- Advertisement -

Жаназада ақша таратып, бейсенбілік беру міндетті іс пе?

238

- Advertisement -

Адам баласының өмірге келуі болған соң, дүниеден өтуі болатыны да заңдылық. Хакім Абайдың «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер. Кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер», дегені бекер емес. Қазақ әрбір іске мән берген. Қаза болған кісіні жөнелтудің шариғат талап еткен жолдары бар. Ата- бабаларымыз ежелден сол жолды ұстанған.

Бірақ, беріректе қайтқан кісіні жөнелту барысында салтымызда бұрын болмаған жағдайлар орын алуда. Біз ес білгелі жердің басында жерлесуге барған кісілерге ақша тарату деген шықты. Бақуатты кісілер көптен таратады. Жағдайы жоқ отбасы соларға жетемін деп қарызданып, қауғаланады.

Осы мәселе қаншалықты дұрыс? «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз де беріректе шыққан болар деп топшылаймыз. Себебі, қазіргі кезде қайтқан кісінің артынан жасалатын ырымдар мүлдем көбейіп кеткен уақыт.

Жыртыстың жағдайы тағы бар. Жердің басында ақша таратуды әдетке айналдырғанымызды жоғарыда айттық. Сол секілді бейсенбілік деген нәрсені міндетті жағдайға жеткіздік. Қазіргі таңда бейсенбілікті бар адам да береді, жағдайы жоқ адам да береді. Қартайып өмірден қайтқан кісілердің отбасы да береді, түрлі жағдаймен қыршын кеткен боздақтардың қан жұтып отырған қаралы үйі де береді.

Бұл қалай міндетті болып, дағдыға айналып кетті? Шариғат бұған не дейді? Жақында бір марқұм болып кеткен құрдасымыздың анасы өмірден озды. Сол марқұмның бір бейсенбілігін біз береміз деп сыныптастар ақша жинап әлек болды. Ақша жинағанда да біреудің жағдайы жақсы, енді біреулері күнін әрең көріп отыр. Пәтер жалдап тұратын, жұмыссыз жүрген қатарларымыз да бар. Соның бәріне де салмақ түсті. Осы қаншалықты дұрыс?

Осы орайда Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаевтан мән-жайды сұраған едік.

«Бұл тұрғыдан алғанда ешкімге нақты міндет, жүктеме жоқ. Қабір басында ақша тарату да міндетті емес. Қазір оны түсіндіріп айтып, тоқтатуға күш салып жатырмыз. Көп жағдайда мәйітті арулап апарып, жерлеп қайту ғана маңызды екенін ұғындырудамыз. Жер басында ақша тарату, шапан тарату мүлдем қажет емес дүние. Қабір басында дүние сөзін сөйлеуге, дүние ісін істеуге болмайды», – деді Ержан Аманбаев.

Сондай-ақ, Тараз қаласындағы «Әбдіқадыр» мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаевтан да аталған мәселе төңірегінде пікір білген едік.

«Қазір қайтқан кісінің жетілігі, қырқы, жүздігі деп жатады. Мұның бәрі шариғатта айтылмаған. Шариғатта ас беру айтылған. Онда да көл-көсір дастарқанмен емес, қарапайым беру ескертілген. Құранда Алланың ысырапты қаламайтыны, ысырап етушілерді жақсы көрмейтіні айтылады. Құранда «Жеңдер, ішіңдер. Бірақ, ысырап жасамаңдар», деп келеді. Бейсенбілік, қырқын көл-көсір дастарқанмен беру емес, жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесудің сауабы мол. Ондай жиында да өсиет, жақсы сөздер айтқан дұрыс. Қазір кей кісілер Алладан емес, адамнан ұялып ас береді. Ысырап жасайды. Біз біртіндеп осындай пайдасы жоқ әдет, дағдылардан тыйылуымыз қажет», деді бас имам.

Шын мәнінде, дін өкілдері айтқан сөздің жаны бар. Қазіргі қымбатшылық кез келген отбасыға ауыр тиіп отыр. Арзымайтын айлығы мен шайлығын әрең тауып отырған отбасылар аз емес.

Ал, жақынынан айырылған үйдің көбінесе көл-көсір дастарқан жасауға мүмкіндігі де жоқ. Қиналып, қарызданып жатады. Сондықтан, бұл мәселені мықтап ойланып бір жағына шығаратын мезгіл жетті.

Шариғатта жоқ нәрсені міндеттеп, қарапайым отбасыларды қинай беру дұрыс емес. Осыны ойлана жүрейік, әр жағдайға байыппен қарағанымыз жөн.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support