- Advertisement -

Сауаттылық сыртқы жарнамадан байқалады

282

- Advertisement -

Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына біраз жылдың жүзі болса да, әлі күнге қоғамдық орындарда заңдылық талаптарын сақтауда кемшіліктер жетіп артылады. Айталық, еліміздің Тіл туралы Заңының 21-бабында «Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады. Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгермеген түрінде жазылады» делінген. Алайда, көпшіліктің назарына ілінген жазбалардың бірқатарында қателік көп. Оларды нақтылап, жауапты тұлғаларға ескертіп, дұрыс жазылуына әдістемелік көмек көрсету мақсатында облыс әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасы үнемі іс-шаралар ұйымдастырып келеді.

 Сондай ауқымды әрі мәні терең іс-шараның бірі – «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық!» атты облыстық айлық. Биыл облыс көлемінде 13 ақпан мен 13 наурыз аралығында өткен айлық аясында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, біраз кемшіліктер анықталды. Жалпы, облыс аумағында 349 көше қамтылып, 6600-ге жуық көрнекі ақпараттар мен жарнаманың тіл туралы заңнамаға сәйкестігі зерделенді. Оның ішінде 598 кемшілік табылып, 50-і алынды, 368-ін түзетуге мерзім белгіленіп берілді.

Бұдан бөлек, 350-ден астам еліміздің «Тіл туралы» Заңының 21-бабының талаптарын сақтамаған және әріптері түсіп қалған, мәтіндері жаңартылмаған 116 көрнекі ақпарат анықталды. Яғни, зерделенген көрнекі ақпараттардың 9 пайызының тіл нормаларына сәйкес еместігі белгілі болды.

Акция барысында арнайы құрылған топ мүшелері сыртқы көрнекі ақпарат құралдары мен жарнамаларда орын алған кемшіліктер бойынша ысан иелеріне және әкімшілік басқарушыларына заң талаптарын түсіндірді. Орын алған қателіктерді түзетуге әдістемелік көмек те көрсетілді.

Мемлекеттік тілге тұрғылықты халықтың құрметпен қарауын және заң талаптарының сақталуын көздеген мұндай іс- шараларымыз жұртшылық көптеп баратын дүкен, сауда орындары мен дәмхана, мейрамханаларда жүргізіліп отырады. Жоғарыда аталған айлық аясында Тараз қаласындағы «Сәтті», «Бақ сарайы», «Алтын шатыр», «Заравшан», «Дуния», «Севинч», «Вкус востока», «Маликахон» мейрамханаларының көрнекі ақпараттары мен ас мәзірлері зерделенді. Зерттеуде қамтылған осы мейрамханалардың барлығында да ас мәзірлері тек орыс тілінде әзірленгеніне көз жеткіздік.

Айлық барысында «Taraz Mall» сауда орталығындағы 60-қа жуық кәсіп иелерінің 1900-ден астам деректемелер мен жарнамаларының заң талаптарына сәйкестігі қаралды. Ондағы «Perfectto», «Kimiko» балалар киімі, «San Maro» аяқ киімі, «Maracana» ерлер киімі және «Империя штор, жалюзи» дүкендерінде мүлдем мемлекеттік тілге қатысты жарнамалардың жоқтығын көрдік. Ал, еліміздің «Тіл туралы» Заңының 21-бабында «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады» деп міндеттелген.

Бірақ біз байқағандай, Қазақстан мемлекетінде жұмыс істеп отырған көптеген жеке кәсіпкерлер заң міндеттеген жауапкершіліктің үдесінен шықпай отыр. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлердің нысандарына атау беру жекеменшіктің еркінде. Нәтижесінде, орысша немесе шетелше атаулар көптеп кездесуде. Осындай олқылықтардың орнын толтырып, кемшіліктерді түзетуді көздеген облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен арнайы құрылған топ мүшелері аралаған нысандардың иелеріне хабарламалар мен жарнамаларды жазуда сақталуы тиіс ҚР «Тіл туралы» Заңының талаптарын түсіндірді.

Бұл мақсаттағы зерделеу жұмыстары мерзімі шектелген айлықпен тоқтап қалмай, жалғасын таба бермек. Алайда, мемлекеттің әрбір азаматы өз Отанына, оның заңдарына және мемлекеттік тілге деген құрметін өз іс-әрекетімен көрсетуі тиіс. Сонда ғана өрескелдікке жол берілмейді. «Ауылына қарап, азаматын таны» дейді халық даналығында. Әрбір елді мекеннің сыртқы ақпараттық жазбалары, мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттары ондағы қызметкерлердің сауаттылығынан хабар беретінін де ескерейік. Бәрі де өзімізден басталады. Әрқайсымыз өзімізге жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарасақ, ешқандай олқылықтар орын алмас еді. «Тіл мерейі – ел мерейі» екенін ұмытпайық.

 

 Гүлнұр ӘМІРБЕКОВА,

облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Әкімшілік және көрнекі ақпараттарды

бақылау бөлімінің» бас маманы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support