- Advertisement -

Абайлықтар каналды өздері салды

84

- Advertisement -

Тіршілік нәрі саналатын судың азайып бара жатқаны елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде көтеріліп жүрген өзекті мәселелердің бірі. Ал, аграрлық аймақ саналатын біздің облысымызда қазіргідей көктем мезгілінде суармалы алқаптарға су жеткізетін, тау суын әкелетін каналдардың тозығы жеткені де жиі қозғалатын тақырыпқа айналды. Дегенмен жақында мемлекеттің каналды жөндеп беруін күтпей-ақ, өз күштерімен тау суын жеткізетін канал салып жатқан ауыл азаматтарының ісін көріп, тәнті болдық. Т.Рысқұлов ауданындағы Абай ауылының азаматтары өз күштерімен өзен арналарын тазалап, ауылға таудан келер судың жолын жаңартып алыпты.

Абай ауылының азаматтары сәуір айында бастаған жұмысты әлі де жалғастырып жатыр. Тау суын жеткізетін Ботпай-Сиқым және Қарақатты өзендерінің арнасын тазалап, тозған бетон науаларды жаңасымен ауыстырып салуда. Алдымен өзендердің су жиналатын жерлері мен арналардағы ағаштар мен бөгет болатын тас, тағы да басқа жиналған заттарды тазалап алғаннан кейін, бетон арықтарды жөндеп, цементтеп ретке келтірді. Өзендердің орта тұстарына кішігірім су жинайтын тоғандар жасалды. «Қазсушар» мекемесіне қарайтын Қарақатты өзеніндегі бетон арықтардың жалпы ұзындығы 6,4 километр болса, оның 3 километрден астамы бүгінгі күні мүлдем жарамсыз, қирап жатыр. Көкарық ауылына тау суын жеткізетін Қарақыстақ өзені бетон арықтарының да сапасы сын көтермейді. Бұл мәселе әртүрлі жиындар мен кездесулерде көтеріліп келсе де, «Қазсушар» мекемесі бүгінге дейін нәтиже шығарар ештеңе істемеген. Аталған мекемеден еш қайыр болмағандықтан, ауыл халқы егіндіктің қамы үшін өздері бірігіп, үлкен іс тындырып отыр.

– «Қазсушардан» үміт күткенімізге 3-4 жыл болды. Айтыла-айтыла жауыр болған мәселемізді биыл ауыл азаматтары, жастар болып, өзіміз атқарып жатырмыз. Тау суы өзіміз үшін керек, ешкімге міндетсінбейміз, мақтанбаймыз да, тек бізге керегі – елдің егін еккен еңбегі еш кетпей, табысымыз ортаймасын дейміз. Сол үшін де ортақ іске ауылдықтар өз үлестерін қосып, бірлесті, – деді ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғали Өтепбаев ағынан жарылып.

– Бұрын Қарақатты өзенінен тау суы келіп тұрғанда ауылдың тау жағында 250-300 гектар қант қызылшасын егетінбіз. Биылғы көктемде ауа райы өте қолайсыз болғандықтан, қысқы мал азығын дайындау қиын болайын деп тұр. Өзен арнасын тазалауға, арықтарды жөндеуге шақырған ауыл әкіміне қолдау білдіріп, жігіттер жұмыла жұмыс істеп жатыр. Еңбектің жеңбейтін қиындығы, бірліктің алмайтын белесі жоқ. Біз де ауыл жұрты жұдырықтай жұмылып, берекеге бастар жол табуға әрекеттеніп жатырмыз, – дейді Абай ауылдық округінің Еңбекші елді мекеніндегі осындай игі тірліктерге ұйытқы болып жүрген тұрғыны Әшірбай Қадірханов.

– Бұдан бұрын да үлгілі істерімен танылып жүрген Абай ауылы «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанып, арнайы қаржылай сыйлыққа ие болған болатын. Абайлықтар ынтымақшыл, тәртіпке бағына білетін қауым. Кейінгі екі жылда тау суын жеткізу қиындап бара жатқандықтан өзен арналарын тазалап, қайнар бұлақтардың көзін ашуды тұрақты жүргізіп келеміз. Округке қарасты екі ауылдың да азаматтары мен жастары береке- бірлікпен сауапты жұмысқа үлес қосып жатыр. Ортақ мұратқа бірлесе күш салып жүрген ауылдастарыма алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді ауыл әкімі Мұратбек Арыстанбек.

Бірліктің берекеге бастайтынын ұғынған абайлықтардың бүгінгі ізгі ісінің берер нәтижесі көңіл көншітерліктей боларына сенеміз. Қиын сәттен шығар жолды бірлесе тауып, жетістікті көздеген абайлықтардың егіні жайқалар шақ та алыс емес.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support