- Advertisement -

Екі айда 40 мың төл алынды

70

- Advertisement -

Жуырда аудан әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Лаурат Аманов және аудандық ветеринария стансасының директоры Төрехан Қилыбай бірқатар округтерге арнайы барып, ондағы шаруалардың жай-күйімен танысты. Атқамінерлер әуелі Айша бибі ауылдық округіндегі «Күйік 2» шаруа қожалығын аралады. Рина Артықбаева басшылық ететін қожалықта бүгінде бас-аяғы 1 мың бас уақ мал болса, оның тең жартысынан көбі саулық. Қыстан қысылмай шыққан шопан ата түлектері толықтай төлдеп, көктемнің көгіне іліккен.

– Нәзік жанды әйелдің мұндай істі игеріп кетуі айтуға ғана оңай. Өйткені, мал шаруашылығы үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бірақ, сіздің бойыңыздан бақташыға тән барлық қасиетті аңғардық. Қазір тау бөктеріндегі көк – құнарлы. Сондықтан, саулық пен төл тез ет алатын болады. Біз өз тарапымыздан уақ малдарды сырғалау және түрлі ауруға екпе салу жұмыстарын уақтылы жүргіземіз. Бұл іске ветеринариялық стансаның мамандары да атсалысады, – деген Ербол Жұмабекұлы шаруа қожалықтың жұмысына ризашылығын білдірді.

Бүгінде «Әулиебастау» бұлағының маңында орналасқан тағы бір шаруа қожалықтағы уақ малдың 1 мыңға жуығы төлдеген. Жалпы, мұнда 1600 қой түлігі бар. Қазіргі таңда аудандық ветеринария стансасының мамандары екпе егу және сырғалау жұмыстарын жүргізуде. Мұнда да атбасын бұрған аудан әкімінің орынбасары таулы аймақтағы шопандармен тілдесті. Ербол Жұмабекұлы сапар соңында «Игілік» шаруа қожалығының ірі қара жылқылары орын тепкен тұрағын көзбен көрді. Қожалық иесі Айдар Партенов мемлекет тарапынан 1 миллион теңге көлемінде субсидия алып, мал басын көбейтуді қолға алған. Сондай-ақ, фазенда аумағында су ұңғымасын қазып, электр қуатын күннен алатын қондырғыны орнатып үлгеріпті. Айтуынша, алдағы уақытта мұндағы мал басы көбейе түспек.

Жалпы, қазіргі уақытта аудан көлемінде мүйізді ірі қара саны 52781, қой-ешкі 325971, жылқы 23279 бас болса, құстың саны 451918-ке жеткен. Өткен жылдың он айында 283270 бас қой- ешкінің күйекке түскен аналық саулықтары төлдеуде. Атап өтерлігі, 325971 бас саулықтың 180752 басы жеке кәсіпкерлер мен шаруашылықтардың үлесінде болса, 143016 басы жұрттың қолындағы мал. Ал екі айда алынған төл 39162 басты құрап отыр. Былтыр Мойынқұм, Көделі, Шәйхана (Қоңыртөбе), Қаратау-Күйік, Ақшолақ-Жасөркен, Үлкен Бурыл және ауылдағы мал жайылымдарындағы 255 базда аудан шаруашылықтарының малдары қыстатудан өткен.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Жамбыл ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support