- Advertisement -

Жүз теңге жұғын бола ма?

75

- Advertisement -

Балабақшадан қарны қатты ашып келетін бала әр үйде бар. Бұған көбіне мән бере бермейміз. «Баламыз тамаққа неге тоймай келеді?» дегенді айтатын бірді-екілі ата-ана болмаса, біразымызға бұл қалыпты жағдайға айналған. Шындығында, кішкентайларымыздың аядай асқазанын неге толтыра алмай жүргеніміз енді белгілі бола бастады. Жақында облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, салық және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы аудандардағы балабақшаларды аралап, осы мәселеге қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізді. Қоғам белсенділерінің айтуынша, балабақша асханаларында дайындалатын қазіргі ас мәзірі әр балаға жүз теңгеден келеді екен. «Жүз теңгеге не ішуге болады?». Мәслихат депутаттарын мазалаған дүние де – осы. Біз де өз кезегімізде мәселенің мәнісіне бойлап көрдік. Балаға қажетті ақуыздар, витаминдер мен микроэлементтер жеткілікті мөлшерде болуы керек. Ал, жүз теңге бұл қажеттілікті қанағаттандыра ма?

Бала тамағында қажетті ақуыздар, витаминдер мен микроэлементтер жеткілікті мөлшерде болуы керек. Ал, жүз теңге бұл қажеттілікті қанағаттандыра ма? Дұрыс тамақтану оның дене бітімі мен ақыл-ойының дамуына қажетті жағдай жасайтыны белгілі. Балабақшада толыққанды тамақтандыру – бала денсаулығының негізін қалайтын міндетті элементтердің бірі. Осы тұрғыдан келгенде, депутаттардың алаңдайтын да жөні бар.

«Таластық ата-аналар балабақшаға баратын бір бала үшін ай сайын 6 мың теңге төлейді. Бұл қаржы баланың тамағына жұмсалады. Енді бір айда әр бала 20 күн балабақшаға барады деп есептесек, яғни 6 мыңды 20 күнге бөлсек, бір күнге 300 теңгеден айналады екен. Балалар бір күнде үш рет тамақ ішеді. Сонда әр бала бір отырғанда 100 теңгенің тамағын ішеді деген сөз. Ал, 100 теңгеге тойып тамақ ішуге бола ма?» дейді мәслихат депутаты Оралхан Дәуіт.

Балалар тамағын дұрыс ұйымдастыру – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Оған мемлекет те, қоғам да, ата-ана да жеткілікті көңіл бөлуі тиіс. Әсіресе, балабақшада балаларды тамақтандырудың басты талаптары сақталуы, баланы жас ерекшеліктеріне сай болуы керек. Біз бұған назар аударып отырмыз ба? Балабақша асханасына назар қашан аударылады?

Балабақша а с х а н а с ы демекші, бұл мәс еле дәл қ а з і р елімізде үлкен мәселеге айналып келеді. Балабақша асханалары мәзір дайындап, пайдалы тағам әзірлемес бұрын тиісті органдар ұсынған және сертификаттаған азық-түлікті сатып алу керек. Оның үстіне, бала деген сан түрлі азық- түлікті пайдалануы қажет. Күнделікті рационда міндетті түрде ет, сүт, нан, жарма, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидектер болуы шарт. Кей тағамдарды (балық, жұмыртқа, қаймақ, ірімшік және басқа да ашымал сүт өнімдері) күн сайын жеу міндетті емес, бірақ бір апта көлемінде 2-3 рет тұтынуға тиіс. «Бүгінде балабақшадағы сапасыз және бей-берекет тамақтандыру жүйесі анық көзге ұрып тұрады. Осыдан кейін қалайша балалардың денсаулығын ойлап, алаңдамайсың?! Балабақшалардың тамағын зерттеу кезінде жыл сайын жағымсыз жайттардың куәсі боламыз. Мәзірді көбінде баланың биологиялық құнды заттарға деген физиологиялық қажеттілігін емес, азық-түліктің бағасын ескере отырып жасайды. Ол аз болғандай, кей кәсіпкерлер әлі күнге дейін кем өлшеп, ақшадан жеп, басқаша айтқанда, баланы тонап отыр. Мынадай қымбатшылық қоғамда, әр баланың басына шаққанда есептелетін 300-500 теңгеден де пайда көргісі келеді. Бұл не қылған ашкөздік?! Тамақтан жырып, баланың несібесіне ортақтасып отырған мұндай кәсіпкерлерді тоқтататын уақыт жетті», – дейді «Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамының аға жетекшісі Ермұрат Оспан.

Расында да, бізде әлі күнге дейін балаларды тамақтандырудың нормативті құжаттары, мектептің де, балабақшаның да тамағының ғылыми негізделген стандарттары жоқ. Міне, осыны ұтымды пайдаланып отырғандар бар.

«Біз ауылда тұрамыз. Мемлекеттік балабақша деген статусымыз болса да тамақты әлі күнге дейін өзіміз реттейміз. Қажетті азық-түлікті базардан барып сатып аламыз. Ата-аналар баланың тамағы үшін төлейтін ақшасын уақытында бере қоймайды. Қолымызға түскен ақшаға шетінен сатып аламыз. Расында да қазір арзан ештеңе жоқ. Ақшаны көбейтуге тағы болмайды. Қымбатшылық қысқан қоғамда ата-анаға бірдеңе деудің өзі артық. «Былай тартсам, өгіз өледі, былай тартсам арба сынадының» кері, – дейді Талас аудандық «Балбөбек» балабақшасының шаруашылық меңгерушісі Есбол Ералиев.

Меркі аудандық «Ақбота» балабақшасына барғанымызда да дәл осы мәселемен бетпе-бет келдік. Олар да бала тамағына қажетті азық- түліктерді базардан алады екен. «Баланың тамағына төлейтін 6 мыңды көбейтуді бірнеше рет ұсындық. Бірақ оның өзі көп болса 7 мыңға көбеюі мүмкін. Ал қазір оған да керемет азық-түлік ала алмаймыз. Ал одан көбірек болса, ата-ананың қалтасына салмақ түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан күнделікті беріп отырған асымызды үнемдеп, барынша құнарлы қылуға тырысып бағамыз. Аптасына бес рет ет қосып бермесек те, екі рет ет қосып пісіруге тырысамыз», дейді балабақша мейірбикесі Света Қожантаева.

Қалай десек те, дұрыс тамақтану – бала денсаулығының негізі. Ал қазір балаларда семіздік белгілері мен ас қорыту проблемалары жиі кездеседі. Отыз жылдан астам тәжірибесі бар дәрігер Эльмира Сағынбекованың айтуынша, дәрігерге іш қату, гастрит және тіпті асқазан жарасы бар кішкентай науқастар жиі жүгінеді. Мұның негізгі себебі – рационда көкөністер, жемістер және сүт өнімдерінің азайып кетуі.

«Мұндай диагноздардың себебі – дұрыс тамақтанбау. Біздің балалар балабақшадан бастап құнарлы тағамдар ішпейді. Қазіргі көп қоректік заттар мен дәрумендер жетіспейді. Жасөспірім кезінде баланың ағзасы жылдам дамиды, тәбеті де жақсы болады. Сондықтан, ата-аналарға мұның маңызды екенін түсіндіру қажет», – дейді ол.

Дұрыс тамақтануға баланың кішкентайынан мән бермесек, кейін қолды кеш сермейтініміз анық. Дұрыс тамақтанбау мен жарамсыз азық-түлік жүйесінің салдарынан қаншама бала зардап шегуде. Мұны ЮНИСЕФ айтып отыр. Әлем бойынша 200 миллион бала тойып тамақ ішпейді. Бес жасқа дейінгі әрбір үшінші баланың артық салмағы бар. Ең өкініштісі, бұл статистикаға біздің еліміз де үлес қосып отыр. Мұның соңы мидың баяу дамуына, оқу қабілетінің төмендеуіне, нашар иммунитетке, инфекцияға жоғары шалдыққыштыққа, тіпті кейбір жағдайларда өлімге әкелуі де мүмкін екен.

– Әр бала мемлекеттен 42 000 теңге көлемінде қаржыландырылады. Жекеменшік балабақша ашып, еңбек еткен кәсіп иелеріне де солай. Жекеменшік балабақшаның артықшылығы, баланың тамағына төлейтін ақыны өздері бекітеді. Мүмкін ол 20 мың, болмаса 15 мың болуы мүмкін. Қалай болған күнде де, бұл қаржы бір баланың айлық тамағына салыстырмалы түрде еркін жетеді. Ондай балабақшаларға да сол қаржыны қалтасы көтеретін адам барады. Мүмкін, осы мәселені ата-аналарға дұрыстап түсіндіру керек шығар. Әлде алдағы уақытта мемлекеттік балабақшалар үшін бөлінетін қаржыны 2-3 мыңға көбейту керек пе екен?! Әйтеуір, мұның бір шешімі болуы керек. Өйткені, балаға қатысты мәселені созып, ұзартуға, кейінге қалдыруға болмайды. Қалай болғанда да бұл мәселені жедел шешу керек, – дейді әлеуметтанушы Ерлан Бошай.

P.S.

Балалардың 50 пайызында ішек жолдарымен байланысты аурулар бар. Қазақстан бойынша жүргізілген медициналық демографиялық зерттеулер нәтижесіне көз салсақ, балалар арасындағы қан аздық (анемия) деңгейі 66 пайыздан асып түскен. Соңғы бес жылда балалардың түрлі ауруға шалдығу оқиғалары 30 пайызға артқан. Жағдайдың бұлай ушығуына әсер етуші негізгі фактор – оның тамағына қатысты. Ал біздің дәл сол баланың тамағына келгенде төмен қарап отырған жайымыз бар…

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support