- Advertisement -

«Талапты адам алға қойған мақсатына жете алады»

851

- Advertisement -

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері: «Талапты адам алға қойған мақсатына жете алады».

– Еркінбек Бейсенбекұлы, бұл күнде жетпіс бесті жетегіне ерткен өзіңіздей қарияның балалық шағы қандай болды? Асыр салып алаңсыз ойнайтын сәби шағыңыз несімен ыстық?

– Негізі менің ата-бабаларым қарт Қаратаудың ырысты қойнауын, Майтөбе жағындағы «Елікті» деп аталатын шұрайлы шатқалын мекендеген. Төрт түліктің қадірін білген, мал өсірген. Қарбыз, қауын, жеміс-жидек егіп, бау- бақша өнімдерін баптауды кәсіп еткен. Жуалыға қоныстанған соң да егін мен мал шаруашылығын дамытумен айналысқан.

Біз соғыс біткеннен кейін туған буынбыз. Әкем соғысқа қатысқан. Әкемнің о бастағы мамандығы мұғалім екен. Жаңадан отау құрып, Сарысу ауданында мұғалім боп жүрген кезінде әскерге алыныпты. Содан, жараланып, әйтеуір, аман- есен елге оралады. Ел іші жұпыны шақ. Әкем ауыр жұмысқа жарамсыз боп қалғанмен, өкіметтің ешқандай ісінен шет қалмауға тырысады.

Шешем колхозшы, есімі Ұлық еді. Сегіз құрсақ көтерген, бір қызы шетінеп кеткен екен. Қалғаны бес ұл, екі қыз. Мен алдымдағы әпкемнен кейінгі екінші баламын. Кіндік қаным тамған жер Жуалы ауданындағы бұрынғы Самсоновка, қазіргі Күреңбел ауылы. «Таңшығыс» деп аталатын кішкентай ғана бөлімшесінде дүниеге келіппін.

Біздің балалық шақ жарқырап өтті дей алмаймын. Кәдімгі қарапайым ауыл баласы боп өстік.

Сол «Таңшығыс» бөлімшесінде төрт сыныптық бастауыш мектеп болды. Соны бітірдік. Бөлімшенің онсыз да аз халқы жыл өткен сайын сиреп, бірте-бірте Самсоновка ауылына түгел көшіп келген. Біз де сөйттік. Ар жағындағы оқуды сөйтіп Күреңбелдегі орта мектепте жалғастырдық.

Мұндағы тұрғындардың дені орыстар және орыс тілді өзге ұлт өкілдері болатын. Көпке дейін қазақ мектебі ашылмай қиындық көргеніміз е сімде. Ауылдың бас көтерер ширақ, көзі ашық адамдары санаулы ғана болғанымен, мұғалімдері, ішінде есепші боп қызмет істеп жүрген менің әкем де бар, бәрі жиылып аудан басшыларына, жоғары жаққа жазбаша да өтініш жазып, ауызша сұранып та, шапқылап жүріп, қалай болғанда да қазақша мектеп керек деп, сегізжылдық білім ұясын әупіріммен аштырған. Мен алтыншы класқа барар жыл-тұғын. Менің жасымдағы сыныптың оқушыларының санын белгіленген межеге жеткізу міндетті екен, әйтпе се, бала саны толмаса, жабылып қалуы мүмкін. Әкем амал жоқ алдымдағы әпкемді мен үшін қайтадан осы алтыншы сыныптың партасына отырғызуға мәжбүр болады. Төрт қыз, екі бала оқыдық. Мектептің директоры Пак деген кәріс болды. Не керек, біз жоғары сыныпқа барғанға дейін бүкіл Жуалыда бір-екі ғана қазақ мектебі жұмыс істеді. Көпшілігі орыс мектебі еді. Соған қарамастан, балалық шақ деген әркімнің көкірегінде де өзінің кіршіксіз тазалығымен, періштедей пәк көңілімен, Мұқағали ақын айтқандай, еш нәрседен хабарсыз жаратылған қамсыз, алаңсыз шақтарымен ыстық болып қалып қояды деп ойлаймын.

Ата-анам мені жақсы көрді. Мен де ата-анамның тәртібімен өстім, тәлім-тәрбиесінің шекарасынан асып кетпедім, кем де болмадым, артық та шыққам жоқ. Соғыстан кейінгі ауыр уақытта әр күннің қадірін біліп өстік. Оқу мен білімнің қажеттігін түйсініп өстік.

Әлі күнге дейін есімде, ауылымызда оңған контор – кеңсе де жоқ еді. Ылғи қоржын тамдар. Әкемді көке дейтінбіз. Көкемнің дәу шоты үнемі қолында жүрді, т аңертең көтеріп жұмысына апарады, кешке үйге де әкеліп, есеп- қисабын жасайды, жазады. Мен сыртынан ол кісінің іс-қимылына сәбилік аңсарым ауып, қатты қызығатын едім. Есейе келе ата- анаға кәдімгідей қолғанат болдық. Ол уақта шаршамайтынбыз. Күндіз шөпке барамыз. Әбден күн батып, ымырт қараңғылығы түскенде үйге келіп тамақтанып алған соң, клубқа барамыз. Орыстардың жастары кинодан кейін міндетті түрде би билейтін. Біз көпке дейін қабағымызбен ғана бағып, қарап отыратынбыз. Кейінірек, көз үйрете келе, солардан жұптаса айналып билейтін әсем вальсті үйрендік. Сол заманның идеологиясына сай октябрят, пионер, комсомол боп өстік.

– Алматы зоотехникалық- ма лдәрігерлік институтын тәмамдаған екенсіз. Бұл мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?

– Сегіз класты бітірген соң, бүкіл отбасым үміт күтіп отырған менің алдымнан ары қарай оқуды жалғастырудың мәселесі шықты. Аудан орталығына оқу үшін интернатқа жату керек. Не істейміз?.. Осылай ата-анам да, өзім де ептеп дағдарыңқырап, ойланып жүргенде газеттердің біріне Жамбылдағы зооветтехникум туралы хабарлама шығыпты. Тәуекел етіп, қазіргі Тараз қаласына қарасты сол зооветтехникумға түсіп кеттім. Техникумды бітірген соң, мені жолдамамен Көкшетау облысына жіберді. Көкшетау деп аталатын «откормсовхозында» біраз жұмыс істеп, туған жеріме оралдым. Зооветинститутқа оқуға түсіп, сырттайға ауысып, қызметке араласа бастадым. Үйлендім. Отбасымызда екі ұл, екі қыз өмірге келді. Жастайынан ауылда, төрт түлік малды бағуды кәсіп қылып өскен қазақтың шаруа баласына малдәрігерлік мамандық алыс болмаса керек. Мен өзімнің еңбек жолымдағы бұл сүрлеуді Тәңірдің бұйрығы дер едім. Кейінірек заман талабына сай тағы бірнеше мамандықты оқып, игеріп алуға тура келді. Бәріне білімім, біліктілігім жетті. Өмірде әсіресе, екі нәрседен қателеспеу керек деген сөз бар: жар таңдаудан және мамандық таңдаудан. Осы тұрғыдан менің жолым болған адаммын. Көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Талапты адам алға қойған мақсатына жете алады. Ар мен ожданын аялап сақтай білгендердің аңсаған арманы әрдайым орындалады. Ол үшін тек қана алға ұмтылу керек. Өмір жолында қанша кедергіге тап болса да, артынан бәрі жақсы болатынына сену керек.

– Еңбек жолыңыз 1971-1978 жылдары Жуалы ауданындағы Самсоновка ауылында ауылдық кеңестің төрағасы болып жұмыс істеуден басталған. Одан Чапаев атындағы кеңшардың партком хатшысы болып сайланғансыз, облыстық партия комитетінің мүшесі, 1978-1980 жылдары Алматы партия мектебінің тыңдаушысы болдыңыз. Ол кездегі Алматы жоғарғы партия мектебі екінің-бірінің қолы жете бермейтін, аса беделді оқу орны емес пе? Сізге қаншалықты пайдасы болды?

– Айналамдағы өзім құралып тастарға қарағанда белсенділігім басым дау болғандықтан шығар, бәлкім, жас болсам да, жергілікті атқарушы органның сенім артуымен білдей бір бөлімшенің комсомол ұйымының хатшысы, қазіргі тілмен айтқанда, басшысы болдым. Институттың сырттай бөлімінде оқып жүргем. «Чапаев» деген үлкен шаруашылық, ұжымшар болатын. Аудандық комитеттің секретарьлары жиі келіп көріп, жіті тексеріп, жүйелі қадағалап жататын. Аудандық партия комитетінің Ремез Леонид Дмитриевич, Жигалкин Дмитрий Петрович деген бірінші хатшылары жұмысымды ылғи дұрыс бағалады.

Бірде, райком шақыртып жатыр деген хабар келді. Бардым. «Сізді біз райком комсомолдың бірінші хатшылығына ұсынғалы отырмыз», деді аупарткомның екінші хатшысы мен ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. «Қайдам» деп ықылассыз жауап бердім. Өйткені, оған әкем де қатты қарсы болды. Бөтен жерде, үй жоқ жай жоқ деп өзінен алысқа жібергісі келмеді. Сонымен не керек, ол қызметке бармай қалдым.

Іле-шала, ауылдық кеңестің төрағалығына сайлау өтті. Ол кезде ауылдық кеңестің өзіне қарасты он екі, он үштей депутаты болатын. Іріктеуден өттім. Сайлауға түстім. Жеңіп шықтым. Жиырма үш- жиырма төрт жасымда сельсоветтің төрағасы боп сайландым. Бір жылдай жұмыс істедім. Колхоздың бастығымен парторгымыз орыс ұлтының өкілдері еді. Ұжымшар төрағасы Бобровский Алексей Петрович бұған дейін аупарткомның бірінші хатшысы болып Қордай ауданында қызмет атқарып келген. Воронков Николай Григорьевич партком секретары. Воронков қызметтен алынатын болды да, аудан басшылары маған парткомдықты ұсынды. Мұндайда міндетті түрде әуелі жоғары жақтың алдынан, пікірлесуінен өтесіз. Ол кезде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов еді. Сол кісінің екінші хатшысы қабылдады. «Молодой, совсем молодой. Не зеленый?» деді маған сынай қарап. Обкомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Титов деген кісі «Нет, не зеленый» деді. Шаловты да, сыртынан естігенім болмаса, бірінші рет көруім, ол кісінің әлгі қасындағы әріптестерінен бір ерекшелігі, қазақшаны өте жақсы білетін боп шықты. Сол кісі де сөйлеп, қолымдағы партбилетімді нұсқап, менен не үшін партия мүшесі болғандығымды сұрады. «Для того, чтобы укрепить партийные ряды, повысить активность», «партия қатарын нығайту үшін» деп жауап бердім. Сонымен не керек, тағайындалдым. Облыс, аудан тұрмақ, ауыл ішінде жасалатын баяндамамызға дейін орысша дайындалатын. Талап солай еді. Парторгтар партшколада оқыса одан да әрі мықты кадр саналатын. Жеті жыл бойы партком секретары болдым. Алматыдағы Жоғары партия мектебіне обком партияның мүшесі ретінде басшылықтың өздері жіберді. 1979 жылы түсіп, оқып бітірдім. Бұл беделді оқу орнының әрине салмағы қай жерде де басым болатын. Өйткені, өмір сүрген дәуіріміздің өзі коммунистік идеяларды жүзеге асыруды мақсат тұтты. Ал, партмектеп онда оқыған коммунистің әрқайсысының визасындай еді. Оны оқығандардың бәрі мемлекеттік қызметтегі кадрлық ре зервтің а лдыңғы сапында тұрады.

– Әр жылдары түрлі лауазымды қызметтер атқардыңыз. Өмір жолыңыздағы елеулі кезеңдер туралы айтып өтсеңіз…

– Жуалыда әуелі «Народный контрольдың» төрағасы болдым. Облыс басшысы Жақыповтың кезінде мені Мойынқұмға аса жауапты қызметке жұмсады. Шалғай аудан. Мен бірақ бас тарттым. Бір жыл өтер-өтпес уақыттан соң, Сарысу ауданына барасың деген тапсырма алдым. Енді бұлтаруға еш мүмкіндік жоқ еді. КСРО-ның Бас хатшысы Горбачевтың қайта құру, дәуірі жүріп жатқан кез. Сексен алтының қаһарлы ызғары сансыратқан шақ. Аумалы-төкпелі уақыт белең алды. Сарысуда сол аудандық советі атқару комитетінің төрағасы қызметін жарты жыл атқардым. Бұл кезде біздің Қазақстанымыздың Бас хатшылығына Г.Колбин отырған. Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров тұтқындалған уақыт. Колбиннің кезі қызметте кадрлық өсу саясатына альтернатива – баламалы түрдегі сайлау формасын енгізген. Бұрын мұндай бәсекені көрмегендердің бірталайы жүрексінетіндей жайттар туындады. Тәуекелге екінің бірі бара бермеді. Ауылшаруашылық басқармасының бастығы Илияс Есенқұлов деген жігіт екеуміз альернатива болдық. Әрқайсысымыз өз бағдарламамызды қорғадық. Бағыт-бағдарымызды түсіндірдік. Аудандық партияның Пленум мүшелері мені аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады. Сарысуда осы лауазымды қызметті алты жыл атқардым. Бұл аралықта КСРО құлады. Одақ тарады. Мемлекетіміз кеңестің бұғауынан босатылды. Еліміз тәуелсіздік алды. «Обком», «райком» дегендер ұлттық нышанымызға сай қазақшаландырылды. Бұрынғы лауазымдық атаулар «әкімдік» деп аталатын жаңа құрылымның қызметтеріне ауыстырылды. «Әкімшілік басшысы», «әкім» деп аталатын мемлекеттік жаңа атаулар пайда болды.

Бір айта кетерлігі, облысты басқарған кезеңде Өмірбек Байгелдиев сарысулық жергілікті кадрларды көтеруге күш салды. Соның нәтижесінде, мысалы, аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағалығына Әбдіманап Көпберген, аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына Күләш Әбдікешова сынды іскер тұлғалар таңдалып, бірнеше азамат өз туған өлкелеріндегі лауазымды қызметтерге тағайындалды. Өмірбек Байгелдиев 1992 жылдың ақпанында мені әкімдікке тағайындап, Жуалыны басқаруға жіберді. Жуалыда Әбдрахманов, Нұрбаев, Аманбеков Естемес деген үлкен кісілер бар болатын. Жақсы адамдар еді. Өзімнің туып-өскен жерім болғандықтан, бұл ауданның топырағында да перзенттік парызымды атқарған ізім қалды. Аймақ басшылығына Амалбек Тшанов келгенде, менің жұмысым облыс орталығына ауысты. Тараз қаласының тарихында да абыройлы қолтаңбам барына шүкірлік етемін.

– Сіздің облыстық Мәслихаттың бірнеше мәрте депутаты болғаныңызды білеміз. Мемлекет басшысының баст амасымен Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау жүйесінде биыл үлкен өзгеріс орын алды. Тұңғыш рет можаритарлық аралас жүйе арқылы сайланған жаңа депутаттар әуелі қандай мәселені шешуді қолға алуы керек деп ойлайсыз? Өзіңіз басқарып отырған аймақ ардагерлерін қазіргі қоғамдағы қандай мәселелер толғандырады?

– 1999-2011 жылдары облыстық мәслихаттың ІІ-ІІІ-ІV шақырылымының депутаттығына сайландым. Сол уақыттары Жамбыл облыстық мәслихатының тексеру комиссиясының төрағалығын атқардым.

2015 жылдың желтоқсан айынан бері Жамбыл облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Әр қызметтің өзіндік бағыт-бағдары бар. Бәрі ел үшін. Барлық мүдде ел бірлігіне, елдің өркениетті дамуына, экономикалық, саяси-әлеуметтік мақсат-мұратына жұмылдырылуы тиіс.

Бұл бағытта «Ардагерлер ұйымы» Қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалында да қыруар жұмыс атқарылуда. Біздің облыстық ардагерлер кеңесінің құрамы, негізінен, зейнет жасында жүрсе де елге хал-қадерінше қызмет етуге тырысатын тұлғалардан тұрады. Аймақ көлемінде Ұлы Отан соғысы мен тыл және еңбек ардагерлеріне Денсаулық сақтау саласы, Халыққа қызмет көрсету саласы, әлеуметтік салалар, тағы да басқа көптеген салалар бойынша айтарлықтай көмектер берілуіне ықпал етеміз. Кеңес жанынан билер алқасы, Ардагерлер қозғалысы, Шешендік сөз өнері, дін мен діл, Аналар және Әкелер мектебі секілді ұлттық тәрбиені дәріптейтін тағылымның қайнар көздерінің ашылып, жұмыс істеп жатқанынан әулиеаталық жұртшылық ғана емес, республика әлеуметі де хабардар. Мәдени-көпшілік жұмыстар жүйелі түрде атқарылады. Бұқаралық- спорттық, танымдық шаралар жиі ұйымдастырылады. Бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Батаменен ел көгерер» батагөй қариялар байқауы, «әз Наурыз», «Ғибратты керуен», «Қымызмұрындық» сияқты көптеген ұлттық жобалар тұрақты түрде өз үрдісін сақтаған дәстүрге айналды.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

 Сұхбаттасқан Үміт БИТЕНОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support