- Advertisement -

Қырықтың бірі – Қыдыр

295

- Advertisement -

Сынаптай сырғып қаншама жыл өтсе-дағы сол күнді ұмытқан емеспін. 1984 жылы шілде айының 17 жұлдызы, түс ауа есіктің қоңырауы сылдырлады, барып аштым.

– Ассаламуағаликум! – деп даусын соза шаңыраққа сәлем беріп кірген кісіні бірден таныдым. Бұрын жүзбе-жүз кездеспесем де, шатастыруым мүмкін емес. Оң тіземді бүгіп, басымды иіп қазақшалап сәлем жасадым.

– Өркенің өссін! Ырысты бол, қарағым! – деп ризашылығын білдіріп, артынан іркес-тіркес кірген серіктеріне қарап:

– Көрдіңдер ме, Бауыржанның келіні осылай болуы керек еді, – деді.

Сөздері нық, даусы ашық. Мен жанындағы адамдарды енді анық көрдім. Мына жақтан Бақытжан келіп қонақтармен қолдасып сәлемдесіп, қошаметпен төр бөлмеге бастады. Шамасы, ол да бірден таныған секілді.

Үйге сәлем беріп кірген кісі – Қазақстанның мақтанышы, екі мәрте Еңбек Ері атағын алған қос жұлдызды әйгілі «Шопан ата» – Жазылбек Қуанышбаев еді.Табан аудармай отыз жыл қой бағып, зейнетке шыққан соң өзінің бай тәжірбиесі мен әдіс- тәсілдерін кейінгілерге үйретіп, тарататын «Жазылбек мектебінің» іргесін қалаған. Қойдың санын өсіріп қана қоймай тұқымын асылдандыру, сапасын жетілдіру, өнімін арттыру жөнінде құнды жаңалықтарды айналымға енгізген «дала академигі».

Қонақтар жайланып, отырған соң Жаз-ата қоңыр үнімен баптап әңгіме бастады.

– Қартайған кісінің орнынан оңай көтеріліп, жүріп-тұруы қиын екен, шырақтарым. Жердің шалғайлығынан емес, тұсаулы аттай кібіртіктеген ұлғайған жас пен сыр берген денсаулық ойлағаныңды орындауға мүмкіндік бермейді.Сендермен бірге аралас, құралас, іліктес болмасақ та, қазақ қадірлейтін шаңыраққа сырттай тілеулеспіз, – деп сәл іркіліп барып қайта сөйледі.

– Т а л қ ұ л а с а – ш ө п майысады,бәйтерек құлағанда жалпақ жұрттың қабырғасы қайысты, бір-бірімізге көңіл айттық. Ол елі үшін туған ер еді, қазақтың атын шығарған қаһарман еді. Алланың берген аманат жанын алып қалатын амал жоқ. Бәріміз ажалды пендеміз, біреу ерте, біреу кеш топырақ томпайтамыз. Батыр інім Бауыржанның алды пейіш, арты кеніш, иманы салауат болсын! – деп әкемізге көңіл айтып, жүрегімізді толқытып тастады.

Ме н т е зд е т і п д а с т а р қ а н жасадым.Шай үстінде Жаз-ата Алматыға келу сапарының жайын әңгімеледі.

– Ай деген аунап тұрғанша, жыл деген аттың басын бұрғанша көз ілеспей өте шығады екен. Байқасам, астананың дәм-тұзы бұйырмағанына едәуір уақыт болыпты. Бір-біріне себепкер, бір-біріне байланысты тіршілік қой, көз жанарым нашарлап соны біраз емдетіп ауруханада жаттым. Содан бүгін ғана шығып тұрмын. Алматыға аяғым жетсе, батырдың отбасына бір кіріп шығуды ойыма алушы едім. «Арқан бойы жердің, тұсау бойы төтелігі бар» дегендей, бүгін соның орайы келіп, сәті түсті. Жүз сәлемнен бір күнгі дидар артық, сендерді көріп, төрлеріңде отырмын. Құдайға шүкір! – деп өзіне жарасымды ақ күмістей әдемі сақалын бір сипап қойып, әңгімесін жалғастырды.

– Мына қасымда отырған жігіт – туысым, аты Марат, ал мына жаман қара егізімнің сыңары Тойшыбай. Қойшыбай да осында, бір тығыз шаруаның қамымен бізге ілесе алмады. Бұлар биыл мектеп бітірді, енді үлкен оқуға кіреміз деп талаптанып жатыр, – деп сөзін бір қайырды.

Бақытжан ол кісінің әр сөзіне басын шұлғып, құшағына кіріп кетердей емініп отыр. Менің де қарай бергім келеді. Аты ел аузындағы қазақтың қазыналы қариясының мен құйған шайды ішіп отырғанына сенер-сенбес күйдемін. Көзімнің астымен ұрланып қарап қоямын. Не деген әдемі қартайған жан! Ойлары қандай орнықты, сөздері қандай жүйелі десеңші! Үсті-басында бір қыртыс жоқ, тап-тұйнақтай жинақы, тап-таза. Иманды жүзінен нұр төгіліп, айналасына мейірім шуағын шашыратып, үйіміз сәулеленіп кеткендей сезімде болдым.

Әттең-ай, әттең, қайталанбас мына сәттерді суретке түсіріп алар ма еді, бірақ оған мүмкіндік қайда. Өкініштен өзегім өртеніп- ақ тұр. Қазіргі дәуірдің жастары, мен тірелген бұл тығырықты түсінбейді. Алақандай электронды құралмен кез келген уақытта қалағанын баса береді. Ал біз «фотосалон» деген жазуы бар арнайы орынға барып суретке түсетінбіз. Жарайды, сурет болмаса да, атадан бір естелік белгі алып қалуым керек. Бірақ оның ретін қалай келтірем. Үйде «Қазақстан комсомолы» деген фотоальбомда Жаз-атаның кеудесінде қос алтын жұлдызы жарқырап, жүзі жайнап жастардың ортасында тұрған суреті есіме түсті. Шай аяқталған соң сол кітапты алып келдім де:

– Ат а , м е кт е п т е о қ и т ы н Ержан деген бір тал баламыз бар, соған ескерткіш болсын, мына суретіңіздің астына қолтаңба жазып беріңізші, – деп өтіндім. Ата суретке үңіле қарап:

– Япыр-ай, мына ақ қалпақты, сақалы желбіреген шал, шынында да, маған ұқсайды екен, – деп бәрімізді бір күлдіріп алды.

Қонақтар кетуге қамданды. Ата «Тағы баратын жерім бар, одан кейін жолға шығам, елге қайтамын», – деп, менің қазан көтеруіме үзілді-кесілді келісім бермеді. Әйтпесе, бұлар келген замат тоңазытқыштан ет шығарып, м ұ з ы е р і с і н д е п д а й ы н д ап қойғам. Амал қанша, жағдайына қарауымыз керек, бірақ үйден құр шығаруға болмайды. «Ұятты қонақ келгенде үн таусылыпты» дегендей, не берерімді білмей, лайықты жөні түзу бұйым таба алмай сасқалақтадым. Өткенде Бақытжанның досы Мәскеуден оған арнап ақшыл түсті, үш түймелі шетелдік тоқыма жейде әкеліп еді. Орау қағазы бұзылмаған күйі тұрған. Содан өзге ұсталмаған зат көзіме түспеді. Түспеді емес- ау, түсетіні жоқ болып тұр ғой. Әйтсе де, «орамал тон болмайды,

жол болады» деп көңіл сыйлап тұрғанымды Жаз-ата секілді парасатты адам түсінер. Бірақ, сый- сияпаттың небір көкесін көрген кісінің көзіне қораш, көңіліне олқы соғар ма екен деп тағы қобалжыдым. Ақыры не де болса тәуекелге басайын деп:

– Жаз-ата, шаңырағымызға бір келгенде ат мініп, қамқа тон киетін жөніңіз бар еді, бәрі тығыз-таяң асығыс болды. Ағаш та көздеген жерден сынбайды, көңілдегіні орындай алмасақ та үйден құр шықпаңыз, – деп амалсыздан тоқыма жейдені имене тұрып ұсындым.

– Әй, бәрекелді! Ниетіңе р а қ м е т, а й н а л а й ы н , – д е п ықыластана қолымнан жейдені алып, Тойшыбайға қарап:

– Көріп ал, текті отбасының б а л а л а р ы о с ы н д а й б ол а д ы , бұл – қазақ жолы, – дегенде қуанғанымды айтпаңыз. Атақ- даңқтың белортасында жүрген белгілі кісінің кішіпейіл, ұлылыққа тән қарапайым болмысына бас идім. Енді кәдімгідей батылданып келесі ойымды іске асырмақ болдым.

– Ата кебісіңізді мен кигізейін, рұқсат етіңіз, – дедім.

Қария таңырқап қалғандай жүзіме көз тоқтатып қарап сәл жымиды да, басын изеп-изеп қойды. Жұмсақ жеңіл мәсінің сыртынан га лош-кебісін өз қолыммен кигіздім.

– Өркенің өссін, қарағым! Балаңның баласы сенің де кебісіңді кигізуге нәсіп етсін. Жаратқан жар болсын! – деп бата берді.

– Әумин! Әумин! Айтқаныңыз келсін, – деп бетімді сипадым, көзімнен еріксіз жас шығып кетті.

Қонақтар разы, қош айтысып кеткен соң, маған, Бақытжан:

– Халқымыз «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп үйіне келген құдайы қонақтың өзін құрметтеген. Ал бүгін біздің үйге Жазылбек атаның бейнесінде Қыдыр баба келгендей болды. Мен соған шынайы сеніп тұрмын, – деді.

– Мен де сенемін, – дедім.

…Беу, дүние, жалған-ай! Содан бері азайғаны білінбей, аққан судай өмірімнің талай-талай жылдары өтіп кетіпті. Аллаға шүкір, тағдырыма ризамын. Исі қазаққа ортақ қара шаңырақтың әлі отын жағып, қазанын қайнатып отырмын. Немеренің алды ат жалын тартып мінер жігіт болды. Өткеннің бәрін қозғап, сөзді созып қайтейін, тек айтайын дегенім – бұл күнде немерем Сұлтан кейде мен сыртқа шығып бара жатсам «Әже, тоқтай тұрыңыз, туфлиіңіздің шаңын сүртейін», – дегенде, жаның жәннатта болғыр Жазылбек атаның баяғы маған берген батасы есіме түседі де, тұрады.

 

Зейнеп Ахметованың «Теңбіл Тіршілік» атты кітабынан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support