- Advertisement -

Көңілі жайсаң жан еді

58

- Advertisement -

Лентадай созылған, тақтайдай тегіс күре жол үстінде автокөлікпен жүйткіп келе жатып радионы қосып едім, көңілге жағымды бір терме-ән айтылып жатыр екен:

«Қаратаудың басындай балуан тас,

Көтере алмай көзімнен шығады жас, дүние.

Көтере алмай жатқанда көтеріскен,

Ата-анаңдай жақсы екен құрбы-құрдас, дүние.

Ұшып жүрген әуеде ақ сауысқан,

Жыл он екі ай болғанда күн ауысқан, дүние.

Тіршіліктің барында ойна да күл,

Бұл жалғанның қызығын кім тауысқан, дүние…».

Өлеңді елтіп тыңдай отырып, өмір деген шіркіннің жұмбағы көп екенін, оның қамшының сабындай келте екенін, мына жарық әлемде қу тіршіліктің жетегінде жүріп оның қалай сынаптай сырғып өте шығатынын ойлап ішкі дүнием астан-кестең болды. Иә, бұл жалғанның қызығын кім тауысқан? Өмір жалған. Түбіне ешкім жетпеген ауыр ой бойымды бір сәт жаулап алды. Қанша сыйласып жүрген замандастарымыз, қимас достарымыз өмірден көшіп кетті. Сырласып, рухани ой бөлісетін көрнекті жазушы Несіпбек Дәутаев, қарымды қаламгер-журналист Болат Мәуленов, жан достарым Сайлаубек Наурызбаев пен Спартак Смаилов, тай құлындай бірге жүрген әріптестерім Анархан Әзімханов, Ильяс Есчанов, Ергешбай Ибрагимов, Өмірхан Садықов, Моряк Арынғазин сияқты қанша жандардан тек соңғы екі-үш жыл көлемінде айырылдық.

…Қазақта «Көзден кетсе де, көңілден кетпеген» деген сөз бар. Көп жылдар көптің көңілінен кетпей, мыңдаған науқастың санасында жүрген ақ желеңді абзал жан, өз қызметінің шебері, жоғары санатты дәрігер-хирург Көлбай Үсенов десем, қателеспеймін. Оның мына фәни дүниеден өткеніне де 30 жылға жуық уақыт болып қалыпты. Жақсы адамдар өмірден өтсе де онымен сыйласқан, сырласқан, араласқан, достасқан жандар мезгіл-мезгіл еске түсіріп, артына қалдырған өнегелі, жағымды істерін, жасаған жақсылығын, жарқын да кең мінезін, адами асыл қасиеттерін әркез айтып отырады. Көлбай туралы халық арасында нешеме жылы, жағымды естеліктер сақталған.

Көлекеңмен өз басым 1975 жылы жаз айының басында Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін тәмамдап, Жамбыл облыстық аурухананың хирургия бөлімшесіне бір жылдық интернатурадан өтуге келгенімде таныстым. Бөлімшені есімі елге танымал Ұлы Отан соғысының ардагері, хирургиядан тәжірибесі мол, білімі мен біліктілігі жоғары ҚазССР-ның еңбек сіңірген дәрігері Нағым Мұқышов басқарады екен. Онымен бірге еңбекке әбден ысылған хирургтар Е.Л.Константинова, Т.М.Жайнақбаев, Р.Нұров, Ө.Әуезов, Е.В.Богомолов, К.Ә.Үсенов және Т.Ж.Егембердиев еңбек етті. Интернатураға келген бізге олардың әрқайсысын жетекші етіп бекітіп берді. Менің жетекшім Көлбай Әзбекұлы мен Төлеген Жаңылбекұлы болып, хирургиядағы алғашқы еңбек жолым басталды.

Әр адамның өзіне тән табиғаты, туа біткен мінезі, түйсігінің тереңдігі әрқалай ғой. Көлбайдың да өзіне жарасып тұратын жайсаң мінезі, сөз саптауы, қағытпа сөздері, әзіл-қалжыңы, тіпті базбіреулерді қызықтырып, ынтықтыратын дүниелері мол еді. Ұжым және әріптестері оның тек хирургиялық шеберлігі ғана емес, өзіне тән адами қасиеттері үшін құрметтеді, сыйлады, достасты. Әсіресе, құрдасы Төлегенмен қатты қалжыңдасатын еді. Шынында да ол өз ортасының, жүрген жерінің «гүлі» еді. Ашық-жарқын мінезімен көпке ұнайтын.

Күрделі хирургиялық ота жасар алдында бөлімшенің таңертеңгі лездемесінде жиналған дәрігерлерге науқастың диагнозын, ауру тарихын, оның зертханалық сынамаларын баяндап, әріптестерімен ой-пікір бөлісетін қағидасы болатын. Олардың ұсыныстарын сараптап, зерделеп жасалатын хирургиялық ота жөнінде жалпы бір шешімге келетінбіз. Қазір ойлап отырсақ, ол лездемелердің біз сияқты жас дәрігерлерге берер пайдасы мол екен. Қазір көріп жүрміз, бөлімше дәрігерлерінің әрқайсысы ешкіммен ой бөліспей, өз білгенін істеп жатады, содан кейін отадан кейінгі асқынулар көбейеді. Көпшіліктің ойын білу, клиникалық талқылау бүгіндері көзден бұлбұл ұшты. Бұл қазіргі аласұрған замандағы дәрігерлік көмектің бір кемшілігі болар, сірә. Жас дәрігерлердің сол себептен білімі құлдырап барады деп ой түйесің. Өзім білемдік, білімсіздік жақсылыққа апармайтынын өмірден көріп жүрміз. Әсіресе, науқасқа күрделі, ауыр ота жасар алдында көпшіліктің пікірін білу артық болмайды екен. Халық арасында «Жеті рет өлшеп, бір рет кес», деген атам заманнан келе жатқан нақыл бар емес пе? Әттең, сол аталы сөз бұлыңғырланып бара ма?..

Уақыт өткен сайын өткен күндеріңді, қызметтес болған асыл жандарды, өмірден өтіп кеткен қимас достарыңды еске алып, сағынасың, кеудең қарс айырылардай болып оларды аңсайды екенсің. Бұл да мың құбылған мына сайқымазақ тіршіліктің бір тылсым жұмбақ дүниесі болуы керек. Солардың бірі және бірегейі мен үшін Көлбай Үсенов еді.

Оның туып-өскен атамекені Т.Рысқұлов ауданының Жамбыл ауылы болатын. Әкесі мен шешесі сол ауылда, өмірлерінің соңғы күндеріне дейін тұрды. Ата-анасынан жалғыз болып өскен Көлбай туған ауылына бізді ілестіріп мезгіл-мезгіл барып тұратын. Әкесі Әзбекпен, анасы Бұйракүлмен қалжыңдасып: «Ал, әке, әкел анау қораңдағы көп қойдың біреуін, қи бізге бір тоқтыңды, мына менімен қызметтес бір топ жігіттерді қонаққа алып келдім. Сізге сәлем береміз, батасын аламыз деп арнайы келді…», дейтін. Жергілікті мектепте көп жылдар мұғалім болып абыроймен еңбек еткен анасы Бұйракүл жарықтық асып-сасып, сары самаурынын көтеріп, тездетіп қазанына ет салып, ақ дастарқанын жайып тастап, қонақтарға деп сақтаған бар тәтті, дәмді тағамдарын ұсынатын. Талай рет қой сойылып, ақ дастарқан жайылып, әңгіме-дүкен құрып, аунап-қунап, мәре-сәре болып, гуілдесіп қайтқан күндер аз болмады. Шіркін, бұл қазақтың қонақжайлығы мен мәрттігін қойсаңшы.

Көлекең көңілі келгенде қолына қоңыр домбыраны алып, құлағын бұрап, бебеулетіп күй тартып, бір сәт «әу» дейтіні де бар еді. Бірде әннен: «Енді мына «Дүние шіркін!» деген әнге құлақ түріңіздер» деп бұрын айтылмаған, біз естімеген әнді бастап кеткен еді:

«Дәурен көшіп барады қарайламай,

Құбылады, күн сайын, қалай-қалай?

Сенің алтын сәулеңе не жетеді,

Жарқыраған тіршілік шар айнадай,

Жарқыраған дүние шар айнадай.

Дүние шіркін,

Өтер бір күн.

Жарқылдаған, қайдасың,

Ойын-күлкім, ойын-күлкім?!

Құрбы-құрдас кешегі бірге ойнаған,

Жүздеріңді сағындым нұр жайнаған,

Көздеріңді сағындым нұр жайнаған.

Дәурен бастан өткен соң, қайран, дүние,

Дидарыңды қайтейін тіл байлаған!»

Кейін білдік, бұл ән жерлесіміз, ғалым-филолог Мырзатай Жолдасбековтің өлеңі болып шықты.

Көлбай Үсенов 1972 жылы Қырғыз елінің сол кездегі астанасы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы медициналық институтының емдеу факультетін бітіріп, дәрігер-хирург болып елге оралып, Жамбыл қалалық ауруханасына қызметке тұрды. 1973 жылы облыстық ауруханаға ординатор болып ауысып, қарапайым дәрігерліктен хирургия бөлімшесінің меңгерушісі дәрежесіне дейін көтерілді. Мезгіл-мезгіл аудандық ауруханаларда болып, хирургиялық оталар жасап, жаңа тәсілдер енгізіп, жүздеген жас хирургтарды дайындауға үлес қосты. Тындырымды еңбегімен, табандылығымен, ізденімпаздығымен хирургия мамандығының қыры мен сырын шебер меңгеріп, көптеген оталарды (асқазан ойық жараларында ваготомия, лазерлік хирургия, жарықтағы пластика және тағы басқа) облыс көлеміне енгізді. Оның шипалы қолынан ем алған, ота жасатқан науқастары осы күнге дейін Көлекеңді жыр қылып, ризашылықпен айтып отырады.

Көңілі дархан, пейілі кең Көлбайдың араласатын, сыйласатын жақын достары мол болатын. Олар әр саланың мамандары еді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серікхан Байтіленов, қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты Амангелді Карентаев, ауылшаруашылық саласының маманы Сәбит Сәдуәқасов, дәрігер-хирург Төлеген Егенбердиев және басқалар. Әсіресе, Технология және жеңіл өнеркәсіп институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Спартак Смаиловпен жақсы араласты. Екеуі жиі бас қосып, егіз қозыдай бірге жүретін, сырласып, қалжыңдасатын. Спартак ағамыз да өнерден қара жаяу емес болатын. Ол бірнеше күйлердің және әндердің авторы еді. Көңілді сәттерде қолына домбырасын алып, тиегіне бір түкіріп алып, шанағына саусақтарын жүгіртіп, жиылған ортаны ән мен күйге бөлейтін. Тіпті, кей тойларда ортаға шығып, өзіне тән қоңыр дауыспен ән шырқайтын кездері де есте. Енді, міне, екеуі де келместің кемесіне отырып, фәни дүниеден өтіп кетті, арттарында саналы, парасатты ұл-қыздары қалды.

Кеше ғана жылы жымиып, арасында өзіне жарасатын әзілін айтып, жаныңды шуаққа бөлейтін жанның арамыздан мезгілсіз кеткендері жүректі сыздатты. Көлбайдың арманы көп болатын. Соның бірі – ұл-қыздарыма жоғары білім беріп, үйлендіріп, олардан немере сүйсем, 50-60 жасымды бір жігіттей атап өтіп, ел-жұртыма есеп берсем дейтін. Жете алмады… Ердің жасы 50-ге таяп қалғанда 1994 жылы қоңыр күздің бірінде ойламаған жерден жедел жүрек талмасынан көз жұмып кете барды…

Көлекеңнің жұбайы Гүлзада Ахметова көп жылдар бойы облыстық ауруханада дәрігер-гастроэнтеролог болып қызмет етіп, абыроймен зейнетке шықты. Үлкен ұлы Бақытжан заңгер болса, кіші ұлы Дәуір ата-ана кәсібі – дәрігерлікті жалғастырып келеді. Қызы Алтынай АҚШ-та жоғары білім алған, бүгінгі таңда ісін өрге домалатып отырған кәсіпкерлердің бірі. «Тәубе!» деп, барына шүкіршілік етесің. Одан басқа қолдан келер амал жоқ…

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес. «Мені» мен «менікінің» айырылғанын, «Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес», деген екен хәкім Абай. Расында да, адам өмірден озса да оның өмірін кінідігінен тараған ұрпақтары, дос-жарандары, жақын таныстары мезгіл-мезгіл еске алып, Құран бағыштап жалғастыра береді екен. Сірә, атам қазақ «Адам ұрпағымен мың жасайды» деп бекер айтпаған болар. Өмірден өткен жақсылар мен жайсаңдардың жақсылығын айтып отыру мына жер басып жүрген біздерге парыз.

Біраз жылдар үзеңгілес болып, бірлесіп, тізе қосып талай хирургиялық ота жасап, аға-інідей сыйласып, бір ұжымда тату-тәтті сыйластықпен еңбек еткен облысымызға белгілі хирург Көлбай Әзбекұлының әріптесіміздің есімі лайым ел есінде ұзақ жылдар сақтала бергей.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support