- Advertisement -

Көркейсе ауыл – көркейеді бар аймақ

119

- Advertisement -

Ауылдың бойына қан жүгірту үшін, ауыл еңбеккерлері мен тұрғындарының кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасау үшін, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану үшін, отбасылық бизнесті дамыту үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында ауданымыздың Ақермен, Ақарал және Ақтоған ауылдық округтеріне қаржы бөлініп, ауылды көтеруге күш салынуда. Сондықтан, осы үш округ тұрғындары үкімет тарапынан жасалып отырған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, шұғыл қимылдаулары қажет. Сол округтердің бірі – Ақтоған ауылы. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша округке 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті.  

Жақында осы мәселе бойынша «Тараз ӘӘК» акционерлік қоғамының бас маманы Думан Оспанов ауыл тұрғындарымен кездесіп, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алуға үміт білдірген 273 отбасы тұрғындарымен келелі кеңес өткізді.

Д.Оспанов бұл жеңілдетілген несиені алу үшін 21 құжат дайындау керектігін баса айтты. Оның ішінде өтініш беру, өзінің және жұбайының жеке куәліктерінің көшірмесі, ең бастысы, кепілге қоятын мүліктің болуы, сол сияқты несие алушының несиелік тарихының таза болуы, салық мекемелеріне берешегі жоқ деген құжаттар бар.

«Тараз ӘӘК» АҚ-ның бас маманы сонымен қатар ПК «СПК Қордай корм» «ECO CHIKEN» компаниясы ауыл тұрғындарына бройлер балапандарын өсіруге өз ұсыныстарын жолдап отырғанын айтты. 46 күн асырап, сол мерзімде оның салмағы шамамен 2,2 килограмм етке жететін бір балапанға кететін шығын 1360 теңге екен, егер бір килограмм құс еті 800 теңгеден болса, бір балапаннан түсетін таза табыс 180 теңгені құрайды. Егер кәсіпкер балапан асырайтын орынды өзі жасаса «ECO CHIKEN» ПК «СПК» компаниясы 1500 балапан жеткізіп, жеммен де қамтамасыз етіп, 46 күн ішінде төрт рет келіп, вакцинация жасап, ветеринарлық көмек көрсетіп, өнімді өткеруге де көмек береді. Жоба құны 2 045 000 теңге. Бірінші кезеңнің өзінде таза табыс 594 мың теңгені құрайды. Айтқанға оңай. Шындап еңбек етіп, көзін тапса бір жылдағы табыс төрт миллионнан асатын көрінеді.

Сол сияқты жиында «Гидропоника» өсіру кәсібінің де қыр-сыры слайд арқылы көрсетілді.

Кездесу барысында Данияр Оспановқа көптеген сұрақтар қойылды. Олар кепілге қоятын мүліктер, кепіл берушінің де несиелік тарихы, кооператив құрудың жолдары, қаражатты қанша уақытта алуға болатыны сияқты сұрақтарға облыстан арнайы келген өкіл жан-жақты жауап берді.

Ал құжаттар түп-түгел дайын болса қаражат 15-20 күн мерзім ішінде қолға тиетіні айтылып, неғұрлым құжатты тез дайындау керектігі баса сөз болды.

 

Серік НҰРМАНҰЛЫ,

журналист.

Меркі ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support