- Advertisement -

Төле басқарған қожалықта…

70

- Advertisement -

«Құлбарақ» шаруа қожалығын аудандық мәслихаттың үш дүркін депутаты болған ауыл шаруашылығының білікті маманы Кәдірбек Пәйзінұлы отыз жылдан бері басқарып келеді. Жаңатұрмыс ауылында қырыққа тарта қожалық бар десек, соның ішінде шаруасы шалқып тұрғаны осы ұжым. Қазір онда техниканың тілін жетік білетін жастар баршылық. Күні кеше ғана жас диқандарға тәлімгер болған орденді механизатор Ермек Әбдірәсіловтің де өмірден озғанына бес-алты жылдың шамасы болып қалды. Ал, өзі инженер, өзі механик, моторист болып жүрген Батырбек Теңізбаев та жасы жетпістен асқан соң зейнет демалысына кетіпті. Қожалықтағылар оның астына ат мінгізіп, зейнетке шығарып салыпты. Бірақ оның орнын ІІ-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» медалін алған өзі механизатор, өзі іс басқарушы Төле Кәдірбекұлы мен байырғы диқаншы-механизатор «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері Жанболат Әділов басты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға қолдау жасап, ауылға айрықша көңіл бөле бастады. Бәлкім, сондықтан болар жастарымыз өз ісіне: «Еңбек адамды тәрбиелейді» деген жаңа ұранмен құлшына кірісті. Біздің қожалықтағылардың дені қазір жастар. Сондықтан болар, олардың еңбекке деген ынта-жігері, құлшынысы ерекше, – дейді қожалық жетекшісі Кәдірбек Құлбарақов.

Араға бір күн салып біз көктемгі егісте жүрген диқаншылармен де жүздестік. Ауыл маңындағы ой мен қырқа-қырқаны қуалап, жер жыртып, пар айдап, тырма тартып, аңыз тегістеп, дайын алқапқа тұқым сеуіп жүрген диқаншы-механизаторлардың агрегаттарының шаңы алыстан будақ-будақ болып көрінеді. Кәдекең өзі тау қойнауында төлдеп жатқан малына кетіп бара жатып, бізге егіс-дала жұмыстарының басында жүрген Төледей ұлы барын айтқан болатын. Расында, қуатты екі «К-700» тракторымен жер айдап жүрген Мақсат Оразов пен Дәулет Құрманалиевті келесі бір кезеңнен ұшыраттық. Мақсатты бұрыннан-ақ біледі екенмін, әкесі Аман екеуі осы қожалықтың бағбаны-тұғын. Енді міне, оның да белі қатайып, білегі жуандап, трактор тізгіндегеніне он жылдың жүзі болып қалыпты. Біз қожалық басқарушысы Төле Кәдірбекұлын сұрап үлгергенімізше, терең бір сайдан алып трактор мінген оның өзі де темір «тұлпарын» гүрілдетіп шыға келді. «Мен бастықпын» демей, бір тракторды мініп алып көктемнің қарбалас науқанын босқа өткізбей, әріптес жігіттермен бірге қоян-қолтық араласып, қызу еңбектің бел ортасында жүр екен.

– Осы көктемде 500 гектарға жаздық арпа себу қамымен жүрміз. Жігіттерімізді «сегіз қырлы, бір сырлы» десе де болады. Барлық техниканы бірдей меңгере біледі, бірін-бірі жоқтатпайды, кез келген мезгілде ауыстыра береді. Бақтияр Мақановтың он бес жылдық тәжірибесі бар. Дәулетбек Дүйсенәлиев, Сұлубек Әбдірәсілов және Бақытжан Баяшевтар қазір уақытпен санаспай еңбек етуде. Осы еңбекқор азаматтардың арқасында 800 гектар алқаптағы пар егістігін, мың гектар күздік бидай мен арпаны күтіп, баптап, одан биыл да мол өнім алуға қам жасаудамыз, – дейді Төле шаруаның жайын айтып.

«Көктемнің бір күні – жылға азық» дейді диқандар. Біз қауырт та қарбалас еңбекте жүрген жас егіншілердің еселі еңбегінің куәсі болып, қоймасы – дәнге, қорасы қойға толы қожалықтың қонысына қайта оралдық. Мұнда да қолынан күрегі түспей жүрген еңбек адамдарын жолықтырдық. Мәселен, Мырзағали Маупаев қожалықта жиырма жылдан бері еңбек етеді. Өткен жылдың қорытындысымен оған қожалық басшысы ат мінгізіпті. Өз ісіне тындырымды әрі адал азаматтың еңбегі осылай бағаланыпты. Қырман маңындағы жаңадан бой көтерген шаруашылық ауласында лизингке алынған екі «Есіл» комбайны, көптеген арнайы техникалар маусымдық жұмыстың кезегін күтіп, сақадай сай тұр. Біз осы ауладан үш немересін жетектеген Кәдірбектің зайыбы Бағиланы да жолықтырдық. Ол кісі Нұрәли мен Әлиханына ғана емес, осындағы диқандардың түскі тамағының дер кезінде әзірленуін де қадағалайды екен.

Бәрін айт та, бірін айт. Төле басқарған қожалықты айт. «Жас келсе – іске» деген осы емес пе?

 

Сейсен ҚОЖЕКЕ,

журналист.

Т.Рысқұлов ауданы

Суретте: «Құлбарақ» шаруа қожалығының егіс алқабында.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support