- Advertisement -

Талдыөзектік сөз сардары

234

- Advertisement -

Қоғамда қазір ақпарат майданы қызу жүріп жатыр. Қынапқа сыймаған қылышын қаламға айырбастап, сауатын сауыт қылған баспасөз баһадүрлері шындықтың айнасына айналған дүниелерімен шежірелі тарихқа өз қолтаңбасын қалдырып, замана зілін жүрегіне артып, халықтың шынайы құрметіне бөленіп жүр. Нақтысын айтсақ, ақпараттық арпалыс алаңында қалам көтергендердің қарасы мол болғанымен, адалдық пен ар-намыстың сөзін сөйлеп, ұлт рухын ұрпақтың ұлағатты ұранына айналдырған, қаздай тізілген қалалардың қалыпты тіршілігін көшіріп жаза бермей, алыстап кеткен аққулардай ауылдардың айдынына сыймаған мәселелердің айызын қандырып жазатын өткір журналистер некен-саяқ. Солардың бірі де бірегейі Маханбетәлі Дүйсебаев биыл – 75 жасқа толып отыр.

Сүйекті дүниелері сүбелі сөзбен ғана емес, салмақты оймен өрілген майталманның журналистік ізденістері шындықтың жебесіндей нысанаға дөп тиіп, әр мәселенің ақиқатын аршып алатын қасиетке ие. Шеберліктің шыңына шыққан қырағы қырандай қалам көтеріп, қаузаған тақырыбына биіктен үңіліп, шындыққа көз жеткізгенше журналистік жорығынан айнымайтын, алтын уақытын ұлт пен ұрпақтың, тарих пен болашақтың жайына, Отанның мүддесіне арнап, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін табиғи таланты әріптестер арасында әу бастан-ақ мойындалып қойған.

Саналы ғұмырына қауырсын қаламды серік етіп және сияның сеңімен емес, адал еңбектің ақ бұлағындай маңдай терімен жазып, ауылдың түтінін түзу кестелей білген де осы Маханбетәлі Дүйсебаев десек, асып айтқандық болмас. Себебі, ол дала перілерінің ізі қалған қасиетті Мойынқұмның әрбір шаңына дейін бойына сіңіріп өсті. Табанымен тікен теріп, дала төрінде тербеліп өскендіктен де сол далаға тер төгіп, кәсіби романтикасын ауыл келбетінен, дала табиғатынан тапты. Өзінің кіндік қаны тамған Талдыөзектен бастап, ауыл тіршілігі оның айнымас музасына айналды.

Осылайша Талдыөзектен бастап, кешегі қазақ ұлысының – қарт даланың батасын алып, хандықтың қазығын қаққан қастерлі мекен Қозыбасыға дейінгі дала энциклопедиясын бұрынырақ жарық көрген «Талдыөзектен Қозыбасыға дейін…» атты кітабында журналистік жанрда жан-жақты жазып шықты.

Иә, Қозыбасы демекші, осы кітаптағы «Тәу етер тәуелсіздік биігі немесе барлық жол Қозыбасыға апарады» деген мақаласына тоқталып өткен жөн бе дейміз. Олай дейтініміз, бәрін айтып жатпасақ та, мақаладағы кейіпкерлерінің бір-біріне: «Тау аралап жүреді екенсіз, Қозыбасыны таппай қалмаңыз», – деді жолаушының бірі оған қамқор пейілмен.

– Ниетіңізге рақмет, барлық жол Қозыбасыға апарады, – деді ол деген диалог кездеседі. Пайымдай қарасаңыз осы бір сөйлем автордың бүкіл айтпақ ойын аңғартып тұрғандай. Отыз жылдан озық мерзімдегі тәтті тәуелсіздігіміздің төркіні о сы Қозыбасыдан басталатынын меңзейтіндей. Өзінің туған өңірінен тәуелсіздік бастауының орын тепкені автордың мақтаныш сезімін де байқатып қалатындай. Мұны енді орайы келгендегі көңілге оралған бір жай делік, болмаса Қозыбасы тауы исі қазаққа биік мақтаныш қой.

Осымен қатар, ардагер журналистің кезіндегі А.Солженицынның «Комсомольская правда» газетіне (18.IX.1990ж.) шыққан «Ресейдің көсегесін қайтсек көгертеміз» атты жазбасына орай жазған «Тамағымызды ішіп, табағымызды тепкені қалай?» атты мақаласы да көңіл аударарлық. Бұл материалда біраз жай көзкөргендер тарапынан баяндалады. Солардың арасында Мойынқұм ауданының Бірлік ауылындағы мектепте Солженицыннан оқыған шәкірті А.Жаңабаевтың: «…Ұстазым: «Өзің суын ішкен құдыққа түкірме» деп үйреткен еді. Енді «Комсомольская правданы» оқығалы бері ұстазым үшін ұяламын» дейтін де сөйлем бар. Мұның ұзын-ырғасын оқырман түсініп отыр деп білеміз. Тек біздің айтпағымыз – журналистің стильдік ізденісіне көңіл аудару.

Жалпы, М.Дүйсебаевтың шығармашылығында туған өңірі туралы жазған туындылары жетіп артылады. Олардағы ауыл тағдыры мен қоғамдық жан дүниенің қатпарларына жоғарыдағыдай қозғау салатын жазбаларының салмағын сезбейтіндер кем де кем. Содан да болар, бұдан біраз жыл бұрын журналистке «Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Жуырда жетпіс беске келген майталман маман «Жадымның жаңғырықтары» атты жаңа кітабын жазып бітірді. Журналистік жазбалардан тұратын жинақтың ішінде қаламдастарының оның шығармашылығына берген бағасы да лайықты қамтылған. Көзкөрген замандастары оның үлкенге құрметі мен кішіге ізеті ерекше екенін суреттеп, сүзіп отырады. Оның талайғы тарихы бар Жамбыл аудандық «Шұғыла» газеті алғашқы шығармашылық шеберханасына айналғанынан бастап, кемел ізі кейінгіге үлгі болғанына дейін айдай анық бедерленген. Қоғамға жүректің көзімен үңілген жинақта уақыт биігінен қилы тағдырлар мен жылдар жаңғырығының таным-тағылымдары жайында ой қозғап, уақыт тынысынан шынайы сыр шертілген.

Рас, журналистика өте терең әрі жан-жақты білімді, өмірлік мол тәжірибені, уақыттың құрбандығы мен жанқиярлық еңбекті, ар мен адалдықты, өзіндік мінез бен үлкен жауапкершілікті талап ететін нәзік те батыл шаруа. Бұл соқпағы мол сүрлеумен жүріп өту екінің бірінің қолынан келмесі тағы анық. Белгілі қаламгер Маханбетәлі Дүйсебаев сол серттен әлі күнге сүрінген емес. Осынау жалындаған өмір өлшемінде халықтың қалыбына құйылып, қынабынан шыққан қылыштай бұқараның мұң- мұқтажын, қоғамдағы қордаланған мәселелерді шешіп, жетістігі мен жеңісін шынайы жеткізуге елу жыл көлемінде ақпарат айдынында қалам тербеп, белсенді атсалысып келеді. Базбірде радиодан да халықтың үнін жеткізіп, кәсібиліктің тайқазанына күйе жақпай қайнаған журналист. Оның кітабындағы бір ғана «Бай жігіт неге жылады?» деген жазбасының өзі кешегі және бүгінгі уақытта түйені түгімен жұтқысы келетіндердің түкке тұрғысыз тағдырын, өзін-өзі жоғалтып алуға дейін жеткізетін дүниеқоңыздықтың зардабын салмақты мысалдармен керемет суреттейді.

Сондай-ақ, ол «Әсіре мақтау – мақтамен бауыздау» атты этюдінде де: «Ой, айналайын, сен тоқта, тоқта сонда пәленшенің немересі болдың ғой. Ойпырым-ай, жеті атасынан бері билік басынан кетпеген тектінің тұяғы болдың, шырағым. Білем, білем, бәрін білем. Айта берсем, пәленнен түген, түгеннен бүген… Бәсе, тақыр жерге қайдан шөп шықсын деп едім-ау», – дегендей немесе қазір бір ауылда әлдеқандай шаруа ығына жығылса, соның ашылу салтанатындағы сөйлеушілер ең алдымен: «Құрметті әкім мырза, бұл сіздің арқаңызда бітті деп соғып тұрады» деген сөйлемдер кездеседі. Ал бұларды, бір сөзбен айтқанда, адамзаттың уақыт пен уысындағы бақыттың, уға айналған байлықпен жағымпаздықтың алдындағы жанайқайы деуге болады. Ол әрбір жазбасында осылай ешқашан ескірмейтін, моральдық маңызын жоймайтын тақырыптарды қаузайды.

Ғасырлық тарихы бар облыстық «Aq jol» газетіндегі еңбегіне көпшілік куә, көтерген мәселелері мен жазған дүниелері дәлел. Саладағы 35 жылының 15 жылын ата басылымға арнаған ол ақиқаттың ақ жолын кәсіби парыз ғана емес, азаматтық борыш тұтты. Қарапайым қараша халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғап, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтере білді.

«Айырбастап жібермейтін басқаға, Ауыл деген ауыспайтын Астана» деп нар қазақтың Нарша Қашаған ақыны айтқандай, «Тұрағым да, тұғырым да – Туған жер» деп туған Талдыөзегінен, қасиетті Мойынқұмынан бір сәтке алыстамайды. Оның әрбір жазбасында туған жері халқының бекзада болмысы, тектілік феномені, перзенттік патриотизм мен парасатты бейнесі, ұлтшылдық, рух, ел тағдыры тұрады. Қаламының оты талай жүрекке жылу, талай жігерге жанартау және талай санаға сәуле сыйлағаны қалың оқырманның да, тонның ішкі бауындай аяулы ауызбіршілікте еңбек еткен әріптестердің де жадында жаңғырып тұрғаны жасырын емес. Қазақ журналистикасына қорғасындай құйылған қолтаңбасы, көпшілік жұрт көре бермейтін мәселелер мен жайттарды жазғаны қалың оқырманның да, өскелең ұрпақтың да рухани жан азығы, сырласы, нәр қазынасы болып қала бермек.

Ел Маханбетәлі Дүйсебаевты өз ісінің жанкешті жауынгері, халықтың жоғын жоқтап, барын бағына айналдыратын өр мінезді, батыл журналист, қиял құсының қанатын айға қайраған, ұлттың тағдыры мен ұрпақтың тағылымын таразылап, өз үлесін іспен қосып, еңбекпен еселеген сөз сайыпқыраны, атпал азамат ретінде таниды, құрметтейді, қадірлейді. Қаламы қай тақырыпты қозғаса да қоламтасын қопарып, ақиқатын аршып алмай қоймайды. Ол осы қасиетімен қазақ журналистикасына қашанда қадірлі. Сол қадірдің белгісіндей оның өңірінде бүгінде ҚР Ақпарат және даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі жарқырайды. Қанаты талса да қонбайтын қырандарға ғана тән қажыр-қайраты бұл жетістіктерді әлі де еселей түсеріне қалың оқырман тілеулес.

Ғұмырнамасындағы ғазиз жасқа толуымен шын жүректен құттықтап, біз де қадірлі қаламгерге шалқар шабыт, толағай табыс тілейміз.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support