- Advertisement -

Атасына Дина Нұрпейісова күй үйреткен

117

- Advertisement -

Өңірімізде өнердің өркендеуіне атсалысып жүрген музыкант маманның бірі – Дастан Көреген.

Дастанның әулетіне жеті атасынан бері өнер дарыған. Атасы Қобыланды Көрегенов деген кісі айтыс ақыны болыпты. Домбыраны шебер меңгеріп, бірнеше күйді тарта береді екен. Тіпті, ол күйлерді әйгілі күйші Дина Нұрпейісовадан үйренгені – ұрпақтарына мақтаныш. Атасының қара шаңырағынан қонақ үзілмеген. Олардың ішінде Шәмші Қалдаяқов, Мэлс Өзбеков секілді белгілі композиторлар болған. Осы жағдайдың бәрі әсер етіп, Дастанды музыка әлеміне жетеледі. Сегізінші сыныптан соң ол Жамбыл мәдени ағарту училищесін бітіріп, екі жылдық әскерге де барып келді.

Мұнан кейін Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Халық аспаптары» бөлімі бойынша профессор Өтеген Ғабдоллаұлының класында бітірді. Өтеген Ғабдоллаұлы әйгілі – Құбыш Мұхит немересінің шәкірті. Сол университетте жүріп, «Қазына» ансамблінің мүшесі болды. Ал, кейінгі ұзақ жылдар бойы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясында еңбек етіп келеді. Бұл күнде «Алатау» фольклорлық ансамблін басқарып отыр. Аталған ансамбль бірнеше республикалық және халықаралық байқауларда жүлде алып келеді.

Дастанның әке сі Амангелді – мектепте мұғалім болып, шәкірттерге білім берген азамат. Домбырамен ән айтып, той басқаратын қасиеті де болған. Анасы Найра Нығметқызы да өнерден алыс емес. Бұл күнде қарттық жасқа келіп, ұрпақтарының қызығын көріп отыр.

Дастанның өмірлік серігі Жанар Уәжанқызы үнемі отағасының тілеуін тілеп жүретін қарапайым жан. Екі қызы әке жолына түсіп, өнерді таңдады. Қазіргі таңда бірі вокалдан, екіншісі би өнері бойынша – ұстаз. Кіші қыздары Ақботаның ғана мамандығы бөлек.

– Өмір жолыма және өнер жолыма ризамын. Қазіргі атқарып жүрген қызметім де өзіме ұнайды. Біздің филармонияның директоры Сейітқасым Түктібаев үнемі қолдап, көмегін аяған емес. Музыка – аяулы өнер. Білгенімізді жастарға үйрету жолында аянбай тер төге береміз, – дейді музыка маманы Дастан Көреген.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support