- Advertisement -

Жәмиләның көктемі

104

- Advertisement -

Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына орай «Жәмилә» драмасының премьерасы өтті. Қойылымды көрерменге ұсынған қоюшы режиссер – Қырғыз Республикасы Мәдениетінің мықты қызметкері Нурбек Урматжан уулу.

Жазушы бұл шығармасында соғыстың ащы зардабын тартқан тылдағы ауыл халқының ауыр күйін суреттейді. Ауыл тұрғыны Садық майданға кетіп, жесірі Жәмилә 15 жасар қайнысы Сейітпен колхоз жұмысына жегіледі. Соғыста жараланып, ауылға қайтқан Данияр екеуінің таныстығы ұлы махаббатқа ұласады.

– «Жәмилә» повесінде әйелдің тағдыры кеңінен бейнеленеді. Бұл әйел демократиясы туралы алғашқы жазылған шығарманың бірі. Қырғыз, қазақ, өзбек халқының арасында бұл тақырып өзекті. Оқиға желісімен спектакль түсіру барысында облыстық қазақ драма театры әртістерінің қарым- қабілетінің жоғары екендігін байқадым. Актерлардың өз кейіпкерін дәл сомдау барысында ешқандай қиындық тумады. Бір ай, он күн ішінде осы қойылымды дайындап шығардық, – дейді режиссер Нурбек Урматжан уулу.

Күңіренген күндері де кеудедегі көктемнің солмайтынын, жүректің ішіндегі жылудың суымайтынын, қанша қайғырса да, көңілдегі көктемнің жоғалмайтынын айтқысы келген бұл шығарманың махаббат тақырыбында шоқтығы биік. Бас кейіпкер қара жамылған ауыл келіні Жәмиләнің жүрек қалауы жолында бүкіл қоғам қарсы болса да, әдет-ғұрып пен дәстүрдің тұтқыны болмай, өз өміріне өзі таңдау жасаған қайсар мінезі көрініс береді. Өз таңдауына қадам жасаған алғашқы шығыс әйелдерінің бірі Жәмиләнің бейкүнә да ащы тағдыры ешкімді бейжай қалдырмайды. Оқиға желісі екі жастың ынтық сезімдері мен махаббатына куә болған жалғыз жан Сейіттің айтуымен баяндалады.

Сюжеттегі Жәмилә бейнесі – қайсар да жігерлі қасиеттерімен, өзіне лайықты ер азамат бақыты үшін күресе білген батылдығымен, қаншалықты нәзік бола тұра,  соншалықты өжеттігімен көрерменді баурап алды. Жәмилә ролін Қырғыз Республикасының «АқИлбирс» ұлттық киносыйлығының иегері Мээрим Атантаева мен театрдың талантты жас актрисасы Зарина Асан, Даниярды ҚР Мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпеков, академик Сейіттің образын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Әбиірбек Тінәлі, жас бала Сейіттің бейнесін театрдың жас актері Әнуар Уәлиханұлы өз деңгейінде алып шықты.

– Ба ла С ейіттің басынан өткерген қиындықтарымен қатар, туған жеріне деген сағынышын шынайы жеткізуге тырыстым. Оқиға желісі менің кейіпкерімнің айтуы бойынша баяндалады. Өзім үшін өте әсерлі қойылым болғандықтан, жүрегімнен орын алды. Мен Сейіттің ролін сомдау үшін барымды салдым. Қиын күндерді басынан кешірген адамдардың тағдырын шынайы беруге тырыстым. Алдағы уақытта облыстық қазақ драма театрындағы сәтті шыққан қойылымның бірі болып бағаланады деген үміттемін, – дейді Әнуар Уәлиханұлы.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support