Отбасындағы қатыгездікті азайту маңызды

Отбасындағы қатыгездікті азайту маңызды
ашық дереккөз
Отбасындағы қатыгездікті азайту маңызды
Өнегелі ұрпақ – берекелі отбасында тәрбиеленеді. Өкінішке қарай, жылдар жылжыған сайын елімізде шырқы бұзылмаған отбасылардың саны азайып барады. Мұның басты себебі – ер азаматтардың өз әйелдерін ұрып-соғуы, оларға әлімжеттік көрсетіп, намыстарын аяқ асты етуі болып отыр. Нәтижесінде көптеген ұл мен қыз толыққанды отбасының қамқорлығын сезінбеуде.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам үшін өзекті мәселеге айналған бұл жайтқа ерекше назар аударып, жауаптыларға тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды міндеттеді. Президент халыққа арнаған өткен жылғы Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүргенін айтып, аталған қылмыстың жазасы күшейтілетінін жеткізді. «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Айта кетейік, қазіргі таңда облыс аумағында дәл осы қылмыстың алдын алу мақсатында «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Шара аясында тәртіп сақшылары түрлі профилактикалық жұмыстарды атқарып, есепте тұрғандармен «Қорғау нұсқамасы», «Ерекше талаптар», «Маскүнем», «Нашақор» және «Қолайсыз отбасы» санаттары бойынша әңгімелесуге айрықша назар аударуды қолға алған. Сондай-ақ, полицейлер азаматтарға құқықбұзушылықтар үшін қандай жазалау шаралары қаралатынын түсіндіруде. Сонымен қатар, бұл күндері облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің және құқық қорғау қызметкерлерінің қатысуымен арнайы жиын өтті. Облыстық полиция департаментінде өткен басқосуда тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алу мен балалардың қауіпсіздігі мәселелері талқыға түсті. Бұдан бөлек, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды анықтау жолдары кеңінен айтылды. – Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық- зомбылық деректері қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі екені жасырын емес. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай деректердің құрбандарының тең жартысына жуығы полицияға жүгінгеннен кейін арыздарын қайтарып алады немесе мүлдем арыз жазудан бас тартады. Дегенмен, біздің елде мұндай фактілерге қарсы күрес мықтап қолға алынып, оларға жүктелетін жауапкершілік күшейтілді. Бұған қосымша, тараптардың татуласу рәсімдеріне өзгеріс енгізілді. Енді полицейлер азаматтардың өтініштерін қабылдай отырып, тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеудің сипатын анықтайды, – деді кездесуде облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрмет Мәжікенов. Жиын соңында полиция қызметкерлері тұрғындардың отбасындағы зорлық- зомбылық мәселелеріне бейжай қарамауды және осындай жағдайлардың құрбаны болған немесе ақпарат естіген сәтте дереу полицияға хабарлауы маңызды екенін атап өтті. Сөздерінше, полиция бөлімшелеріне түскен әрбір арыз бен қоңырау көптеген отбасындағы ұрыс-керіс пен агрессивті әрекеттердің алдын алуға әрі отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сыйластығын сақтауға зор әсерін тигізеді.  

 Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар