- Advertisement -

Саяси реформалар – дәйекті әрі кешенді саясаттың көрінісі

191

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы төрт жылда тұрақты түрде саяси үдерістің бәсекелестігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған түрлі бастамалар ұсынып келеді. Осы уақытта елімізде саяси реформалар аясында көптеген заңдар қабылданып, табысты іске асырылуда. Президент алдымен саяси реформалардың төрт топтамасын атап өтіп, сол арқылы саяси өзгерістерді біртіндеп жүзеге асыру туралы өзінің стратегиялық бағдарына берік екенін нақтылай түсті.

Президент саяси реформалардың бірінші топтамасын 2019 жылғы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында ұсынған болатын. Бұл бейбіт шерулерді ұйымдастыру тәртібін өзгертіп, ондағы рұқсат алу қағидатын хабардар ету қағидатына ауыстыру, саяси партияларды тіркеу үшін оның мүшелерінің саны жөніндегі талапты 40 мыңнан 20 мың адамға азайту, сайлау кезіндегі партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастыру, парламенттік оппозиция институтын енгізу сияқты бастамалар еді. Оның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасына қосылу рәсімін бастау туралы ұсыныс зор мәнге ие болды.

Сонымен бірге, Қылмыстық кодекстің 130-бабын қылмысқа жатқызбау және 174-бабын ізгілендіру туралы шешімді де атап өткен жөн. Жалпы алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалардың бірінші топтамасы аясындағы бастамаларына халықаралық серіктестеріміз жоғары баға берді. Реформалардың бұл топтамасындағы барлық бастама толығымен орындалғанын айта кеткеніміз дұрыс.

Саяси бастамалардың екінші топтамасы 2020 жылғы 1 қыркүйекте Президент Жолдауы аясында жарияланып, соған сәйкес 2021 жылдан бастап ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өткізіле бастады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы мен «Қоғамдық бақылау туралы» заң әзірленіп, сондай-ақ, онлайн-петицияның бірыңғай институты құрылды. Адам құқығын қорғау мәселесі жеке бағыт ретінде қолға алынды. Президент балаларды кибербуллингтен қорғау үшін шаралар қабылдау және Бала құқығы жөніндегі конвенцияның факультативтік хаттамасына қосылу мәселесіне айрықша назар аударды.

2021 жылғы 15 қаңтарда VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Президент саяси реформалардың үшінші топтамасын жариялады. Соған сәйкес, саяси партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті шекті 7 пайыздан 5 пайызға төмендету, барлық деңгейдегі сайлаулардың сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген баған енгізу туралы өзгерістер мен толықтыруларға сол жылы 24 мамырда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда көрініс тапты. Оған қоса, «Жастардың даму индексін» енгізу, қоғамдық бақылау жүйесін жетілдіру, қайырымдылық қызметті ынталандыру шараларын әзірлеу, «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Заң қабылдап, оның аппаратын нығайту сияқты мәселелер қамтылды.

Президент ұсынған саяси реформалардың төртінші топтамасы – осыған дейін қолға алынып, жүзеге асырылған бастамалардың заңды жалғасы болды. Атап айтқанда, әйелдер мен жастар үшін көзделген 30

пайыздық квотаны депутат мандатын бөлу кезінде міндетті түрде ескеру туралы норма заң жүзінде бекітілді. Квота берілетін азаматтар санатының тізімі кеңейтілді және сайлау тізімінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға міндетті квота белгіленді. Ауылдық жердегі азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тетігі әзірленді. Төртінші топтамада көрініс тапқан барлық саяси бастамалар Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар аясында жүзеге асырылды.

Түптеп келгенде, саяси реформалардың аталған төрт топтамасы – Мемлекет басшысының осы бағыттағы дәйекті әрі кешенді саясатының көрінісі ретінде экономикадағы және жергілікті мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформалармен, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы цифрландыру үдерісімен тығыз байланысты болды.

Саяси реформалардың дәйекті жүргізілгенінің бір мысалы – сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін квота енгізу жөніндегі бастама болды. Осыған орай заңнамаға тиісті түзетулер енгізілді. 2020 жылы күзде саяси партиялар Парламенттің кезекті сайлауына қатысу үшін өздерінің тізімдерін әйелдер мен жастарға арналған квотаны ескере отырып жасады. Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың 2021 жылғы қаңтарда өткен сайлауында қолданыла бастаған бұл норма әйелдер мен жастарды еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге кеңірек жұмылдыруға жол ашқаны сөзсіз.

2021 жыл Қазақстан үшін тағы бір реформа жылы болды. Саяси блок пен құқық қорғау саласындағы мәселелерді шешу үшін алғашқы күннен бастап қарқынды жұмыс жүргізіле бастады. 25 шілдеде Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Мемлекет басшысының саяси реформа блогы бойынша елеулі бастамаларын толық іске асыру үшін 2 Жарлық пен 6 заң қабылданды. Жалпы, Президент ұсынған барлық саяси бастамалар бойынша ауқымды әрі жоспарлы жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары туралы Жарлығында саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау мәселесі кеңінен көрініс тауып, 12 тармақты қамтыды.

Атап айтсақ, саяси жаңғыру бағдарын жалғастыру аясында екі заң қабылданды. Оның біріншісі аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау үшін тиісті заңдарға түзетулер енгізуді көздеді. Екінші заң депутат мандатын бөлу барысында бұған дейін заңнамада белгіленген квотаны міндетті түрде ескеру туралы норманы бекітті. Сонымен бірге, онда квота берілетін азаматтардың санаты кеңейтіліп, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота бөлінді. Мұның бәрі Президенттің саяси өзгерістерді жалғастыруға, саяси жүйенің ашықтығын арттыруға және пікір алуандығын дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарына берік екенін көрсетті.

2022 жылы да еліміздің саяси салаларында нақты өзгерістерді жүзеге асыру векторы сақталды. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді саяси жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын ұсынды. Содан кейін бұрын-соңды елімізде орын алмаған кең көлемді өзгерістер болды. Мемлекет басшысының бастамасымен Ата Заңға бірқатар өзгерту енгізілді. Жай енгізіліп қана қоймай, Конституцияға енгізілетін өзгерістер халықтың талқысына ұсынылып, кейіннен референдум арқылы қабылданды.

Бұл – Қазақстанның саяси аренасындағы айтулы оқиғалардың бірі болғаны сөзсіз. Елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы өтіп, сол кезде қолданыстағы Конституция бекітілген болатын. Жаңа заңға сәйкес, өткен жылдың 20 қарашасында Президент 7 жылдық мерзімге бір рет сайланды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы саяси партияның мүшелігінен шықты. Парламент пен мәслихаттардың жасақтау тәртібі өзгеріп, олардың өкілеттігі күшейді. Конституциялық сот құрылып, жыл басынан жұмыс істей бастады.

Елімізде маңызды мемлекеттік институттарды жүйелі түрде қайта құру үдерісі аяқталып келе жатыр. Сонымен бірге биыл Сенат депутаттарының сайлауы өтіп, 19 наурызда жаңа аралас жүйе (партиялық тізім мен бір мандатты округтер) бойынша Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттары сайланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформасының негізгі бағыттарының бірі – партия құрылысын ырықтандыру десек, оны жүзеге асыру аясында саяси партияларды тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Бұл шаралар партиялардың құрылуына да, сондай-ақ олардың өз саяси мақсаттарын жүзеге асырып, сайлаушылардың мүдделерін қорғау үшін Парламентке кіру мүмкіндіктерін де айтарлықтай кеңейтті.

Сонымен қатар бұл партияның дамуын белсендіріп, жаңа партиялардың құрылуына ықпал етті. Нәтижесінде екі жаңа партия тіркелді. Осылайша, мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісі қалыптасып, билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнады. Аталған бір жыл ішінде еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы да өзгерді. Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылып, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшті. Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың шақырылуы да осы бағыттағы ілкімді істердің дәлелі деуге болады.

Жалпы, Президенттің соңғы саяси реформалар бағдарламасының бірқатар бағыттары мыналарды қамтыды. Біріншісі, жаңа саяси реформалардың тұжырымдамалық негіздерінен тұрды, суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты Президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту, «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын іс жүзінде орындау, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дамытуға бағытталған саяси реформалардың 4 пакетінің лайықты жалғасы.

Реформаны жүзеге асыру барысында Конституцияның 30-дан астам бабына, 7 Конституциялық заңға және 15-тен аса заңға өзгеріс енгізілді. Екіншісі, саяси реформалардың ерекшеліктері мен бағыттарына сәйкес, Президент өкілеттілігі шектелді, Президенттік өкілеттілікке шамадан тыс үстемдік беруден бас тартты. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік сектор басшысы болуына тыйым салынды. Келесі бағыт Парламентті күшейтуге арналды. Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып өзгерді. Конституциядан өлім жазасы жазалау түрі ретінде алып тасталды.

Жалпы, былтырғы 20 қарашада өткен Президент сайлауы, биылғы 14 қаңтардағы Сенат сайлауы және 19 наурызда өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы – елімізді саяси және әлеуметтік жаңғырту бағытында соңғы жылдары жүргізілген саяси реформалардың заңды жалғасы деуге болады. Себебі, 2019-2022 жылдары Президенттің саяси бастамаларының мазмұнды және ауқымды пакеті заңнамалық деңгейде жүзеге асырылды. Президент бір мерзімге ғана сайланды. Бұл – билік монополиясын болдырмайды. «Әділетті Қазақстан» құру жолында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік трансформацияны толыққанды әрі нәтижелі жүзеге асыру үшін Президентке жаңа сенім мандаты қажет болды.

Президент сайлауы – халық бірлігін нығайтуға, азаматтық қоғамды және билікті үйлесімді әрекет етуге ықпалдастырды. Бірқатар сарапшылардың пайымынша, жаһандық саясаттың күрделі кезеңінде Президентті демократиялық жолмен сайлау халықты мемлекетшілдік мүддеге ынтымақтастыруға және біріктіруге бағытталды. Сайлау елімізде жүзеге асырылған Конституциялық реформалардың қорытындыларын бекітті және әлеуметтік-экономикалық саладағы реформаларды жалғастырып, нәтижелерін айқындады.

Бұдан өзге, Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет сайлаудың өтетін мерзімі саяси сарапшылармен алдын ала болжанды. Президенттің кезектен тыс сайлауы туралы Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында мәлімдеді. Ал Жарлыққа бір айға жуық уақыт өткенде қол қойылды. Барлық саяси күштердің сайлауға дайындалуға, қоғамдық талқылау өткізуге және алдын ала стратегияларын айқындауға уақыт жеткілікті болды. Ал бұған дейінгі саяси дәстүр бойынша кезектен тыс сайлаудың уақытын жариялау мен Жарлыққа қол қою бір күнде болатын. Сонымен қатар, Президент Парламент сайлауының уақытын кем дегенде алты ай бұрын айтты. Барлық саяси күштердің алдағы Парламент және мәслихат сайлауларына дайындалуға жеткілікті уақыты болды.

Сонымен, елімізде жақында Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Сайлау қорытындысына сүйенсек, Парламенттегі Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы жаңарды. Сарапшылардың пікірінше, енді қайта жасақталған Мәжіліс әртүрлі саяси бағыттағы партиялардың негізгі күрес алаңына айналмақ. Себебі, сайланған депутаттар мен саяси партиялардың арасында «оңшылдар» да, «солшылдар» да бар. «Мәжіліс және мәслихат сайлауы нәтижесін Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан саяси реформалардың жемісі ретінде қарастыруға болады. Өйткені, аталған саяси реформалар сайлау жүйесі мен партиялық жүйеге оң өзгеріс әкелді.

Айталық, екі жаңа саяси партия пайда болды, мажоритарлы сайлау жүйесі қайта енгізілді, тағы сол сияқты. Осыған орай, 19 наурыздағы сайлау қорытындысы саяси реформалардың дұрыс және уақтылы екендігін көрсетіп отыр», дейді сарапшылар. Олардың айтуынша, 7 саяси партияның 6-ауы Мәжіліске өтіп, парламенттік фракция саны екі есе өскен. Бұл парламенттік плюрализмнің дамуы мен сапалы идеялардың бәсекелестігіне алып келеді. «Алдыңғы шақырылымға қарағанда бұл жолы Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы жаңарды. Яғни, құрам айтарлықтай өзгерді. Бұл өз кезегінде, саяси элита мен саяси жүйенің жаңарып, жандануына алып келеді.

Сонымен қатар, тәжірибелі депутаттардың Мәжілісте болуы кадрлар сабақтастығының сақталуын көрсетеді. Себебі, тәжірибе мен жаңашылдық – дамудың кепілі. Сонымен қатар, Мәжілістің жаңа құрамында қоғамдық пікірді қалыптастырып отырған азаматтар саны өсті. Олар – халық арасынан шыққан, қоғам мүддесін қорғаушы тұлғалар. Бұл Парламенттегі қоғамдық күштердің балансын реттейді. Өйткені, жаңа Мәжілістің құрамында көптеген қоғамдық сала өкілдері бар. Сонымен қатар, ұзақ жылдардан бері билік үшін күрескен оппозициялық партия Мәжілістен орын алды. Мәжілісте идеологиялық плюрализм пайда болады. Әртүрлі деңгейдегі әлеуметтік топ өкілдері өздерінің мүддесі үшін күресіп, идеяларын ортаға салмақ.

Жалпы, Президент бастамаларының негізгі бағыттары, сайлау нәтижесінен көріп отырғанымыздай, толық жүзеге асты десек, қателеспейміз. Себебі, жоғарыда аталған реформалардың іске асу нәтижесінде азаматтардың сұраныстарын қанағаттандыра алатын заманауи Парламент жасақталды. Жаңа Мәжіліс жаңа адамдармен бірге алдағы бес жылдағы болашағымызды анықтайтын болады», дейді сарапшылар.

Халықаралық ұйымдар болса елімізде өткен саяси науқанның ұйымдастырылуын жоғары бағалаған. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров айтқан болатын. Айтуынша, халықаралық ұйымдар сайлауалды дайындық пен дауыс беру күнінің ұйымдастырылуына жоғары баға берген. Дауыс беру күні сайлауды 81 мыңнан аса ұлттық байқаушы бақылады. Оның ішінде кандидаттардың 38 981 сенімді өкілі, саяси партиялардың 19 мың байқаушысы, 252 аккредиттелген қоғамдық бірлестіктің 23 383 байқаушысы мен халықаралық ұйымдардан 793 байқаушы қатысқан.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, Парламентте саяси партиялардың өкілдігі екі есе өсті. «Парламент депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткен жылдың маусым айында болған республикалық референдумдағы жалпыхалықтық дауыс беру нәтижелері бойынша басталған үлкен елдік сайлау циклін аяқтайды. Конституциялық реформаның қорытындылары бойынша биліктің өкілді тармағын қалыптастырудың жаңа бәсекелестік ережелері заңмен рәсімделді. Сайлауды өткізудің жаңа форматы мүдделі азаматтардың саяси қатысу мүмкіндігін едәуір кеңейтті және сайлау саласын жандандырды. Партиялық тізімдер бойынша және бір мандаттық округтерде сайлау арқылы Парламент Мәжілісін қалыптастыру сайлаушыларға саяси партиялардың платформаларына да, нақты кандидатураларға да дауыс беруге мүмкіндік берді», – деді Нұрлан Әбдіров.

Оның атап өтуінше, сайлауалды жарысқа қатысқан барлық партия жаңа креативті шешімдер тауып, үгіт кезеңінде азаматтарға өз бағдарламаларының мықты тұстарын көрсете алды. «Өткен сайлау нәтижесінде Парламентте саяси партиялардың өкілдігі алдыңғы сайлаумен салыстырғанда 3-тен 6-ға дейін екі есе өсті. 29 депутат өңірлерден сайлаушылардың мүдделерін білдіреді және олармен интерактивті мандат арқылы байланысты. Осылайша, сайлау бәсекелестік және ашықтық қағидаттарында өтті. Олардың қорытындылары бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттық корпусы айтарлықтай жаңартылды», – деді Нұрлан Әбдіров.

28 наурыз күні Орталық сайлау комиссиясы VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 98 депутатын ресми түрде тіркеп, куәлік пен төсбелгі табыстады. Жаңадан сайланған депутаттар ант берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы жылдары тұрақты түрде ұсынып келе жатқан саяси үдерістің бәсекелестігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған түрлі бастамалары елімізде, соның ішінде Жамбыл облысында да табысты жүзеге асырылуда. Бастамалардың басты мақсаты – қоғамдық-саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайту, сол арқылы мемлекеттік бағыттың сабақтастығын қамтамасыз етіп, мемлекет пен азаматтар үшін қажетті реформаларды жүргізуге мүмкіндік беру болып табылады. 2019 жылдан бері Президент ұсынып келе жатқан реформалардың қай қайсысы болмасын халық игілігіне бағытталып, түрлі жолдаулар, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыруда оң нәтижесін берері анық.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support