- Advertisement -

Cу нысандарының жыры бітер емес

136

- Advertisement -

Мемлекет басшысы дәстүрлі Жолдауларында, басқа да республикалық деңгейдегі түрлі жиындарда, кеңестерде су мәселесіне үнемі назар аударып, Үкіметке нақты міндеттер жүктеп келеді. Биылғы наурыз айының соңында VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде: «Тағы бір мәселе – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – стратегиялық маңызды міндет. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті бізге оның алдын алу қажет» деп салада қалыптасып отырған тағы да бірқатар мәселелерді атап өтті. Жақында өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте де өзекті мәселе Президент назарынан тыс қалмады. «Қазір 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып тұр. Тіпті, оның 200- інде төтенше жағдай туындау қаупі бар. Кезінде кейбір су қоймалары бұзылып, қайғылы оқиға болғанын білесіздер. Осындай жайттың алдын алу үшін гидроқұрылымдар жан-жақты тексерілуі тиіс. Апаттық жағдайда тұрған және қараусыз қалған нысандарды бақылауға алу керек. Қауіп-қатерлер картасын жасау қажет. Төтенше жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін қатерлердің алдын алу үшін нақты шараларды қолға алған жөн. Сондай-ақ, Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйесін жасау керек», деді.

Мемлекет басшысы әркез назар аударып отырған мәселені шешу сонша қиын шаруа ма? Осы ағын суға жауапты аты дардай мекемелер қайда қарайды? Әрине, мәселенің түйіні Үкіметке, қаржыға барып тірелетіні белгілі. Су нысандарын қалпына келтіруге тиісті қаржы уақтылы бөлініп, жұмыс сапалы атқарылса, қолдағы су құмға сіңіп, ысырап болмас еді-ау деген ой келеді. Бұл аса өзекті мәселе Парламент Сенатының депутаттарын да бейжай қалдырмады.

– Үкімет пен халықаралық қаржы ұйымдарының арасында жасалған келісімдерде көзделген қаржының уақтылы бөлінбеуінен оны іске асыру мерзімдері қайта-қайта шегерілуі, оған қоса мердігерлердің жауапсыздығы алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруда күмән келтіріп отыр. Бірінші, Үкімет Оңтүстік өңірлерде, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында 2014 жылы «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру, жаңғырту және дамыту» жобасы аясында «Халықаралық қайта құру және даму банкімен» жасалған келісімге сәйкес, жоба 2021 жылы аяқталуы керек болатын. Бірақ, республикалық бюджеттен қаражаттың жүйелі түрде толық бөлінбеуінен оның мерзімі 2024 жылдың соңына дейін ұзартылды. Нәтижесінде 4 облыстағы 11 жобаның екеуі ғана аяқталып, қалған 9 жобада жұмыс әлі созылуда. Соның салдарынан жоспардағы 105 мың гектардың 10 мың гектарын ғана ағын сумен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік алды. Биылға осы жұмыстарды аяқтауға сұралған 20,3 миллиард теңге қаржының 7,2 миллиард теңгесі ғана қолдау тапты. Бұл жобаның толық іске асырылуы тағы да 2-3 жылға созылады деген сөз. Бұл шешімін күттірмейтін мәселе.

Екіншіден, қазіргі кезде облыстың 5 ауданында – Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Қордай аудандарында «Еуропа қайта құру және даму банкі» қарыз есебінен 54 мың гектар алқапты құны 30,9 миллиард теңгені құрайтын « Жамбыл облысын суландыру арналарын дренаждық жүйемен құрылыстарын реконструкциялау жобасы» жүзеге асырылуда. Бүгінге қаржының 45 пайызы игеріліп, 24 мың гектар алқап қалпына келтірілді. Қалған 30 мың гектарды қалпына келтіру жыл соңына дейін тағы да шегерілді. Қазіргі уақытта кестеден артта қалу және қажетті қаржының болмауынан тапсырыс беруші Экология және табиғи ресурстар министрлігімен мердігерлер арасындағы келісімшартты бұзу процедурасы қолға алынған. Бұл жұмыстың тоқтауына әкеліп, халықтың наразылығын тудыратыны анық. Үшіншіден, облыста суармалы жер көлемі 181,8 мың гектарды құраса, оның 89,1 мың гектары, яғни 45 мың пайызы нормативтерге сәйкес сумен қамтылған.

Ал, 15 мың гектары 30-40 пайызға дейін қамтылса, 77 мың гектары қазір тәліми алқап ретінде пайдалануда. Осыған байланысты облыста суармалы алқаптарды қалпына келтіру «Жол картасы» 2019 жылы басталып, 257 су нысанын жөндеу арқылы 55 мың гектарды айналымға қосу жоспарланған. Бүгінгі күнге 43 жобаның құжаты сараптамасымен әзірленген, – деп бірқатар әріптестерімен Парламент Сенатының депутаты Сәкен Арубаев Үкімет басшысына сауал жолдады.

Сауалда қаржы тапшылығынан «Жол картасын» іске асыру мүмкін болмай отырғандығы, ауыл халқының басым көпшілігі орналасқан оңтүстік өңірлерде тұрғындарының негізгі табыс көзі суармалы жерлерді игерумен тығыз байланысты екені де сөз болды. Жоғарыда айтылған жобаларды іске асыру тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды екенін алға тартқан депутат 2014 жылдан бері созылып келе жатқан «Халықаралық қайта құру және даму банкімен» келісімге тұрған «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру, жаңғырту және дамыту» жобасын аяқтауға байланысты нақты шаралар қабылдап, тиісті қаржы көздерін қарастыруды атап көрсетті.

Тағы бір мәселе – «Еуропа қайта құру және даму банкі» қарызы есебінен «Жамбыл облысының суару арналарын дренаждық жүйелері мен құрылыстарын реконструкциялау» жобасы бойынша жүргізіліп жатқан су нысандарын, құрылыс-монтаждау жұмыстарын қатаң бақылауға алып, тиісті шара қолдана отырып, вегетациялық кезеңге дейін аяқтауға ықпал етуді, сонымен қатар, «Жамбыл облысындағы 2023-2025 жылдарға арналған суармалы алқаптарды қалпына келтіру жол картасы» аясында әзірленген сметалық құжаттарға сәйкес, су нысандарының құрылысына республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

Үкімет басшысына сауал жолдаған Сәкен Арубаев Мойынқұм, Жамбыл және Шу аудандарының әкімі болған. Облыстағы судың жырын жатқа білетін азамат. Сондай-ақ, сауалға қол қойған депутаттардың бірі Бекболат Орынбековке де өңірдің тыныс-тіршілігі жақсы таныс. Сарысу ауданының, Тараз қаласының әкімі болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары болған сенатор ауыл шаруашылығы саласындағы ахуалды жетік біледі. Енді депутаттар көтерген мәселе аяқсыз қалмасын дейік.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, сенатор сұрау салған «Жамбыл облысының суару арналарын, дренаждық жүйелері мен құрылыстарын реконструкциялау» жобасы бойынша 14 миллиард теңге игеріліп, 23,9 мың гектар қалпына келтірілген. Ал, қалған 30 мың гектарды жыл соңына дейін қалпына келтіру жоспарланыпты. Жоба шеңберінде жалпы ұзындығы 665,5 километрді құрайтын 264 суару каналдарында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу, 928 гидро құрылымдарды орнату және 46 ұңғыманы бұрғылау көзделген.

Қазірге дейін 40 ұңғыманы бұрғылау, 327 гидро құрылымды орнату және жалпы ұзындығы 401,3 километрді құрайтын 94 каналды жөндеу жұмысы аяқталған. Сонымен қатар, жалпы құны 9,1 миллиард теңгені құрайтын Жамбыл, Қордай және Шу аудандарында 15,2 гектар алқапта «Ирригациялық дренаждық жүйелерін жетілдіру жобасының 2 фазасы» іске асырылып жатқан көрінеді. Бүгінде 5,6 миллиард теңгесі немесе 62 пайызы игеріліпті. 15,2 мың гектар алқаптың 10 мың гектары қалпына келтірілген. Қалғанын жыл соңына дейін қалпына келтіру жоспарланған.

Жоба шеңберінде жалпы ұзындығы 212,2 километрді құрайтын 51 суару каналдарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарланған. Қазірге дейін 117,2 километр 32 каналда жұмыс аяқталып, биыл 95 километр болатын 19 каналда жөндеу жұмыстарын аяқтау көзделген.

Егіс алқаптарын қалыпқа келтіру, су нысандарын жөндеу жұмыстары туралы мәліметтен шалғайдағы әрі экологиялық жағдайы сонша мәз емес Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандарын көре алмадық. Ондағы халық та жер баптап, егін салады, бақша және көкөніс дақылдарын өсіреді. Әлде ағын су тапшы аудандарға арық-каналды бүтіндеу, су қоймаларын бекемдеу қажет емес пе? 2005 жылы наурызда Сарысу ауданындағы «Ынталы» су қоймасы бұзылып, ылдидағы Саудакент ауылын алып кете жаздағаны, әр жылдары Мойынқұм ауданындағы «Радай» өзегі мен Талас ауданындағы «Ақкөл» көлі Мойынқұм және Ақкөл ауылдарына қауіп төндіргені естен шықпаса дейміз. Сондай-ақ, егін шаруашылығы дамыған Т.Рысқұлов ауданында да су нысандарында мәселе болмағаны ма?

Мемлекет басшысының республикалық кеңесте 500-ден астам гидротехникалық нысанның әбден тозып тұрғанын, тіпті оның 200-інің төтенше жағдай туғызу қаупі бар екені, кезінде кейбір су қоймалары бұзылып, қайғылы оқиға орын алғанын атап көрсеткені аудан, ауыл әкімдерінің, тиісті басқарма, мекеме басшыларының назарынан бір сәтте шықпауы тиіс. Енді Президент әлденеше рет назар аударған, сенаторлар сұрау салған мәселеге Үкімет бейжай қарамас, тиісті қаржы қарастырып, тоғыз жыл бойы жалғасып келе жатқан су нысандарының жырына нүкте қойылар. Дегенмен, жобаларды қабылдап аларда тапсырыс беруші жақ құрылыс нысандарының сапасына баса мән беруі қажет.

 

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support