- Advertisement -

«Ұрлық түбі – қорлық» болар күн қайда?

45

- Advertisement -

Бірнеше жыл бұрын елімізде ұрлық ісі ауыр қылмыстардың санатына ауыстырылғаны белгілі. Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында қолдау тапқан заң жобасында «Бұдан былай ұрлық жасағандар келтірген шығынды өтесе де, қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды» деп тайға таңба басқандай жазылған. Демек, тараптардың өзара татуласуына жол жоқ. Заңға сәйкес, ұрлық жасағандарды 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау көзделген. Десе де, бұл заңды белшесінен басатындардың қатары кемімей тұрған секілді.

Жалпы, биыл наурыз айында қалыптасқан жедел жағдайға сәйкес, облыс көлемінде ірілі-ұсақты ұрлық- қарлықтың дерегі өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға азайған. Нақтырақ айтқанда, биылдыққа 302 дерек тіркелген. Ал оның ашылу деңгейі 68,1 пайызды құрап отыр. Десе де, мұның өзі көңіл көншітерлік жағдай емес. Себебі, ұрлықтың үлкен-кішісі болмайды.

Облыстық полиция департаментіне қарасты криминалды полиция басқармасының бөлім бастығы Қанат Қожамқұловтың айтуынша, биыл облыс аумағында ұрлық жасаған 158 азамат ұсталып, 11 қылмыстық топ құрықталған. Бұдан бөлек, 10 іс қайта зерделеніп, қосымша жедел іздестіру іс- шараларын жүргізуге нұсқау берілген.

– Қазіргі таңда елімізде Ішкі істер министрлігі бекіткен мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарлама іске асырылуда. Осылайша, мал, пәтер, ұялы телефон және қалта ұрлықтарын азайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатта ең бірінші кезекте, соңғы 5 жыл ішінде есепке алынған азаматтардың мекенжайлары тексеріліп, олардың қылмысқа қатыстылықтары зерделенуде. Бұдан бөлек, әккі ұрылар қолды қылған бағалы заттарды өткізуі мүмкін ломбардтар мен базарлар, ұялы телефон сатып алатын сауда нүктелері, металл қабылдайтын, мал бордақылау және ет өнімдерін қабылдайтын орындарға бақылау күшейтілді. Сондай-ақ, біздің тарапымыздан облыс әкімдігіне арнайы ұсыныс-хат жолданды. Онда ұрлық деректері көп тіркелетін әрі тұрғындар жиі жапа шегетін аумақтарға, қоғамдық автобустарға күдікті тұлғаны тану функциясы бар бейнебақылау камераларын және баннерлер мен билбордтар орнату ісін жеделдетіп қолға алу қарастырылған, – дейді Қанат Есентайұлы.

Жасыратыны жоқ, қарапайым халықтың өмір бойы тірнектеп жинаған дүние-мүлкі мен мал-жанына көз салатындардың басым бөлігі бұрын сотты болғандар. Мұны құқық қорғау органдары да растайды. Жыл басынан бері өңірімізде орын алған ұрлық-қарлықтың 70-80 пайызы есепте тұрғандардың қатысуымен жасалған. Құзырлы орган тарапынан пробациялық бақылау орнатылған азаматтар арасында қайта қылмыс жасаудың алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатқанымен, түзелу жолына түскендері тым аз. Нәтижесінде, есепте тұрған 33 тұлғаны қайта қамау туралы сот шешімі шыққан.

– Ағымдағы жылы 2 мыңнан астам сотталған азамат пробациялық бақылаудан өтті. Ал дәл қазір облыс аумағында 1568 адам есепте тұр. Оның ішінде, кәмелетке толмағандардың саны – 15. Биылғы жылдың 3 айында есепте тұрғандардың қатыстылығымен 14 қылмыс орын алса, олардың басым бөлігі ұрлық-қарлық фактілері. Пробация қызметкерлері осы жайттарды ескере отырып, 100-ден аса материалды сотқа жолдады. Онда арнайы есепке алынса да, қайта қылмыс жасаған азаматтарды түзеу мекемесіне қамауға алу ұсынысы енгізілді. Бүгінде 33 тұлғаға қатысты іс қанағаттандырылып, олар қамауға алынды. Пробация қызметкерлері есептегі тұлғалардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді шараларды іске асырып жатыр. Әріптестерім учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, 3 мыңнан аса тексеру жұмыстарын жүргізді. Тіпті, бұрын сотты болған 20 азаматты өңірлік Қылмыстық-атқару жүйе сі департаментіне бағынысты №25 түзеу мекемесіне арнайы алып бардық. Мұндағы мақсат – қылмыс жасағандар темір торға тоғытылатынын ұғындыру болды, – дейді облыс бойынша пробация қызметінің бастығы, әділет подполковнигі Әсел Кабулова.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support