- Advertisement -

Өндіріс қарқыны тоқтамайды

79

- Advertisement -

Сарысу ауданындағы ең ірі өндіріс орны – «Қазфосфат» ЖШС филиалының «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені. Жалпы, «Қаратау» мен Талас ауданындағы «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінде фосфор кенін өндіру 1946 жылдың 5 желтоқсанында басталған. Тау-кен өңдеу кешені негізінен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізумен, фосфорит кенін шығару және өңдеу жұмыстарымен, сары фосфор және фосфорлы тыңайтқыштар өндірісіне қажетті фосфор ұны мен фосфат қиыршығын шығарумен айналысады. Оның негізгі өндірістік цехтары орталық байыту мен ұсақтап сұрыптау фабрикалары және «Көксу», «Кистас», «Жаңатас» фосфорит және «Дөңгелек», «Тоғызбай» мрамор кен орындары.

Сонымен қатар, қосалқы 12 көмекші цех жұмыс атқарады. «Шолақтау» тау- кен өңдеу кешені бойынша 5 кен орны бар. Олар – «Ақсай», «Түйесай», «Шолақтау» (фосфор кені, доломит өндіреді), «Молодежный» және Ақсай шахталары (әктас өндіріледі). Шолақтау тау-кен өңдеу кешенінде де бірнеше қосалқы цех жұмыс істейді.

2021 жылғы маусым айынан бастап тау-кен өңдеу кешені «Қазақмыс» ұлттық компаниясының басқаруында жұмыс істеп келеді. Жаңа басшылық кешеннің дәстүрлі еңбек жүйесін сақтай отырып, оның жан-жақты дамуына баса назар аударуда. Басқарудың жаңа жүйесін енгізу, еңбек жалақысын атқарылған жұмыспен салыстырмалы есептеу – кешен жұмысын жандандыруға өз септігін тигізері сөзсіз. Айлық жалақы есептеуде «жақсы жұмыс, жақсы жалақы» принципі негізге алынып отыр.

Кешеннің өндіріс ошақтары Жамбыл облысының Сарысу, Талас аудандары мен Түркістан облысы Созақ ауданының аймағында орналасқан. Сондықтан кешенде жұмыс істейтін жұмысшы-қызметкерлердің барлығы дерлік осы аудандардың тұрғындары. «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендерінде барлық мамандықтар бойынша 2067 адам жұмыс істейді.

Нарықтық экономиканың бағалау жүйесінің өзгерістеріне, Мемлекет басшысының жұмыс берушілерге қойып отырған талабына сәйкес жұмысшылардың, инженерлік-техникалық қызметкерлердің айлық жалақылары кезең-кезеңімен арттырылуда. Өткен жылы қаңтар айында 10 пайызға, шілде айында 10 пайызға өсіріліп, орташа айлық жалақы 260 мың теңгені құрады. Биыл барлық жұмысшы-қызметкерлердің айлық жалақыларына қаржылық заңдылықтарға сәйкес 50000 теңге көлемінде ақша қосылды. Шілде айында 30000 теңге қосу жоспарлануда.

Биылдан бастап жұмысшы-қызметкерлерге жұмысқа бару және қайту жолдарының шығыны да төленіп жатыр. Кешен жаңа техникалар мен технологияларды пайдалану арқылы қайта жаңару жолына түсті. Тек соңғы екі жылда бірнеше тау-кен ісі техникалары жаңартылды. Атап айтар болсақ, 2021 жылы 9 дана, 2022 жылы 26 дана жаңа техника алынды.

Жылдан жылға өндіретін кен мен фосфор өнімдерінің көлемі артып келеді. 2021 жылы 1702757 тонна кен және 1924600 тонна фосфор өнімдері өндірілcе, 2022 жылы 2276673 тонна кен, 2235131 тонна фосфор өнімдері өндірілді.

Кешен жұмысшы-қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларын қанағаттандыру кешен басшылығының басты міндеттерінің бірі. Жұмысшының әлеуметтік жағдайын жақсарту кешен жұмысының сапасына оң әсер етеді. Жаңа басшылық кешендегі барлық асханалардың нысандарын күрделі жөндеуден өткізді. Асханаға қажетті ыдыс-аяқтар түгел жаңартылды. Жұмысшыларға берілетін тамақтың сапасы жақсарды. Ең бастысы, былтыр тамыз айынан бастап кешен тарихында алғаш рет жұмысшы асханаларында жұмысшы-қызметкерлерге тегін тамақ беріле бастады. Жұмысшылар өздерімен бірге жұмыс орнына сөмке, дорбамен тамақ тасымайтын болды және сапалы тамақтануға мүмкіндік туды. Жұмысшыларды тасымалдау қызметі жаңа деңгейге қойылды. Жайлы автобустар қызмет ететін болды. Мұның өзі жұмысшыларды жаздың ыстығындағы, қыстың суығындағы ыңғайсыздықтардан құтқарды. Ірі цехтардың барлығында жұмысшыларға арналған асхана, душ кабиналары, арнайы киім ауыстыратын бөлмелері мен медициналық тіректері бар.

Сонымен қатар, Кистас учаскесіне әкімшілік ғимарат ретінде мобильді нысан қойылды. Биыл Көксу кенішінің әкімшілік-тұрмыстық ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Жұмысшы-қызметкерлердің жыл сайынғы еңбек демалысы кезінде денсаулықтарын нығайтуға мүмкіндік бар.

Өткен жылы «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінде 5 ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бір ауысымда 60 адамға қызмет көрсететін емдеу-сауықтыру кешенінде енді 100 адамға қызмет көрсетуге жағдай жасалды. Асханасы жөнделіп, тамақ сапасы артты.

Биылдан бастап еңбеккерлерге «Мерке мейірім» және «Самал» емдеу-сауықтыру кешендеріне барып сауығып қайтуға мүмкіндік туды. «Жұлдыз» балаларды сауықтыру лагері кешен жұмысшы-қызметкерлерінің балаларына қызмет көрсетеді. 2022 жылы үш ауысымда 935 бала жазғы демалысқа лагерьге барды.

Өндіріс қарқыны тоқтамайды және жұмысшыларға әлеуметтік көмек пен жұмыс жағдайларын одан әрі жақсарту жұмыстары жалғаса бермек.

 

Диханбай АҚДІЛДА,

«Қазфосфот» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің қызметкері.

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support