- Advertisement -

Өмірін өлеңге арнаған тұлға

253

- Advertisement -

Өлең әлемінде өмір сүру екінің біріне бұйырмайтын бақыт, талайлар басынан кешпеген тағдырлы жол. Осы ауыр да, жауапты жолдан өткен ақынның бірі – Жарылқасын Аманұлы.

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Бір өңір – бір кітап» облыстық акциясы аясында ақын, қоғам қайраткері Жарылқасын Аманұлының 85 жылдығына орай «Ақын да мен, сал да мен, сері де мен…» атты еске алу кешін өткізді. Жиында жазушы-драматург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан алғашқы болып сөйлеп, Жарылқасын ақынның адалдығы мен кісілігі жөнінде толғанды. «Жарылқасынның мінезі оның болмысын ашып тұратын. Бірақ, жақсы қалпынан айныған емес. Өлеңдері де биік деңгейде жазылды», деді жазушы. Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы Алматыға барған сайын Жарылқасын ағасына еркелеп баратын сәттерден жылы естеліктер айтса, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология және журналистика факультетінің аға оқытушысы, журналист Бақытжан Мақашев ақынның шығармашылығына ғылыми тұрғыдан баға беріп, өлеңінің көркемдік жағын көбірек қозғады. Кеш барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев пен Мәдениет саласының үздігі Жасан Тілеубеков ақын сөзіне жазылған әндерін шырқады. Іс-шара барысында Жарылқасын Аманұлының бірқатар туыстары, қарындасы Алтынай Дастанова және қызы Эльмира Аманова сөз алып, ақынның жақсы қасиеттеріне, бауырға және перзенттеріне деген жылы пейіліне кеңінен тоқталды.

Енді наурыз айы бойы Жарылқасын Аманұлының кітаптарын және шығармашылығын насихаттау жұмыстары жүзеге асады. Ғұмырын өлеңге арнап, еліне еркелеп өткен ақынды қазіргі таңда оқырмандары сағына еске алатыны – қалам иесінің таусылмас бақыты.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support