимар-Коромандель» жүрдек пойызы жергілікті уақыт бойынша сағат 19.00 шамасында рельстен шығып, оның бірнеше вагоны «Есвантпур-Хаора» экспресі жүретін басқа жолға түсіп кеткен. Қарсы бағытта жүріп келе жатқан пойыз әуелі осы вагондармен, содан кейін жолда тұрған тағы бір жүк пойызымен соқтығысқан. Бұл – Үндістанда 1980 жылдардан бергі ең үлкен теміржол апаты. Euronews агенттігінің мәліметінше, Үндістандағы пойыздардың соғысуына электронды дабыл жүйесіндегі қателік себеп болды. Соның салдарынан пойыз жолды дұрыс ауыстырмаған.

Еуропада азық-түлік бағасы өсіп барады

Мәселен, Германияда инфляция деңгейі 6,1 пайызға дейін төмендесе де, тұтынушылық баға түспей тұр. Таяуда елде азық-түлік 15 пайызға қымбаттаған.

«Мұқтаж жандар да көбейіп келеді», дейді мамандар. Себебі, қайырымдылық қорлардың көмегіне мұқтаж адамдар көбейген. Экономистер елдегі жағдайдың нашарлауына әлем елдеріндегі түрлі қақтығыстар және соның салдары әсер етіп отыр дейді. Пандемиядан кейін енді ес жия бастаған бизнес өкілдері газ бен электр қуаты бағасының шарықтау проблемасына тап болған.

Сұлтан Бейбарыс мешіті ашылды

Египетте Сұлтан Бейбарыс мешітінің ашылу рәсімі болды. Оған Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты.

Іс-шара даңқты билеушінің 800 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Салтанатты жиын барысында Палата спикерімен бірге Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб, дін өкілдері, сондай-ақ, Қазақстан мен Мысырдың мемлекет және қоғам қайраткерлері сөз сөйледі.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Бейбарыс сұлтанның есімі жаһан тарихына дана әрі әділ билеуші, ұлы қолбасшы ретінде алтын әріппен жазылғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Бейбарыстың 800 жылдығы қазақ халқы мен мысырлықтар үшін мәні терең, маңызы зор оқиға екенін тілге тиек етті. Қазақстандық делегация құрамында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де болды.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support