- Advertisement -

Біз білетін Батырбек

239

- Advertisement -

Қазақтың «Ердің атын – ел шығарады, елдің атын – ер шығарады» деген қанатты, жанға жарасымды, әдемі сөзі бар. Халық, бұл сөзді бекер айтпайтынына мына кездейсоқтыққа толы өмірде көзіміз жетіп келеді. Әр елдің, әр өңірдің мақтанышына айналған азаматтардың барына шүкіршілік етесің. Біздің Жамбыл өңірінің айтулы, көпшілікке белгілі дегдар азаматтардың бірі әрі бірегейі Батырбек Әбдірәсілұлы Құлекеев десем, сірә, қателесе қоймаспыз.

Батырбек Әбдірәсілұлы 1953 жылы 19 мамырда Жамбыл облысы, Талас ауданы, Бостандық ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Қазақ мемлекеттік политехникалық институтын «тау-кен инженері» және 2006 жылы Тараз қаласындағы гуманитарлық-техникалық институтын «есеп және аудит» мамандықтары бойынша бітірген.

Батекең еңбек жолын 1973 жылы Қаратау қаласындағы «Суперфосфат» тресінде жұмысшы болып бастаған. 1974-1999 жылдары «Қаратау тау-кен комбинатында» шахта бұрғылаушысы, тау-кен инженері, Тараз қаласындағы тас ұнтақтау зауытының цех бастығы, «Жамбыл гипс» комбинатының бас инженері, директоры, Жамбыл құрылыс бөлшектері мен конструкторлық бірлескен комбинатының бас директоры, 1999- 2007 жылдары Талас ауданының әкімі, 2007- 2012 жылдары Байзақ ауданының, 2012 жылдан 2016 жылға дейін Жуалы ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2017 жылы Тараз қаласы мәслихатының депутаты болып сайланып, оның алғашқы сессиясында мәслихат хатшысы болып қызметке кіріседі. Бұл күндері ол «Қазфосфат» бірлестігінің қызметкері. «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, ондаған мерейтойлық медальдармен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталған.

Мақалада біз тек оның атқарған қызметін тізбектеп шығуды мақсат етпей, өмірлік ұстанымы мен көзқарасы, азаматтық және адамгершілік жақсы қасиеттері, көпшілікпен сыйластығы, ұлтжандылығы мен бауырмалдығы, достарына деген дархан көңілі мен шынайы беріктігі, іскерлігі мен атқарған қызметіне деген жауапкершілігін сөз етуді жөн санадық. Батекең жайлы қай жерде, қандай ортада әңгіме болмасын «Е, Батырбек Әбдірәсілұлы дегдар, бірегей, ерекше азамат», «Оның бойында ананың ақ сүтімен берілген кісілік пен кішілік, тектілік бар», «Ойы алғыр, айтары бар, ары таза дара жан», «Әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын азамат», «Батекең көңілі дархан, пейілі кең, нағыз көпшіліктің адамы, елге деген қамқорлығы қандай…», деген сыңайдағы жүрек жылытар, санаңды сергітер, жаныңды жадыратар оңды пікірлер айтылып жатады. Мұндай пікір, кім болса соған айтыла бермейтіні белгілі. Біз білетін Батырбек расында да сондай мақтауға тұратын халық арасында сыйлы, өз ортасында беделді, ойындағысын ашық айта алатын, азаматтық пен адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрген алғыр, парасатты, өмірлік кредосына сенімді жан. Оның еңбек жолына зер салсақ, елден шалғай ауылдардың бірінде өсіп-жетіліп, жастайынан қара жұмысқа жегіліп, өмірдің ыстық-суығын сезініп, еңбектің құдіреті мен қадірін түсініп, бала кезінен маңдай тердің дәмін татып, өмірдің сырын бағалай біліпті. Сөйтіп, қатардағы қарапайым жұмысшыдан сатылап өсіп, өрелі басшы, ел сыйлайтын азамат дәрежесіне көтерілді. Бұл – әр қазақтың бойынан табыла бермейтін асыл қасиет, Құдай берген қабілет, еңбекпен келген жетістік, басқа қонған бақыт. Шынында да өңіріміздегі ұлтымыздың зиялы қауымын құраған ірі тұлғалар арасында жұмыстың бірегей шебер ұйымдастырушысы, білгір де іскер басшы ретінде де Батырбек Әбдірәсілұлы есімі ерекше аталады. Бұл – әр жанның пешенесіне жазыла бермейтін, әке қанымен, ана сүтімен берілген айрықша құбылыс, баға жетпес асыл қасиет. Ол туған аймағын өркендетуге қосқан үлгі-үлесі мол, ізгілікті істің ерек серкелерінің бірі екенін ісімен дәлелдеп жүрген абзал азамат деп танимыз. Сондықтан болар, оның осы жоғары адами қасиеттері мен еңбекке деген ерен құлшынысы, азаматтық алғырлығы үшін ел-жұрт сыйлайды, құрметтейді. Оған Талас, Байзақ және Жуалы аудандарының Құрметті азаматы, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», «Ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қайраткер» деген атақтар берілген.

Оның тағы бір қызығарлық қасиеті – елмен, көпшілікпен араласа, сыйласа білуі, дос- жарандарын шын пейілмен қадірлей білуі. Оның бір сәт зерігіп, бос жүргенін көрмейсің, ылғи көпшілікпен бірге, зиялы ортада, елмен біте қайнасып жүргеніне куә боласың. Онымен сыйласатын, бірін-бірі қадір тұтатын сенімді достары еліміздің әр өңірінде жетіп-артылады. Олардың ішінде – мемлекет қайраткері, өнер адамы, ғалым, ақын-жазушы, дипломат, заң қызметкері бар. Иә, олардың барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Бұл дегенің – Батырбек Әбдірәсілұлының көпшілдігі, адамдарды қадірлей, бағалай, құрметтей білгендігі. Тіпті, жазған еңбектерін біраздан бері баспадан шығара алмай қиналып жүрген белгілі қаламгерлерге қамқоршы болып, қаржы тауып, кітаптарын шығаруға демеуші болғанын да көрдік. Ерен еңбегімен, тындырымды қызметімен өңірдің мақтанышына, ұлт тұлғасына айналған ел азаматтарының мүшел тойлары өз дәрежесінде өтуіне барынша үлес қосып, беріле атсалысып жүргенін көпшілік жақсы біледі. Әйтеуір, әрдайым жақсылық жасауға ұмтылып тұрады. «Жақсыда жаттық жоқ», деген осы болу керек, сірә. Жақсы ісімен кімнің болмасын жан-жүрегін баурап алатын біртуар, сөзі мен ісі кесек азамат.

Үлкен қызметте жүрмін деп орынсыз кеудесін керген сәттерін көрмеппіз. Үлкенге де, кішіге де жарқын мінезбен иіліп сәлем беріп, риясыз пейілмен жақсы іске қуанып, қолдау көрсетіп жүргенінің талай рет куәсі болдық. Қызметіне адал, ары таза, достыққа берік, ағайын-жақындарына қалқан, іні-қарындастарына туыс-бауыр, көңілі мен пейілі дархан, уәдесіне берік, ұстанымы мол өр тұлғалы Батырбек Әбдірәсілұлы көпшілік алдында, әріптестері арасында үлкен беделге ие болған белгілі азамат.

Үш ауданның әкімі болып жүргенінде ол талай игілікті істердің бастаушысы болып, жергілікті халықтың ойында жүрген, тіпті, арман-қиялдарға айналған шаруаларды іске асырды. Мысалы, КСРО ыдырап, ұжымшарлар тарап, мал-мүліктер талан-таражға түсіп, жұмыссыз қалған талай ер-азамат екі қолына бір күрек таба алмай, үй маңындағы күйбең тірлікпен айналысып, ал отбасын асыраудың басты салмағы әйелдердің иығына түскен қиын кезеңде Талас ауданында республикада бірінші болып жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында мал санын өсірудің тың тәсілдерін тапты. Сол 2000 жылдары нарық заманына беттеп, ел есін жия алмай жатқан уақытта осы қиындықтан құтылудың бір жолы ретінде батыл шешімге келіп, халыққа малды тауарлы несие түрінде таратып, жақсылық жасады. «Таластық тауарлы- несие» жобасы осылай іске асты. Салық өтемі ретінде айырбасқа (бартер) мың-мыңдап кетіп жатқан малды шаруа қожалықтарына үш жылға несиеге беріп, оның шығынын жергілікті бюджет арқылы жаба отырып, кейін салық есебінен өтеудің технологиясын енгізді. Соның нәтижесінде 4 жылда 15 мыңнан астам тоқты тұрғындарға несиеге берілді. Қиындыққа тап болған жүздеген отбасы 100, 200, 300 тоқтыдан несие алып, оны өсіріп, отбасын асыраған еді. Осы несиенің дұрыстығы – кейін көптеген азаматтар шаруа қожалығын құрып, мыңғыртып мал өсірді. Батырбек сол ауданда әкім қызметінде жүргенде «Аманкелді» газ кеніші пайдалануға беріліп, халық игілігіне айналды. «Сабақты ине сәтімен» деген осы шығар, «Аманкелді» газының дер кезінде пайдалануға берілуіне оның да өзіндік үлесі болды деп білеміз.

2002 жылы Дінмұхамед Қонаевтың 90 жылдығы әр өңірде бірсыдырғы, мәнсіздеу аталып өтіліп жатты. Осы кезде Батырбек Құлекеев Талас ауданында торқалы тойды Ақкөл ауылы маңында жазықта тартымды, биік дәрежеде өткізді. Сол жолы Димаш Ахметұлына Ақкөлде еңселі ескерткіш орнатылды. Сөйтіп, аруақты қолдаған дүйім жұрт бір сілкініп, еліміздің жарқын болашағына деген сенімдері арта түсті. Бұл игілікті шаралардың басында сол кездегі аудан әкімі Батырбек Құлекеев жүрді.

Қаратау қаласында көп жылдан бері құрылысы тоқтап қалған зәулім орталық мешіттің құрылысын аяқтап, халық игілігіне беруге де оңайға соққан жоқ. Қаладағы Ленин атындағы мәдениет үйіне қазақтың белгілі айтыскер ақын қызы Ұлбике атын беруге, оның алдына ескерткішін қоюға, Сапақ датқаға кесене тұрғызуға және басқа да игілікті істерге ұйытқы болды.

Ал, Байзақ ауданына басшы болып келгенде сол өңірдің мақтанышы – Байзақ датқаның бейітін қайта оңдап-реттеп, су және электр жүйесін тартқызып, айналасын жеміс-жидек, тал-дарақпен көгеріштендірсе, аудан орталығы Сарыкемердің тозып кеткен орталығы жаңартылып, негізгі жолдар асфальтталып, ескі саябақтың ортасына Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Сухамбаевтың бюстін орнатты. Аудандық «Байзақ баба» мешітін жөндеуден өткізді, ауыл шаруашылығында шаруа қожалықтарының жұмысын жандандырып, малды асылдандыру, егінді әртараптандыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Мәдениет, спорт, денсаулық, білім салаларының алға басуына да аянбай атсалысты.

Жуалыда Батырбек датқаға көрнекті кесене, әсерлі ескерткіш орнатып, оның төңірегіне көлемді саябақ ашып, ауылды жасыл желекке бөлеп, саябаққа айналдырғанын көпшілік осы күнге дейін айтады.

Онымен ой бөлісудің, пікірлесудің өзі бір ғанибет. Бұл оның бойындағы табиғат берген адами қасиеттеріне қоса, көп ізденетінін, білімге құштарлығын, зиялы қауыммен жиі араласатынын көрсетеді. Бұл да басқаларды тәнті ететін жақсы қасиеттерінің бірі деп ұққанымыз жөн. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөз осы Батырбекке жарасады. Оны ол парасаттылығымен, ісімен, білімімен, мінезімен дәлелдеп жүр. Шәкәрім қажы «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек, осы төртеуі адам бойында болса, сол шын адам болады», – деген екен. Ойласам, осы төртеуі де Батырбек Әбдірәсілұлының бойынан табылады.

Ол қандай қызметте, қай жерде жүрмесін, кіндік қаны тамған топырақтан, атамекенінен байланысын еш үзген емес. Елін, туған жерін сүйген, онысы мәңгілік махаббат- сағынышына айналған дегдар жан десек, артық айтқанымыз емес. Жыл сайын ағайынды Құлекеевтер әулеті Талас өңіріндегі атажұрттары Бостандық және Талапты ауылдарындағы ағайындардың басын қосып, ата-бабаларына ас беріп, құран түсіріп, әртүрлі спорттық жарыстар өткізу дәстүрге айналғанын аймақ тұрғындары жақсы біледі. Жеңіс күні қарсаңында олар тағы да туған ауылында бас қосып, спорт ойындарын өткізіп қайтты. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, ағайынды Құлекеевтердің ортасында адам қызығатын, басқаларға өнеге болатын талай жарқын істер баршылық. Олар туған ауылын көркейтуге, туған жердің түтінін түзу түтетуге, басқа өңірлердегі базбір ауылдардай қожырап, үдере көшіп, тарап кетпеуіне тер төгіп, барынша еңбек етіп жүрген айтулы азаматтар. Ойлап отырсақ, шынында бұл да бір қолдауға тұрарлық, туған топырағына тағзым етудің, ағайын-туыстардың бірлігі мен ауызбіршілікті, бауырмалдықтарын жақсартатын, ағайындарды жақындататын, туған ауылымен байланысты үзбейтін, ұрпақ сабақтастығын әрі қарай жалғайтын, көпшілік қызығатын, сүйсінетін іс-шаралардың бірі деп ұққанымыз жөн. Расын айтуымыз керек, мұндай игілікті іс-әрекеттер кез келген азаматтың бойынан табыла бермейтіні өкінішті-ақ. Ал, ағайынды Құлекеевтер туған топырағынан жырақта жүрсе де өздерінің туып-өскен ауылын, өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, тұрмысын базарлы етуге өлшеусіз үлес қосып, бар күшін жұмсайтын азаматтар екеніне көзіміз жетіп жүр. Олардың қажетті жерде ауылдастарының игілігі үшін жасалатын кез келген ортақ іске демеушілік танытудан да тартынып қалған тұстары кемде- кем. Сол себептен ауылдастарының алғыстан басқа ағайынды Құлекеевтерге айтары жоқ.

«Біздің елдің жігіттері, жігіттердің төресі,

Олар жайлы ағайын-жұрт не білесің сен осы.

Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден,

Өйткені олар ақиқат пен шындық сөздің жебесі.

Біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі,

Біздің елдің жігіттері ұлы мұхит кемесі.

Осы елден бақ пен қызыр қашпаса екен деп тілеп,

Осал жерін түзеп жүрген біздің елдің шегесі…»,

– деп көрнекті ақын Есенқұл Жақыпбеков жырлаған ел-жұрттың ауыртпалығы мен назын көтеріп, қызметтің бабын келтіріп, ортамызда адамгершіліктің туын жоғары ұстап жүрген көрнекті ел азаматтарының қатарына, біздің пікірімізше, болмысы бөлек Батырбекті ойланбастан қосуға болады. Ол оған әбден лайық. Оның азаматтығын, адамгершілігін, ел-жұртқа деген пейілін, достарына деген көңілін, қызметтегі іскерлігі мен жауапкершілігін қалай мақтасақ та, мадақтасақ та жарасады. Дүрбелеңге толы мың құбылған мына тіршілікте Батекең сияқты дегдар азаматтың қадір-қасиетіне сүйсінесің.

Міне, өмірдің небір сансыз соқпақтарынан адал жолмен жүріп, тағдыр сыйлаған бақытына, армандаған биігіне жеткен, бойындағы адами қасиеттерін орынды бағалап, беделін қоғам көтерген, өзіміз өнеге тұтып, қадірлейтін һәм құрметтейтін арда азамат бүгіндері мерейлі жасқа келіп, ел ағасы атанып, өз еңбегінің жемісін көріп отыр. Саналы ұлдар мен қыздар өсіріп, өнегелі тәрбие және жоғары білім беріп, немере сүйіп, олардың берекелі, баянды өмірлерінен қуат алып отырғаны адам мерейін тасытатын, жүрек жылытар, мына өмірдің бір сәтті жағымды құбылысы, жарық дүниенің ләззаты дер едік. Біз мына қым-қуыт тірлік ортасында жүріп, заман тынысына үн қосып жүрген өрелі жан, ел азаматы Батырбек Әбдірәсілұлы Құлекеевті мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, оған мықты денсаулық, бақытты өмір, отбасына бақ-береке, қуанышы пен табысы мол ұзақ, әдемі, парасатты, сапалы ғұмыр, таза еңбек пен бейнеттің арқасында келген құрметті беделі төмендемей, ел игілігі үшін жасап жүрген істеріне сәттілік тілейміз.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support