- Advertisement -

Боран «құшағындағы» бір күн

393

- Advertisement -

Өткен жұма күні жеке шаруаларыммен Қаратау қаласына шыққан едім. Жергілікті жұрт «Сельпо» атап кеткен жерден 11 орындық «Hyundai» автокөлігімен сағат кешкі сегіз жарымдар шамасында жолға шықтық.

Көлік жүргізушісі Славик деген кәріс жігіті. Тараздан шыққаннан ауа райы суытып, біртүрлі болып тұрды. Жолаушылардың көпшілігі көліктің иесіне: «Ерназар, Өрнек жағымен немесе Ақкөл жағымен жүріңіз» деп өтінді. Славик машина гүрілінен толық естімеді ме әлде жүріп жүрген жерім деді ме, Асадан тіке тартып, Майтөбе жағымен кетті. Ұзақ жүріп, Билікөлдің тұсынан асқанда ауа райы күрт өзгеріп, боран басталды. Сол кезде де көліктегілер «Кері қайтайық. Ақкөл жағымен барайық» деп шулады.

Көлік жүргізушісі кері бұрылмай, жүре берді. Жанар-жағармайға кететін шығынды ауырсынды ма, кім білсін?! Өзім жұмыстармен шапқылап жүріп облыстық төтенше жағдай департаментінен келген хабарламаға да назар аудармаған екенмін. Әйтпесе хабарламада: «2023 жылғы 10-11 ақпанда ауа райының нашарлауына байланысты (қатты боран, көрінудің шектелуі) облыстың республикалық және облыстық маңызы бар әртүрлі бағыттағы автожолдар учаскелерінде қозғалыс жабылды. Бұған дейін СМС ескертпелер мен әлеуметтік желілер арқылы ауа райының нашарлауы, дауыл туралы ескертпелер жеткізілген болатын» деп жазылыпты.

Сонымен алдымыздан ақ боран үдеп, жол көрінбей, көліктің жүру жағдайы қиындады. 10 ақпан күні түнгі сағат 11-лер шамасында Талас ауданы, Майтөбе ауылының бұрылысынан шамамен 200 метрдей жерде көлігіміз жолдың шетіне тайып шығып, қисайған күйі тұрып қалдық. Сыртта боран, желдің ұйытқуы жаман. Көлік тоқтап қалған сәтте Алматыдан келе жатқан жолаушы, кәсіпкер жігіт Талғат Шәріпов төтенше жағдайлар қызметіне қоңырау шалып, 10 адам боранда қалып қоюына байланысты көмек сұрады. Олар «Көмек барады, құтқарамыз» деп жауап берді. Екі сағат өтті, көмек те, хабар да жоқ. Талғат қайта қоңырау шалып еді, «Сіздер ғана емес. Жол бойы 10-11 автокөлік боранда қалған. Шетінен құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Жас сәби балаларымен дауылда қалғандар бар, аяғын сындырғандар бар. Олар Майтөбеге жеткізіліп жатыр. Сіздер сабыр сақтаңыздар» деген жауап алдық. Бір уақытта көліктің жанармайы таусылып, іші суи бастады. Бар жолаушы мүсәпір күйге түстік. Бұрқасында қалған бір көліктегі он адам сөйлесіп, бауырдай болып кеттік.

Мысалы, Талғат Шәріпов ағамыз Алматыда екі дүкені бар кәсіпкер. Бірақ дәл қазіргі тілегі жел басылып, көліктің есігі ашылуы ғана. Қанат көкеміз 63 жаста, жеңгемізбен бірге келе жатыр. Бір жас жігіт Мойынқұмдағы «Алтын алмас» компаниясында жұмыс істейді екен. 15 күнге демалысқа келе жатқан беті. Ал 18 жасар студент жігіт дауылды күні үйінен шыға салғанына өкініп отырды. Бәріміз де боранның бұлай болатынын білгенде жылы үйімізде жатар едік деп шуластық. Осы сәт барлық жолаушылар Алланың құдіретін мойындап, дәрменсіз пенде екенін түсінгені анық. Осылай бірде күліп, әзіл айтып, бірде уайымдап, Жаратқанға жалбарынып, 8 сағат уақытты қисайған көлік ішінде қақайып отырып өткіздік. Таңғы жетіде құтқарушылар келіп, бізді бір-бірлеп өз көліктеріне мінгізді. Солар жетектеп жүргеннің өзінде желдің екпіні бізді ұшырып кете жаздады. Құтқарушылардың көлігі жолды жапқан бұрқасын қардың қалыңдығынан Қаратау қаласына кіре алмады. Майтөбеге соғып, біраз жолаушыны сонда қалдырды. Майтөбеден қалаға барам деушілерді Таразға ала кетті. Осылайша, 11 күні сағат 14.30 шамасында Тараз қаласына аман-есен жеттік. Төтенше жағдай қызметіне, Берікқара ауылдық округ әкімдігіне, Майтөбе ауылындағы орта мектеп ұжымына, мешіт қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Ал төтенше жағдай департаментінен түскен хабарлама бойынша 11 ақпан күні сағат 1 мен 7 аралығында Күйік–Қарабастау–Қаратау және Қаратау–Жаңатас автожолдарының бойынан төтенше жағдайлар департаментінің күшімен қар құрсауында қалған 12 көліктен 68 адам құтқарылған. Оның ішінде 9 бала болған.

Жаратушы тосын апаттан сақтасын! Жолда абайлағандарыңыз жөн.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support