- Advertisement -

Ерекше балаларға ерек қолдау

133

- Advertisement -

Қызыл, жасыл, ақ көйлектері бақшадағы ақ раушан іспетті. Аяғындағы жер басып көрмеген жылтыр топылай әне-міне жүріп кетердей діріл қағады. Қоларбада шыр айналған бала бейнелер шарқ ұрып, тағдыр артқан тауқыметке мойымаған күйі аласармаған арман, үзілмеген үміттің жетегінде биіктей берді. Жарқ-жұрқ еткен жарық дүниені өзіне жалт қаратқан балауса мүсін, балғын бейнелер барын салып бақты.

Сахнада бір топ бала ішіндегісін тілімен жеткізе алмаса да, қимыл- қозғалысымен «Мен сені сүйем, өмір» деп, бір де бір дыбыс естіп көрмеген саңырау әлемге саусақтарымен бірде жүрегін, енді бірде тілегін ұқтырып, әуенмен бірге ырғатыла билеп жүр. Тамылжыта ән салған өнерпаз балалардың көбінің әні ана туралы. Қандай жағдай болмасын, аялап, бағып, әлпештеп өсірген шешеге деген алғысын айтып қалғысы келеді-ақ.

«Кішкентайдан мені аялап өсірген,

Осы күнге мені мәпелеп жеткізген,

Аяулы анашым» – деп музыкаға ілесуге демі жетпесе де, бөліп-жарып, ышқынған үнімен тыңдармандардың жүрегін тырмалаған балақайдың құмыға шыққан үні құлақта қалып қойды…

Бұл Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен республикалық мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығына арналған ХVІІІ республикалық «BI Жұлдызай» фестивалінің Жамбыл облысы бойынша іріктеу кезеңі еді. Ерекше балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, жүректеріне сенім ұялатып, олардың тұлғалық дамуына үлес қосып, өмірден өз орындарын табуына ықпал етуді көздеген қуанышы мол, құлашы кең өнер сайысы бұл.

Алғашқы болып сөз алған облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары, қазылар алқасының төрайымы Айдын Досыбаева қатысушыларға сәттілік тіледі. Және де ерекше фестивальға облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы Өңірлік коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары, облыстық ата-аналар қоғамдық кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, облыс әкімдігі білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие, орта білім және жалпыға міндетті білім беруді дамыту бөлімінің бас маманы Набира Сүйманова, Қазақстандық саңыраулар қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрайымы Алмаш Ибрагимова, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың бұқаралық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қарлыға Канапина қазылық етті. Өнер додасына облыстың түкпір-түкпірінен 86 талантты бала өз өнерін ортаға салды.

Сахна төріне шымыр денелі, нар тұлғалы жасөспірімдер шығып «Батырлар ұраны» деген рухты әнге ұлттық нақышта билей жөнелді.

– Балалар спортқа қатысады. Біз үйрету барысында әбден тер төгіп, осы биді үйреттік. Иә, олар бұл әлемді естімейді, саңырау. Бірақ жүректерімен бәрін сезеді, ұғады. Әрбір қимыл- қозғалысты жаттап алады. Оңай емес, бірақ олар қиындыққа мұқалмай, өз тағдырын жеңіп шыққан балалар, – деді «Мейірім» мектеп интернатының ұстазы Ләззат Аманжолқызы

Өнерлі дода барысында жүлделі I орын биігін бағындырған «Болашақ» мектеп-интернатынан Айдана Сағындық, «Үміт» мектеп-интернатынан Іңкәр Тұран, «Өркен» мектеп интернатынан Жұбаныш Есенов, Еркеназ Есентай, «Болашақ» мектеп-интернатынан Асхат Байболов, меркілік Бегасыл Нұрасыл, Байзақ ауданынан Гүлдана Аманбай және тараздық №1 психологиялық көмек беру кабинетінен Руслан Шыңғысбай өзгелерден оқ бойы озық көрінді. II орын төрінен меркілік Шерзод Ергашев «Үміт» мектеп-интернатынан Әбдіразақ Дамир, Ұлдана Тілеулес, Жамбыл ауданынан Көрпеш Мәулен, шулық Тұрсынхан Нұрасыл, тараздық №2 психологиялық көмек беру кабинетінен Асқар Көшербай көрінді. Ал, жүлделі III орын шулық Жұмақас Рамазан, қордайлық Әділхан Аманғалиев, Оңалту орталығынан Әділет Суханбердиев, Т. Рысқұлов ауданынан Аружан Бақытжанқызына бұйырды.

 

 Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support