- Advertisement -

Туберкулезді жеңудің жолдары бар

297

- Advertisement -

Туберкулез – адам денсаулығына үлкен қауіп төндіретін кең таралған жұқпалы аурулардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық есебіне сүйенсек, жыл сайын 9 миллионнан астам адам туберкулезбен ауырады екен. Осы дерттен шамамен 2 миллионға жуық адам қайтыс болады.

Туберкулез бактериялары адам ағзасына енген кезде дамитын жұқпалы ауру. Негізінен, бұл ауру өкпені зақымдайды. Сирек жағдайларда ми мен оның қабықтарының, сүйектердің, буындардың, бүйректің, жыныс мүшелерінің, көздің, ішектің және басқа органдардың туберкулезі болуы мүмкін. Инфекция негізінен ауа тамшыларымен, науқас адамнан сау адамға тыныс алу жүйелері арқылы жұғады, сондықтан науқаспен тікелей байланыста болу міндетті емес, сіздің ауруды кез келген жерде жұқтыруыңыз мүмкін.

Туберкулез бактерияларынан өкпе қабынады, содан кейін тіндер бұзылады, ыдырау аймақтары, миллиондаған бактериялардан тұратын қуыстар пайда болады. Жөтелу, түшкіру, сөйлесу кезінде бактериялар қоршаған ортаға таралады. Туберкулез бактериялары ауада бірнеше сағат бойы болуы мүмкін. Сондықтан, туберкулез бактерияларын жұқтырудан ешкім қорғана алмайды, өйткені барлығымыз бір ауамен демаламыз. Егер туберкулезбен ауыратын науқастармен байланыс ұзақ және жиі болса жұқтыру қаупі артады. Егер адамның қорғаныс қабілеті жақсы болса, науқастармен байланыс ұзаққа созылмаса, адамның өкпесіне енген туберкулез бактериялары дене жасушаларымен жойылады, ауру пайда болмайды.

Туберкулезбен барлық жастағылар ауырады, бірақ әсіресе денсаулығы нашар балалар мен ересектер үшін қауіпті. Туберкулезбен көбіне 18 жас пен 45 жас аралығындағы, еңбекке қабілетті, бала туу жасындағы адамдар көп ауырады.

Ауруды уақтылы анықтау, диагноз қою және дұрыс емдеу арқылы туберкулездің дамуын аурудың басталып келе жатқан кезінде тоқтатуға болады. Науқас дер кезінде дәрігерге қаралып, арнайы емін бастамаған жағдайда, белсенді туберкулезден болатын өлім-жітім бір-екі жыл ішінде 50 пайызға дейін жетеді немесе емделмеген жағдайда туберкулездің созылмалы түріне ауысады. Бактерияларды бөліп шығарып, айналасындағыларға жұқтырып, созылмалы науқас көптеген жылдар бойы өмір сүруі мүмкін.

Бүгінгі таңда әрбір адам туберкулездің негізгі белгілерін білуі керек. Аурудың бастапқы кезінде жалпы әлсіздік, шаршау, тәбеттің жоғалуы мүмкін. Ауру күшейген кезде ұзақ уақыт дене қызуының көтерілуі, жөтел, кеуде қуысының ауыруы, тершеңдік, салмақ жоғалту, жұмысқа деген қабілеттің төмендеуі пайда болады. Жөтел – туберкулездің ең негізгі белгісі. Егер жөтел екі аптадан астам уақытқа созылса, міндетті түрде тексерілу керек. Туберкулезге тексерілу – тегін.

Туберкулезді дер кезінде анықтау мақсатында:

1) туберкулездің зертханалық диагностикасы қолданылады, яғни молекулярлық-генетикалық әдіспен зерттеу және аурудың клиникалық белгілері бар адамдар арасында қақырық жағындысының микроскопиясын жүргізу. Диагностиканың молекулярлық-генетикалық әдісі және қақырықты микроскопиялық зерттеу екі аптадан аса жалғасатын жөтел (жөтел туберкулездің өкпе түрімен ауыратын науқастағы басты белгі болып табылады) және туберкулездің бір немесе бірнеше басқа симптомдары болған кезде жүргізіледі. Қақырықтың 2 үлгісін жинау керек, олардың бірі – таңертең жиналады. Бірінші үлгіден молекулярлық-генетикалық әдіспен зерттеу жүргізіледі, оң нәтиже анықталған жағдайда екінші үлгіден жағынды микроскопиясы жасалады;

2) туберкулезбен ауырудың жоғары қаупі бар халық топтарын флюорографиямен тексеру;

3) қауіп тобындағы балаларды туберкулинодиагностикасымен тексеру (туберкулинді манту сынамасы, туберкулезді рекомбинантты аллергені бар сынама).

Егер адамға туберкулез диагнозы қойылса, бұл аурудың бақылаулы еммен толық емделетінін есте ұстаған жөн. Туберкулезді емдеудің бүкіл кезеңінің бақылаулы болуы, яғни медицина қызметкерлері науқастардың дәрі-дәрмектерді қабылдауын үнемі бақылап отыруы керек. Бақыланбаған, дұрыс емделмеген кезде туберкулез созылмалы, емделмейтін ауруға айналады.

Туберкулезді емдеу кезінде әртүрлі дәстүрлі емдерді қолдануға болады: қымыз, шұбат, бал, прополис, жаңғақтар, дәрілік шөптер. Бірақ жоғарыда айтылғандардың туберкулез бактерияларын өлтірмейтінін есте ұстаған жөн, яғни бұл негізгі емдеу түрі емес.

Егер жақын адам туберкулезбен ауырса, үй-жайда дезинфекция жүргізу қажет, байланыста болған адамдар флюорографиялық тексеруден, балалар манту сынамасымен тексерілу қажет. Туберкулездің алдын алуда дұрыс тамақтану, жұмыс және демалыс режимін сақтау, арақ ішпеу, темекі шекпеу өте маңызды.

Туберкулезбен ауырған адам айналасындағыларға жұқтыру ықтималдығын азайту үшін белгілі бір ережелерді сақтауы керек: ауызын орамалмен немесе қолмен жауып, жөтелген кезде теріс бұрылып, бөлмені жиі желдетіп, бөлек ыдыс-аяқ, сүлгі қолданып және оны басқалардың қолдануына жол бермеу. Дезинфекциялауға хлоры бар ерітінділерді қолдануға болады. Залалсыздандырудың ең жақсы және қарапайым әдісі – көрпе, жүн және мақта-мата заттарды күн сәулесіне іліп қою, өйткені тіке түскен күн сәулесі туберкулез бактерияларын 5 минут ішінде жояды (бациллалар қараңғыда және ылғалды жерде ұзақ уақыт өмір сүреді).

Санитарлық және арнайы профилактикалық шараларды сақтай және орындай отырып, сіз өзіңізді және өзіңіздің отбасыңызды адамзаттың басты жұқпалы жауы – туберкулез ауруынан қорғай аласыз.

 

Латифа МАМЫТОВА,

облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support