- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

112

- Advertisement -

 Режеп Ердоған жеңіске жетті

Түркия президентін сайлаудың екінші кезеңінде билік басындағы президент Режеп Тайип Ердоған жеңіске жетті. Бұл туралы дүйсенбіде Анадолы агенттігі мәлім етті.

«99 пайыздан астам дауыстарды санау қорытындысы бойынша президент сайлауының екінші кезеңінде іс басындағы мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоған жеңіске жетті», – делінген Түркия Жоғары сайлау кеңесінің ақпаратында. Бюллетеньдерді санау қорытындысымен Режеп Тайип Ердоған – 52,14 пайыз, Кемаль Кылычдароглу 47,86 пайыз дауыс жинады.

Еске салсақ, 28 мамырда Түркияда президент сайлауының екінші кезеңі өтті. 14 мамырда өткен сайлаудың бірінші кезеңінде кандидаттардың ешбірі 50 пайыз дауыс жинай алмады: Түркияның іс басындағы басшысы Режеп Тайип Ердоған 49,52 пайыз, оппозициялық Халық республикалық партиясының көшбасшысы Кемаль Кылычдароглу – 44,88, «Альянс АТА» блогынан кандидат Синан Оган – 5,17, «Отан» партиясының өкілі Мухаррем Индже 0,43 пайыз дауысқа ие болған. Сайлаудың екінші кезеңінде жеңіске жету үшін үміткерлер 50 пайыздан астам дауыс жинауы тиіс еді.

Мемлекеттік қарыз деңгейін көтеруге келісті

АҚШ президенті Джо Байден мен республикалық Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккарти Америка мемлекеттік қарызының деңгейін көтеріп, дефолттың алдын алуға келісті.

АҚШ қаржы министрлігі бұған дейін елдің 5 маусымда шоттарын төлеу үшін мәмілесіз ақша таусылатынын ескерткен болатын. Ең соңғы деректерге сүйене отырып, Конгресс мемлекеттік қарыздың шегін 5 маусымға дейін көтермесе немесе тоқтатпаса, қазынашылықта Үкіметтің міндеттемелерін орындау үшін ресурстар жеткіліксіз болады деп бағаланды.

Джо Байден мен Кевин Маккарти бұл мәселені телефон арқылы талқылағаннан кейін мәміле көп ұзамай жасалды. «Бірнеше апталық келіссөздерден кейін біз түбегейлі келісімге келдік. Бізде әлі де көп жұмыс бар», – деді Маккарти журналистерге берген мәлімдемесінде. Тараптар қол жеткізген кез келген мәмілені АҚШ Конгресі қабылдауы керек.

Италиялықтарды тамсандырды

Италияның Рим қаласында Қазақстан дизайнерлері мен зергерлерінің көрмесі өтті. «Дәстүрлер және қазіргі Қазақстан – ғасырлар бойғы байланыс» атты іс-шараға Италияның дизайнерлері, өнертанушылар, суретшілер, дипломаттар мен журналистер қатысты.

Аталған шара қазақтың дәстүрлерін Италия еліне таныстыру және осы арқылы екі ел арасындағы қалыптасқан қарым- қатынастарды одан ары нығайтуға арналды. Сән әлемінің астанасы, сән индустриясының қазіргі замандағы озық үлгісін дайындайтын Италияда қазақтың өнерін паш ету, ұлттық киімдерін көрсету – бұл, әрине, үлкен мақтаныш. Кеш қонақтарына киіз бұйымдар коллекциясы, қазақстандық зергер- суретшінің күміс әшекейлері, сондай-ақ әйелдер мен ерлер шапандары, қазақ ұлттық киімдері және этникалық костюмдер топтамасы ұсынылды. Көрмеде қонақтар текемет кілемдер мен қазақтың шапандарын, зергерлік бұйымдарды сатып алды.

Армения мен Әзербайжан келісімге келді

Армения премьер-министрі Никол Пашинян ЕАЭО саммитінде Ереван мен Баку аумақтық тұтастықты өзара мойындау туралы келісімге келгенін мәлімдеді.

«Осы негізде біз қарым-қатынасымызды реттеуде жақсы ілгерілеушілікке қол жеткізіп жатырмыз», – деді ол. Саясаткер сондай-ақ, халықаралық механизм аясында Таулы Қарабақ тұрғындарының құқықтары мен қауіпсіздігі мәселесінің маңыздылығын да атап өтті. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев өз кезегінде армян жағына аумақтық талаптары жоқ екенін айтты. «Әсіресе, Арменияның Қарабақты Әзербайжанның бір бөлігі ретінде ресми түрде мойындағанын ескерсек, Баку мен Ереван арасында бітімгершілік келісімге келу мүмкіндігі бар», – деп келтірді басылым Әлиевтің сөзін.

Ауғанстан мен Иран шекарасында атыс болды

Шекара бекеті маңында атыс болып, екі ирандық шекарашы мен бір «Талибан» содыры қаза тапты. Оқиғаға не себеп болғанын екі тарап та мәлімдеген жоқ, бірақ бұған дейін олардың арасындағы су құқығы мәселесіне байланысты шиеленіс күшейген болатын.

«Нимроз провинциясында ирандық шекарашылар Ауғанстанға қарай оқ жаудырды, бұлар қайта жауап берді. Қазір жағдай бақылауда. Ислам әмірлігі көршілерімен соғысқысы келмейді», – деді Талибан басқаратын ішкі істер министрлігінің өкілі Абдул Нафи Такор. Қақтығыстан кейін Иран билігі сол жердегі ірі коммерциялық өткел – Милак- Заранж шекара бекетін жауып тастады. Олар Ауғанстандағы тәліптер билеушілерін Гильменд өзенінен Иранның құрғақ шығыс аймақтарына су ағынын шектеп, 1973 жылғы келісімді бұзды деп айыптады. Талибан бұл айыптауды жоққа шығарды.

Канн кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

Француздық режиссер Жюстин Трие «Траектория падения» (2023) фильмі үшін 76-шы Канн фестивалінің жоғары наградасына ие болды.

Фильмде өз күйеуін өлтірді деп күдік келтірілген жазушы туралы айтылады. Басты рөлді неміс актрисасы Сандра Хюлер сомдады.

Кинофестивальдің Гран-приі – Канн марапатының екінші дәрежелі сыйлығы британдық режиссер Джонатан Глейзерге берілді. Ол награданы «Зона интереса» фильмі үшін алды. «Үздік сценарист» марапатына жапондық драматург Юдзи Сакамато ие болды. Ол жапондық режиссер Хирокадзу Корээданың «Чудовище» фильмін түсіруге еңбектенді. Қазылар алқасының сыйлығын финдік режиссер Аки Каурисмякидің «Мертвые листья» картинасы алды. Француздық режиссер Чан Ань Хунгке «Страсть Додена Буффана» фильмі үшін «Үздік қойылым» сыйлығы берілді. Үздік актер ретінде биыл түрік актрисасы Мерве Диздар мен жапондық актер Кодзи Якусё танылды.

Айта кетейік, биыл Канн сыйлығы үшін 21 кинолента таласқа түсті.

 

 Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support