- Advertisement -

Қайраткер тұлға Қабылбек

68

- Advertisement -

Биыл қайсар рухты қайраткер Қабылбек Сарымолдаевтың туғанына – 125 жыл. Осыған орай, Сыпатай батыр ауылындағы 16 орта мектепте «Халқым деп өткен қайраткер» тақырыбында конференция өтті. Жиында алғаш сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Алтынбаева мұндай іс-шараның өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті. Бұдан кейін, бірқатар мектеп оқушылары «Түркі – қазақ болашағы үшін күрес және Қабылбек Сарымолдаев» тақырыбында баяндама жасады. Ал, орталық мемлекеттік архиві әлеуметтік зерттеулер орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зирабүбі Төленова мен белгілі журналист-жазушы Көлбай Адырбекұлы атақты қайраткердің өмірі мен қызметі, сол кезеңдегі уақыт шындығы және саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жазаланғандар туралы қалың жұртшылыққа беймәлім ақпараттарды қамтып өтті. Сондай-ақ, олар мектеп кітапханасына орталық мемлекеттік архив әзірлеген Қабылбек Сарымолдаев жөніндегі толыққанды мәліметтер топтастырылған жинақты тарту етті.

Бұдан кейін, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев бастаған бірқатар аға буын өкілдері өз ой-пікірлерін ортаға салды. Жалпы, аядай ауылдағы білім ұясында өткен конференция жоғары дәрежеде ұйымдастырылды деуге негіз бар. Бұл ретте мектеп директоры Гүлжамал Мұратованың, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Балжан Исламова мен аудандағы белсенді нәзікжандылардың бірі Мейрамкүл Жексембіқызының еңбегі зор.

Айта кетейік, 1898 жылы дүниеге келген Қабылбек Сарымолдаев Әулиеатадағы төрт жылдық училищені тәмамдаған. 1916 жылы «Қазақ жастарының революциялық одағы» жұмысына белсене қатысқан ол 1918 жылы уездік революциялық әскери комитеттің төрағасы қызметін атқарып, Түркістан Орталық атқару комитетінің мүшесі болады. 1919 жылы Әулиеатада уездік атқару комитетінің төрағалығына сайланған оның қызмет бабында жоғарылауы 1938 жылы «Халық жауы» деп танылғанша жалғасын табады. Нақтылай түссек, Қ.Сарымолдаев түрлі жылдары Орынборда Қазақ АКСР Ішкі істер Халық комиссарының орынбасары, Ташкент облыстық атқару Комитетінің төрағасы, Хорезм Республикасы Халық Комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ АКСР халық шаруашылығы Орталық Кеңесі Президиумының мүшесі, төрағасы, Қазақ АКСР Тамақ өнеркәсібі халық комиссарының орынбасары қызметтерін атқарған.

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист.

Меркі ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support